Ақтөбе облыстық сотында «Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылу мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті
️Бүгін Ақтөбе облыстық сотының және ҚР Судьялар одағы Ақтөбе филиалымен бірлесе ұйымдастыруымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің өңірдегі барлық мемлекеттік органдардың өкілдерімен «Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылу мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
️Бұл шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, өңірдің құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдарының басшылары мен өкілдері, «Атамекен» КП-ның, заң консультанттар палатасының және құқықтану саласындағы ғалымдар қатысты.
️Бұл конференцияның мақсаты – қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот іс жүргізу қағидаларын сақтау, оның мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың арасында өзара әрекеттесуді нығайту, жас заңгерлердің мемлекеттік тілде білім алуына басымдық беру, мемлекеттік тілдің өз тұғырында қолданылуына ат салысу болып табылады.
️Конференцияны Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Айдар Смағұлов ашып, жиынның өзектіліне тоқталып, баяндамашыларға сот құқық қорғау салаларындағы ортақ проблемалық мәселелерді шешу жолдарын анықтау үшін баяндамашыларға сөз берді.
️Облыс әкімі Асхат Шахаров қатысушылармен амандасып, конференцияның маңыздылығын және сот және құқық қорғау жүйелерінде қазақ тілін жетілдіру қажеттігін атап өтіп, осы бағыттағы бастамаларды қолдайтынын жеткізді. ️Конференцияда Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Әлібек Ахметовтің, Ақтөбе қаласының прокуроры Берік Қыдырәлінің, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің заңтану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Айнұр Нұрутдинованің, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Жадан Бисенбиннің, Ақтөбе облысының адвокаттар алқасының өкілі Ғалымжан Акбаровтің, «Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ бөлімінің басшысы Маржан Жанасованың баяндамалары тыңдалды.
️Барлық баяндамашылар конференцияның өзектілігін атап өтіп, мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданылуын кеңейтуге бағытталған маңызды мәселелерді талқылады. Олар мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігін күшейту және қазақ тіліндегі құқықтық құжат айналымын жетілдіру қажеттігін ерекше атап өтті.
️Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдануды жақсарту үшін қатысушылар бірыңғай құқықтық терминологиялық сөздікті әзірлеу, сондай-ақ қазақ тілі бойынша мемлекеттік қызметшілер үшін біліктілікті арттырудың тұрақты курстарын ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Бұдан басқа, қазақ тілін қолдайтын электрондық құжат айналымы жүйесін енгізу және осы салада мамандар даярлау үшін білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты күшейту маңыздылығы айтылды. Спикерлер бұл ұсыныстарды іске асыру сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің рөлін нығайтуға және азаматтар үшін сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. ️Жиынды қортындылай келе, Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір мұндай шараларды алдағы уақытта жиі өткізу және одан әрі бірлескен күш-жігермен ғана құқықтық салада мемлекеттік тілді дамыту үшін тиімді жүйе құруға болатынына сенім білдірді.
🖊Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі