Сот жүйесінің тиімділігі мен әділеттілігін арттыру – кез келген құқықтық мемлекет үшін қажетті, әрі өзекті міндеттердің бірі. Бұл бағытта, Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіліп, сот төрелігін қамтамасыз ету және халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында бірқатар жаңашылдықтар енгізілуде.
Сот реформаларының басты бір бағыты ретінде көптен бері көтеріліп, бастау алған судьяларға көмекші институтын енгізу сұрағы ерекше назар аударуға тұрарлық жайт. Судьялардың жұмысы өте күрделі және жауапты. Олар күнделікті негізде ауқымды іс материалдарын зерттеп, заңнамаларды талдап, әділ шешімдер қабылдауы қажет. Сонымен қатар, судьялардың шамадан тыс жұмыс жүктемесі салдарынан кешке дейін жұмыс орнында болып, түннің бір уақытына дейін қалып қойып жүрген кездері жиі кездеседі. Бұл жұмыс сапасына әсер етері сөзсіз. Дәл осы жағдайды шешу мақсатында судьяларға көмекші тағайындау ұзақ жылдар бойы талқыланып, бірнеше рет бастама ретінде көтерілген болатын. Дегенмен, бұл өзекті мәселе талай рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдайдың ұзаққа созылуына түрлі себептер бар. Біріншіден, заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қамтуды және ұйымдастыру саласында қажетті реформаларды жүзеге асыруды талап етеді. Екіншіден, бюджеттік және кадрлық түйткілдерде өз әсерін тигізіп отыр.
Көптеген судьялар көмекшілердің болуы сот процесінің сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады деп есептесе де, жоғарыда атап өткендей, бұл түйін әлі күнге дейін толық шешімін таппай келеді.
Аталған жайт өз шешімін табатын болса, сот жүйесіндегі жұмыстың сапасы артып, халықтың сотқа деген сенімінің артуына септігі тиер еді. Бұл өз кезегінде, олардың басты міндетіне — сот төрелігін әділ әрі сапалы жүзеге асыруға — толықтай назар аударуына жол ашады.
Судьяның көмекшісі – заң саласында жоғары білімі бар, білікті маман, ол судьяның күнделікті жұмысында құжаттарды дайындау, заңнамаларды талдау және іс материалдарын зерттеу секілді жұмыстарға көмек көрсетеді. Мұндай көмек судьяның сот істерін қарауға кететін уақытын үнемдеп, сот шешімдерін қабылдау барысында тереңірек талдау жүргізуге көмектеседі.
Қазіргі таңда судьяға көмекші беру мәселесін талқылағанда, көпшілігі «судьяның көмекшісі қазірдің өзінде бар ғой» деп сот хатшыларын меңзеп жатады. Алайда, бұл екі лауазымның міндеттері мен функциялары түбегейлі ерекшеленеді. Сот хатшысы судьяның көмекшісі ретінде қарастырылмайды, өйткені оның өзіне тиесілі қызметтік міндеттері көп және күрделі.
Сот хатшысының жұмысы негізінен сот процестерін ұйымдастыруға және әкімшілік міндеттерді атқаруға бағытталған. Ол сот процесінің заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Сот хатшысының негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
Сотқа қатысушыларды шақыру: істерге қатысушы тараптарды сот отырысының уақыты мен орны туралы дер кезінде хабардар ету.
Сот процестерін ұйымдастыру: сот залын дайындау, қажетті құжаттарды қамтамасыз ету, процесті рәсімдеуге қажетті техникалық құралдарды әзірлеу.
Сот хаттамасын дайындау: әрбір сот отырысы бойынша берілген өтінішхаттарды көрсете отырып, электронды форматта хаттама жүргізу.
Ілеспе хаттар мен телефонограммалар жіберу: сот қаулылары мен шешімдерін тараптарға жеткізу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу және жіберу.
Сот шешімін немесе үкімін орындау: шешімдердің заңды күшіне енуін бақылау, оларды орындау үшін қажетті әрекеттерді ұйымдастыру.
Істерді мұрағатқа тапсыру: сот ісі аяқталғаннан кейін құжаттарды дұрыс реттеп, мұрағатқа тапсыру және т.б.
