9 маусымда ҚР Судьялар одағының төрағасы С. Абдолла Батыс Қазақстан облысының судьялар корпусымен жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шараға облыстық соттың төрағасы Р.Мырзакәрім, Судьялар одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Р. Жұмағұлов және судьялар этикасы жөніндегі комиссияның төрағасы А.Бижанов, филиал мүшелері Л.У. Устагалиева және Н.Ж. Ділдабеков қатысты.
Кездесу аясында С. Абдолла судьялардың VIII Съезінің қаулысын іске асыру жөніндегі орталық судьялық өзін-өзі басқару органының жұмысы туралы сөз қозғап, келешекте жүзеге асырылатын жоспарлармен бөлісті.
Судьялар этикасы кодексінің жобасын, филиал жұмысында туындайтын өзекті мәселелер мен проблемаларды, Судьялар одағының жұмысын жетілдіру және оның өңірлердегі филиалдарының қызметін жандандыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылау басты назарға алынды.
Облыстың судьялық қоғамдастығының судьялардың өзін-өзі басқаруын дамыту жөніндегі ұстанымдары, соттардың жұмысын жақсарту және тәуелсіздігін нығайту, судьялардың мәртебесін арттыру, олардың әлеуметтік қорғалуы жөніндегі ұсыныстар тыңдалды. Судьялар одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Р.Жұмағұлов өткен кезеңде атқарған жұмыстары мен жоспарланған іс-шаралары жөнінде есеп берді.