Республика күнімен!

Құрметті әріптестер!

Сіздерді Судьялар одағы атынан Республика күнімен құттықтаймын!

Еліміздің әрбір азаматы үшін Республика күні – айрықша мәнге ие Ұлттық мереке, ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз елдің символы. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.

Ел егемендігіне қол жеткізу оңайға соқпады. Ұзақ мерзімді осы тарихи жолда біздің ата-бабаларымыз Отанға деген сүйіспеншілік пен ерліктің жарқын үлгісін көрсетіп, бостандық пен әділеттілікке қол жеткізу үшін жанқиярлық күрес жүргізді. Бұл отансүйгіштік қозғалыстың негізінде өз Туы мен Әнұраны бар тәуелсіз мемлекетті құру деген асыл ұмтылыс болды. Олар өздерінің сенімі, рухани күш-қуаты мен ерік-жігерлерінің арқасында сан ғасырлық армандарын жүзеге асырды. Мемлекеттің егемендігі туралы Декларация олардың күш-жігері мен қаһарман ерліктерінің ең айшықты жәдігеріне айналды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңнен бері ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда Қазақстан жаһандық әлемде өзінің лайықты орнын тауып, мемлекет өмірінің көптеген салаларында қарқынды дамып келеді.

Объективті, оның ішінде бізді қоршаған алмағайып әлемдегі қиындықтарға қарамастан, Қазақстан өз мақсатына – әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттері қорғалған, әлеуметтік тұрғыдан өркендеген әрі экономикалық дамыған мемлекетке айналу жолында сенімді қадамдар жасауда.

Қазіргі таңда дүние түрленіп, жаңа трендтер мен сын-қатерлер, оның ішінде цифрлық дамуға қатысты түрлі өзгерістер пайда болып жатыр. Бірақ адам құқықтарын қорғау біздің мемлекетіміздің ең басты, іргелі құндылығы, мемлекет тұрақтылығының өлшемі болған, әрі қарай да солай болмақ. Сот төрелігін жүзеге асыру, заңның үстемдігін, адам құқықтарының мызғымастығын ең биік межеге бекіту секілді жауапты әрі мәртебелі міндет судьялар корпусына жүктелген. Біз – әрбір судья бұл міндетті жүрегімізбен сезінуге міндеттіміз.

Құрметті әріптестер, Сіздерді Республика күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ-береке, жарқын болашақ тілеймін! Қазақстан халқы Сіздерге жүктелген күрделі қызметті лайықты бағалап, тағдыр тарту еткен кәсіби, адами парыздарыңызды орындаудан тек жақсылық көріңіздер!

Мереке құтты болсын!

Сәкен Абдолла

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы