Қарағанды облыстық сотында «Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыру» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Қазақстан Республикасы Судьялар одағы төрағасы Д. Әмір, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Е. Әріпов, облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, ҚР Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы М. Қызылов, мемлекеттік, прокуратура және құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысының адвокаттар алқасының, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының өкілдері қатысты.
Іс шараны аша отырып, Ерден Әріпов сот істерін мемлекеттік тілде жүргізу Конституция талабы екенін, мемлекеттік тілде іс-жүргізу, оны сыйлау, құрметтеу әрбір азаматтың, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің парызы екенін, сондай-ақ мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау қажеттігін баса айтты.
ҚР Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Қызылов өз баяндамасында мемлекеттік тілде қаралған істердің статистикалық көрсеткіштеріне, сот саласында қазақ тілінің дамуына кедергі келтіруші факторларға, мемлекеттік тілде қаралып жатқан сот істерінің үлесінің төмен екеніне тоқталып, әрбір мүдделі орган жеке және заңды тұлғалардың тіл таңдау құқықтарына шектеу, тілдік белгілері бойынша кемсітуге жол бермеуге нақты шаралар қабылдаулары қажеттігін алға тартты.
ҚР Жоғарғы Сотының мемлекеттік тіл бойынша үйлестіруші судьясы Досжан Әмір мемлекеттік тілдің сот істерін қараудағы қолданысы және қолданыстағы заң талаптарының орындалуы мәселелеріне тоқталды.
Қатысушылар мемлекеттік тілде қаралып жатқан сот істерінің үлесі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі тіл заңнамасының сақталуы мәселелері, тілмаштардың тапшылығы, сот ісі тілін білмейтін адвокаттардың сотталушылардың Конституциялық құқығын қаншалықты толыққанды қорғай алатындығы мәселесі көтерілді.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік тілде қаралатын істердің арасалмағын арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ететін нақты ұсынымдар қабылдады.