Осы міндеттердің барлығы сот хатшысының жұмыс күнін толығымен қамтып, оларды әрдайым уақытында орындауын міндеттейді. Сондықтан, жоғарыда атап өткендей, сот хатшысының өз жұмысында да жүктемесі көп болғандықтан, судьяның көмекшісі бола алмайтыны анық. Көп жағдайда, сот хатшылары өздеріне тиісті жұмыстарына ғана үлгеріп, тіпті судьяға қосымша көмек көрсетуге уақыт таппай жатады.
Міне, дәл осы себептен судьяға көмекші институтын енгізу қажеттілігі туындап отыр.
Әрбір бастаманы көтерген кезде міндетті түрде тарихқа үңілу қажет. Өйткені, тарихты тану арқылы болашаққа нық сеніммен қарауға болады. Бұл тұста судьяларға көмекшілер тағайындау мәселесіне қатысты сәл тарихқа үңілсек, оның маңызды кезеңдерін байқаймыз. Ертеректе, қазақ қоғамында би-шешендер әділ төреліктің, сөз өнерінің және даналықтың символы болған, былайша айтқанда бүгінгі судьяның қызметін атқарған. Олар халықтың қамын ойлап, дау-дамайларды әділ шешкен беделді тұлғалар еді. Алайда, бұл жауапкершілікті атқару үшін би-шешендерге көмекшілері, сенімді серіктері қажет болды. Бұл жерде көмекшілердің рөлі өте елеулі болған және олар би-шешендердің тәлімгерлік жолында ерекше орын алған.
Би-шешендердің көмекшілері — өз ұстаздарының сенімді серігі, көмекшісі әрі шәкірті болды. Олар би-шешеннің жанында жүріп, өмірлік тәжірибені, билік өнерін, шешендік шеберлікті меңгеруге ұмтылған. Көмекшілердің міндеттері келесідей болды:
Жиналыстар мен дауларға қатысу: Көмекшілер би-шешендермен бірге сот үдерістеріне, халық жиналыстарына қатысып, елдің жағдайын, мәселелерін түсінуге тырысқан. Бұл олардың білімін тереңдетуге және тәжірибе жинауға ықпал етті.
Ақпарат жинау және талдау: Би-шешендер ел ішіндегі дау-дамайларды әділ шешу үшін нақты мәліметтерге сүйенген. Көмекшілері оларға қажетті ақпаратты жинап, оны талдауға көмектескен.
Жас шәкірттерге тәлім беру: Би-шешендер өздері тәрбиелеген көмекшілерге болашақта ел басқару, дауларды шешу жолдарын үйретіп, тәлімгерлік қызмет атқарған.
Көмекшілер тек қарапайым көмекші ғана емес, болашақта би-шешен болуға ұмтылған шәкірттер еді. Би-шешендердің жанында жүріп, олар даналықты, шешендік өнерді және әділдік қағидаларын үйренген. Би-шешендер өз көмекшілеріне ерекше көңіл бөліп, оларға келесі қасиеттерді дарытуға тырысқан:
Шешендік өнер: Көмекшілерге сөзді дұрыс қолдану, пікірталастарда жеңіске жету, халық алдында сенімді сөйлеу сияқты шешендік өнердің қыр-сырын үйреткен.
Әділдік пен адалдық: Би-шешендер көмекшілерін әділдік пен адалдыққа тәрбиелеген, себебі олар болашақта елдің тағдырын шешетін тұлғаларға айналуы мүмкін еді.
Төзімділік пен сабырлылық: Ел ішіндегі күрделі мәселелерді шешу үшін төзімділік пен сабырлылық қажет болды. Көмекшілерге бұл қасиеттерді сіңіру би-шешендердің басты міндеттерінің бірі болды.
Би-шешендердің көмекшілері қазақ қоғамында тәлімгерлік институтының ажырамас бөлігі болды. Көмекшілердің тәрбиесі би-шешендер мектебінің үздіксіздігін қамтамасыз етіп, ұлттың рухани мұрасын сақтап қалуға әсері етті.
