Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы!

Қазақстан Республикасының Судьялар одағының атынан баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыз мейрамы – адамзат өркениетінің терең тамырынан бастау алатын, тарихы мыңжылдықтар қойнауына кететін ұлы мейрам. Көне парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіретін бұл мереке – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлеп, күн мен түн теңесетін ерекше кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ежелден парсы, кавказ және түркі халықтары үшін Наурыз тек жыл басы ғана емес, бірлік пен татулықтың, ізгілік пен жаңарудың символы ретінде кеңінен тойланып келеді. Қазақ халқы да бұл мейрамды айрықша құрметпен қарсы алған. Ата-бабаларымыз Наурызды жаңа өмірдің бастауы деп қабылдап, ренішті ұмытып, өкпе-назды кешіріп, ақ дастархан жайып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қауышқан. Әсіресе, Наурыз көже дайындау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты салт-дәстүрлер арқылы халықтың рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – тек мереке емес, жан мен тәнді тазартып, жаңа бастамаларға жол ашатын қасиетті кезең. Тәуелсіздік жылдарында Наурыз мейрамы өзінің лайықты мәртебесіне ие болып, ұлттық құндылықтарымыз жаңғырып, төл мәдениетіміз қайта түлей түсті. Бүгінде бұл мейрам бүкілхалықтық бірлік пен келісімнің, тұрақтылық пен дамудың нышанына айналды. Мемлекет Басшысының жетекшілігімен жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар. Әрдайым алда тұрған қиындықтар мен ғаламдық дағдарыстарға қарамастан, Қазақстан өзінің әлеуетін арттыра отырып, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осындай игі өзгерістердің негізінде елдегі тұрақтылық, ұлт бірлігі мен қоғамдық келісім жатқаны анық. Ұлыстың Ұлы күні дәріптейтін асыл құндылықтар сот жүйесінің басты қағидаттарымен үндеседі. Әділдік, адалдық және заңдылық – біздің қызметіміздің темірқазығы. Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен тиімділігі – құқықтық мемлекеттің берік іргетасы, ал әділ сот төрелігі – қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі. Өз кезегінде еліміздің тұрақты дамуына және заң үстемдігін қамтамасыз етуге сот жүйесінің, оның ішінде судьяларымыздың атқаратын рөлі ерекше маңызды. Сондықтан әрбір судьяның кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі ел болашағы үшін айрықша маңызды. Наурыз – өткенге тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерімізді саралап, келешекке нық қадам басатын кезең. Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасар баға жетпес қазына. Біз осы асыл мұраны сақтап, оны келер буынға аманат етуге міндеттіміз. Бүгінгі таңда елімізде заң жүйесінде жүзеге асырылып жатқан жаңғырулар әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Бұл – жарқын болашаққа бастар сенімді қадамдар болып табылады. Қазақстан Республикасының Судьялар одағы ретінде біз де осы игі істердің алдыңғы қатарынан табылып, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ете береміз. Құрметті әріптестер, оқырмандар! Әділдік пен заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Әрбір қабылданған шешім мен атқарылған іс қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың негізі болуы тиіс. Тек осындай ұстаным арқылы ғана біз әділетті, өркениетті қоғам құра аламыз. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы тағы да баршаңызға құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс-несібе орнасын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Көктемнің шуақты мерекесі жүректеріңізге жылулық сыйлап, жаңа жетістіктерге жетелесін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

ҚР Судьялар одағының төрағасы Д.С. Әмір