Жемісті жылды өткердік

ҚР Судьялар одағының Орталық кеңесі 2023 жылдың нәтижелері бойынша қорытынды жиналыс өткізді.

Өткен жылы ел ішінде, сонымен қатар елден тыс аймақтарда Қазақстанның сот жүйесінің имиджін арттыру бойынша ауқымды ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілді.

Жалпы Орталық кеңестің жыл ішіндегі қызметі басты мақсатқа –Қазақстан халқының ел судьяларына деген сенімін нығайту, Судьялар одағының Жарғысы мен тиісті Ережелерінің шеңберінде судьялардың құқықтары мен тәуелсіздіктерін, олардың кәсіби мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталды.

Судьялар одағының Орталық кеңесі есептік кезең ішінде 15 отырыс өткізіп, Судьялар одағы филиалдарының Судья әдебі жөніндегі Комиссиясының шешімдеріне судьялардың 15 шағымын қарастырды. Оның ішінде, 2 шағым толық, 1 шағым ішінара (әлеуметтік сөгіс түріне өзгертілді) қанағаттандырылды, 12 шағым қанағаттандырылған жоқ. 2 судьяның жүгінімі бойынша оларға қатысты материалдарды Судьялар одағының басқа филиалындағы Судья әдебі жөніндегі комиссияға беру туралы өтінішхаттары қолдау тапты.

Басқа да ішкі ұйымдастырушылық мәселелер қарастырылды, Судьялар одағының қызметін реттейтін ережелер мен регламентке сәйкес судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлеріне қажеттілігіне қарай материалдық көмек көрсету, еңбекте ерекше көзге түскен қызметкерлерді ынталандыру бойынша ағымдағы жұмыстар жүргізілді. Орталық Кеңестің 2023 жылғы 7 маусымдағы №19 Қаулысымен Судьялар одағының марапаттары мен ынталандырулары туралы Ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді – Тәуелсіздік Күніне орай марапаттау Республика күніне ауыстырылды.

2023 жылғы маусымда 2022 жылдан бастап атап өтілетін «24 маусым – Судья және сот қызметкері күні» кәсіби мерекесіне орай судьялар, сот ардагерлері және сот жүйесінің қызметкерлері Судьялар одағының құрмет белгілерімен және грамоталарымен марапатталды.

Судьялар одағының Төрағасы С.Ж. Абдолланың Шымкент, Орал және Алматы қалаларындағы Судьялар одағы филиалдарының мүшелерімен өткізген көшпелі жұмыс кездесулерінде өзекті мәселелердің ауқымды шеңбері, оның ішінде судьялардың этикалық мінез-құлықтары, олардың тәуелсіздіктерін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, ықтимал қысымдардан құқықтарын қорғау, сондай-ақ еңбек ұжымдарындағы моральдық-психологиялық ахуал мен бірлікті сақтау жөніндегі мәселелер талқыланды. Судьялар одағы Орталық кеңесінің желтоқсан айында Алматы қаласында өткізген көшпелі отырысы Судьялар одағының Алматы қалалық филиалындағы Судья әдебі жөніндегі Комиссияның жұмысына арналды.

Бұл іс-шаралар Судьялар одағы филиалдары мүшелерінің судьялар қауымдастығы өмірінен, оның орталық органынының жұмысынан хабардар болып, судьялар кезігуі мүмкін өзгерістер мен сын-тегеуріндерді талқылауға мүмкіндік берді.

Сот жүйесінің имиджін арттыру мақсатында судья және сот қызметкері күнін мерекелеу қарсаңында наурыз-сәуір айларында өңірлердегі филиалдардың қатысуымен «Донор болу – өзгеге өмір сыйлау» қайырымдылық акциялары, сондай-ақ Астана қаласындағы Президент саябағында «Судьялар аллеясына» ағаш көшеттерін отырғызу ұйымдастырылды. Акцияға Жоғарғы Соттың Төрағасы, сот жүйесінің ардагерлері мен ОК мүшелері қатысты.

Орталық кеңес мәселелерді шұғыл шешу үшін серіктестермен, халықаралық ұйымдармен, Судьялар одағы филиалдарының, Судьялар одағы филиалдарының Судья әдебі жөніндегі Комиссияларының төрағаларымен және Жұмыс тобының мүшелерімен электрондық сервистер арқылы хат алмасады. Орталық кеңес көрсетілген кезең ішінде сот қызметін әрі қарай жетілдіру және анықталған бұзушылықтар жөнінде 122 хат, оның ішінде, Жоғарғы Соттың Төрағасына (38); Сот әкімшілігінің Басшысына (8); облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағаларына (18); Судьялар одағы филиалдарының төрағаларына (34); Судьялар одағы филиалдарының СӘЖК төрағаларына (24) хат жолдады.

Судья әдебі Кодексінің жобасы

Судьялар одағының Орталық кеңесі жыл ішінде заманауи талаптарды ескере отырып, Судья әдебі Кодексінің жобасын сараптау, қайта қарау және жаңарту жөніндегі Жұмыс тобының бірнеше отырысын өткізді. Сот қызметінің әдеп стандартын жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан осы маңызды жұмысқа судьялар, халықаралық және отандық сарапшылар, адвокаттық қауымдастықтың өкілдері мен заңгерлер қатысуда.

Бұл Судья әдебі Кодексінің түрлі аспектілерін қарастыруға және зерттеуге, сондай-ақ оның ережелеріне түбегейлі талдау жасауға мүмкіндік берді. Талқылау барысында қолданыстағы нормалар мен ережелердің тиімділігі және өзектілігі туралы мәселелер зерделеніп, іс жүзінде кездесетін кемшіліктер мен мәселелер анықталды.

Судьялар одағы филиалдарынан қолданыстағы ережелерді түзету, жаңа нормалар мен қағидаларды қосу және өзгерту бойынша Судья әдебі Кодексін жақсарту жөнінде ұсыныстар мен нұсқаулар түсті және олардың негізінде жаңа түзетулерді ескере отырып, заманауи талаптар мен халықаралық стандарттарға сай келетін Судья әдебі Кодексінің жаңа нұсқасы әзірленетін болады.

Тыңғылықты жүргізілетін осы процестегі жағымды жайт – сараптама сот жүйесінің ішінде ғана емес, сонымен қатар сыртқы сарапшылар мен кеңесшілердің қатысуы арқылы жүргізіліп жатыр. Көзқарастардың алуан түрлілігі қолданыстағы әдеп нормаларын барынша әділ бағалауға ықпал етеді. Тәжірибе көрсеткендей, жан-жақты сараптама байыпты әрі ұзақ зерттеу жүргізуді талап етеді, сот қызметінде кәсібилік пен әдептің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге және сот жүргізу жүйесін жетілдіруге қызмет ететін болады.

ОК-ның жұмыс тобы ABA ROLI Америкалық заңгерлер қауымдастығымен, Сот жюриі мүшелерімен, адвокаттармен, Қазақстандағы USAID және ЕҚЫҰ мүшелерімен, Нью-Йорк Шығыс округінің банкроттық істері жөніндегі АҚШ судьясы Элизабет С. Стонг және жергілікті сарапшылармен бірлескен талқылаулар өткізді. Жалпы Судья әдебі Кодексінің нормалары сақталуына талдау және мониторингті жүзеге асыру үшін Судьялар одағы филиалдарындағы Комиссия мүшелеріне өтініштер мен шағымдарды қарауды мұқият жүзеге асыру, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтау мәселелеріне қатысты түсіндірмелер жүргізу мақсатында өңірлердегі соттарға баруды практикаға енгізу, кәсіби қызметте және тұрмыста дөрекі қылықтарға жол бермеу туралы ұсыныстар берілді. Мұндай сұхбаттасулар жас судьяларға өздерінің іс-әрекеттерін судьяның биік мәртебесімен салыстырып қарауға, сот билігінің абыройын түсіріп, оның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін барлық нәрселердің алдын алуға көмектеседі.

Оқу-әдістемелік жұмыс

Судьялар одағының Орталық Кеңесі оқыту тренингтерін, семинарлар мен конференцияларды өткізуге айрықша көңіл бөледі.

Жоғарғы Сот және Құқық қорғау органдарының Академиясымен бірге 2023 жылғы 19 мамырда «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі жасанды интеллект және ауқымды деректер (Big Data): шындық және уақыт талабы» тақырыбында конференция өткізілді.

2023 жылғы қыркүйек айында Абай облысының Семей қаласында Судьялар Одағы мен ҚР ЖС жанындағы Сот төрелігі академиясы бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасының процестік заңнамасы: түсіндіру, қолдану практикасы және жетілдіру мәселелері» тақырыбында III Халықаралық форумды өткізді. 2023 жылғы 29 қыркүйекте Жоғарғы Соттың Төрағасы, судьялар және сот жүйесінің ардагерлері, ОК Жұмыс тобының мүшелері «Дербес кассациялық сатыны құру мәселесін талқылау» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде бас қосты.

Судьялар одағының бастамасы бойынша 2023 жылғы 26 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ базасында ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын талқылау және жүзеге асыру бойынша «Қазіргі Қазақстандағы сот жүйесін дамытудың мәселелері мен болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға судьялар, ғалымдар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығы аясында өткен «Жаңа Қазақстандағы сот жүйесін жетілдіру» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның жұмысына ОК мүшесі, Жоғарғы Соттың доғарыстағы судьясы В.М. Борисов қатысты.

Халықаралық ынтымақтастық

Орталық Кеңес жұмысының негізгі бағыттарының бірі – құқықтану саласында тәжірибе және білім алмасу мақсатында түрлі елдердің судьяларының өзара іс-қимылын қолдау және ықпал ету.