Бүгінгі күні би-шешендердің және олардың көмекшілерінің тағылымы жастар тәрбиесінде қолдануға тұрарлық бағалы мұра болып табылады, өйткені судьялардың жұмысы да сол секілді әділдік пен жауапкершілікті талап ететін күрделі міндеттерді қамтиды. Қазіргі кезде де көмекшілер алу арқылы, біз жақсы, білікті мамандарды тәрбиелеп шығуымыз керек.
Сондықтан да, судьяларға көмекші институтын енгізу – сот жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі қадам болмақ. Бұл, біріншіден, сот ісін жүргізу үдерісін оңтайландыруға, екіншіден, соттардың жұмыс жүктемесін теңгеруге және ең бастысы, сот төрелігін әділ әрі ашық жүргізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай бастама сот жүйесіндегі кадрлық резервті қалыптастыруға және жас заңгерлерді кәсіби тұрғыда даярлауға зор үлес қосады. Жас мамандар көмекші ретінде қызмет атқару арқылы сот ісін жүргізудің қыр-сырын меңгеріп, болашақта тәжірибелі судьяларға айналу мүмкіндігіне ие болады, бұл өз кезегінде елдің болашағына жарқын үлес қосуға жол ашады.
Судья көмекшісінің мәні мен қызметіне тоқталатын болсақ. Көмекші бұл судьяның кәсіби қызметінде қажетті қолдау көрсететін маман болады. Оның негізгі міндеттеріне келесілерді жатқызамыз:
Іс материалдарын дайындау: көмекші судьяның қарауына түсетін істерді талдап, керекті материалдарды жинап, процессуалдық құжаттарды алдын ала әзірлейді.
Құқықтық зерттеулер жүргізу: судьяларға шешім қабылдау кезінде тиісті заңнамалық және нормативтік актілер бойынша құқықтық талдау жасайды.
Сот құжаттарын рәсімдеуде қажетті көмекті көрсетеді. Сонымен қатар қаралып жатқан істің дұрыс шешім қабылдануына қолғабыс етеді. Бұл судьялардың тек қана негізгі кәсіби міндеттеріне көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірбиеде көптеген елдерде судья көмекшісі институты бұрыннан бері қалыптасқан.
Мысалы, АҚШ: Сот көмекшілері (law clerks) сот жүйесінде маңызды рөл атқарады. Олар көбінесе сот отырысына дайындық барысында судьяларға көмек көрсетеді, заңгерлік зерттеулер жүргізеді және шешімдер бойынша ұсыныстар жасайды. АҚШ-та сот көмекшілері, көбінесе заң университетін жаңа бітірген мамандар болып табылады және олар судьялар үшін кеңесші ретінде қызмет атқарады.
Германия: Бұл елде сот көмекшілері (Rechtsreferendare) заңгерлік білім алған, бірақ тәжірибеден өтуші тұлғалар ретінде жұмыс істейді. Олар сот процесіне тікелей қатысады, іс материалдарын зерттейді және судьяларға сот үкімін дайындауда көмектеседі.
Франция: Мұнда сот көмекшілері (assistants de justice) соттарды әкімшілік және заңнамалық қолдаумен қамтамасыз етеді. Францияда көмекшілер заң саласында білім алып жатқан немесе жаңа бітірген жас мамандар болуы мүмкін. Олар істің материалдарын талдап, қорытындылар әзірлейді.
Ұлыбритания: Сот көмекшілері (judicial assistants) судьяларға заңнамалық зерттеулер жүргізу, сот істерін талдау және сот шешімдерін даярлауға көмектеседі. Олар сот процесінің әртүрлі сатыларында судьяларға қолдау көрсетеді.
Әсіресе, Германияда және Францияда судья көмекшілері сот жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл елдерде көмекшілердің арқасында соттардың жүктемесі едәуір төмендеп, процестердің тиімділігі артты. Аталған елдердің тәжірибесі біз үшін де үлгі боларлық.
Сонымен судьяға көмекші институтын енгізсек:
Ұсыныстарымыз:
Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру Қазақстанның сот жүйесін жетілдіріп, әділеттілік принциптерін одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Судья көмекшілері сот төрелігін асыруда қолдау көрсетіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда өз үлесін қосады деп сенеміз.
ҚР Жоғарғы Сотының судьясы,
ҚР Судьялар одағының төрағасы
Досжан Сарманқұлұлы Әмір