"Шоқан Уәлиханов - қазақтың тұңғыш құқықтанушы реформаторы"

Бүгін Бурабай аудандық сотында Судьялар Одағының бастамасымен Ақмола облыстық сотының және өңірдегі университеттердің қолдауымен Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми - тәжірибелік конференция өтті. "Шоқан Уәлиханов - қазақтың тұңғыш құқықтанушы реформаторы" тақырыбындағы жиынның мақсаты - оның қазақтың дәстүрлі сот жүйесін зерттеудегі рөлі мен құқықтанушы ретіндегі орнын айқындауға бағытталған. Конференцияға республикамыздың түрлі облыстарынан арнайы делегациялар, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары, атап айтқанда, Р. Мамырбаев, Ә.Құрықбаев, Т.Қожан, Б.Мақұлбеков, М.Шеген, Ө.Ыбырай, ҚР Сот әкімшілігінің өкілдері, облыстық сот, аудандық сот судьялары, жоғарғы оқу орындарының басшылары, мен ғалымдар қатысты. Сонымен бірге Шоқан Шыңғысұлының бауырларының ұрпақтары да жиын қонақтары ретінде шақырылған. Жиынды басқарған Судьялар Одағының төрағасы Д.Әмір ғалымның сот реформалары мен дала заңдары, құқықтық негізге мән берген еңбектеріне баға беріп, бастаманың мақсатын түсіндірді. ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы А.А. Мерғалиевтің құттықтауын жеткізіп, Жоғарғы Сот басшылығының қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтаудың маңыздылығына тоқталған мәнді сөзін жеткізді. Облыс әкімінің құттықтауын жеткізген әкім орынбасары да конференцияның қажеттілігіне тоқталды. Конференцияны ұйымдастырудың келешек ұрпақ пен ғылымға қосатын үлесін атап өткен облыстық сот төрағасы А.С. Жүкенов жиынға қатысушыларға құрметін жеткізді. Шоқан Уәлихановтың ғалым, зерттеуші ретіндегі көп қыры ашылған. Бірақ оның заңгер ретіндегі ғалымдық жолы әлі де зерттеуді қажет ететін бағыт. Оны сөз алған судьялар Әділ Құрықбаев, Бағлан Мақұлбеков пен Марат Азбанбаев растап, далалық би институты туралы зерттеулері ұлттық құқықтану ғылымының бастауы болу керек деген ұсыныстар түсті. Жоғарғы оқу орындардан келген ғалымдар бірлесіп, Шоқан туған өлкеден бастау алған бұл идеяны жалғастыруға ықыласын білдірді. Әсіресе, жас ғалымдар құлшыныспен шоқантану іліміне заңгерлік және билер тарихын үйлестіру келешек зерттеушілерге тың дүниелер табу мүмкіндігін беретінін қостады. Конференция қарарында берілген ұсыныстарды талдап, 13 қарашаны "Шоқан күні" деп арнайы белгілейік деген ұсынысты талқыға салды. Конференцияға қатысушылар бүгінгі күннің ерекше мәнді өткенін, судьялар қауымының ұлы тұлғаны ұлықтаудағы бастамасы халық тарапынан қолдау табатын бастама екенін атап, ой-пікірлерімен бөлісті. Осылайша, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы сот жүйесінің мәртебесін асырған шара болды деп айтуға толық негіз бар.