Серіктестер ұсынатын бірлескен жобалар мен бағдарламалар судьяларға олардың кәсіби дағдыларын дамытып, өз жұмыстарында озық технологияларды қолдануды бір-бірінен үйренуге көмектеседі.

ҚР Судьялар одағының өкілдері 2023 жылғы 22-23 мамырда АҚШ, Вашингтон қаласындағы Халықаралық судьялар қауымдастығының ANAO (Asia, North America and Oceania) Өңірлік тобының кезекті отырысына қатысты, Қазақстан Республикасының Судьялар одағы 2011 жылдан бастап осы топтың мүшесі деп танылады.

2023 жылғы шілде айында ҚР судьяларының VIII Съезінде айқындалған міндеттерді жүзеге асыру аясында Жоғарғы Соттың судьясы, Судьялар одағының төрағасы С.Ж. Абдолланың басшылығымен қазақстандық судьялар тобы Балтық маңындағы елдерге жұмыс сапарымен барып, балтықтағы әріптестерінің жұмыс тәжірибесімен танысты.

Судьялар одағын Өзбекстан Республикасының Жоғары судьялар кеңесі 2023 жылғы 4 қазанда Орталық Азия елдерінің судьяларының қатысуымен онлайн режимде өткен «Судьяның руханияты, әдебі және жауапкершілігі» тақырыбындағы халықаралық конференцияға шақырды.

Шетелдік судьялар қауымдастықтарымен ынтымақтастық қуатты әрі біртұтас қауымдастық құруға, судьялардың құқықтарын қорғауға және олардың жұмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Тәжірибе алмасу және өзара қолдау судьялардың кәсіби деңгейлерін арттыруға бағытталып, жалпы сот жүйесінің сапалы жұмысына ықпал етеді.

Заңгерлер, адвокаттар қауымдастығымен және БАҚ-пен өзара іс-қимыл

Орталық Кеңес Судьялар одағының қызметіне қатысты мәселелер бойынша заңгерлер және адвокаттар қауымдастығымен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөледі.

Судьялар, сот жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлері туралы мақалалар жарияланатын бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатылды, бұл сот жүйесіне деген сенімді арттыруға және оның жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Судьялар одағының Төрағасы «Заңгер» журналында 8 мақала, «Юридическая газета» және «Заң газетінде» 11 мақала, «Казахстанская правда» басылымында сұхбат жариялады, ОК мүшелерінің 5 мақаласы «Заңгер» журналында жарияланды. Жыл ішінде 32 мақала және 5 бейнеролик Орталық кеңестің сайтында жарияланды.

Спорттық-бұқаралық жұмыс

Судья қызметі жоғары концентрация мен күйзеліске төзімділікті талап етеді, сондықтан физикалық форманы сақтау судьяларға жүктемелерді еңсеріп, өз жұмыстарында барынша тиімді болуларына мүмкіндік береді. Спортпен шұғылдану және белсенді өмір салтын ұстану судьялардың физикалық және эмоционалдық тұрғыдан сау болуына көмектеседі.

11-12 мамыр аралығында спорттың сегіз түрі бойынша Х Судьялар Спартакиадасының аймақтық іріктеу ойындары өтті. 2023 жылғы 13 қазанда Түркістан қаласында өткен Х Судьялар Спартакиадасының финалдық ойындарында еліміздің барлық өңірлерінен келген сот ұжымдарының 17 тобы қатысты. Спорт судьялардан денсаулық, тәртіп, әділдік және жылдам әрі тиімді шешім қабылдау секілді қасиеттерді қажет етеді. Спорттық сайыстарға қатысу судьялардың тұлға ретінде дамып, сот жұмысында қолданылуы мүмкін өз дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді, өз кезегінде бұл олардың ашық, құзыретті және кәсіби болуларына көмектеседі.

Судьялар одағы судьялардың спорттық сайыстарға қатысуын қолдап, ынталандырып отырады. Мәселен, жеотоқсанда Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының судьясы, БАӘ, Абу-Даби қаласында өткен Abu Dhabi Worls Masters Jiu-Jitsu Championship 2023 халықаралық сайысында джиу-джитсу бойынша чемпион титулын иемденген А.К. Оспанбековты және Алматы қаласы бойынша Сот әкімшілігі Департаментінің құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасы сот отырысының бас хатшы маманы, БАӘ, Дубай қаласында өткен Осеanman халықаралық сайысының жүлдегері атанып, Тайланд Корольдігі, Пхукет қаласында өтетін Oceanman Worldwide Championship әлем чемпионатына лицензияны ұтып алған А.Г. Жетпісбаеваны марапаттау рәсімі өтті.

Судьялар одағының мерейтойлық Спартакиадасының қорытындысы көрсеткендей, спорт судьялар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді. Сайыстар өзара қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуға және бір-біріне қолдау көрсетуге, сондай-ақ өздерін ұйымшыл қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінуге және кәсіби ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы

Сәкен АБДОЛЛА