Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану бойынша дөңгелек үстел өтті

Жамбыл облыстық сотында сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану бойынша дөңгелек үстел өтті

️Іс-шараға ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, облыстық әкімдік және құқық қорғау органдарының басшылары мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық және аудандық соттардың төрағалары, судьялары мен мемлекеттік қызметшілері қатысты.

️Ербол Ахметжанов іс-шараны аша отырып, 2025 жылдың ақпан айында аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары арасында сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мақсатында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Тіл маманы» байқауының жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтті.

️Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдар және алғысхаттармен марапатталған. Одан бөлек, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында, сотқа түсетін істерді мемелекеттік тілде ұсыну мәселесі бойынша сот ғимаратында мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары, адвокаттар, заң консультанттары, банк, коллекторлық және микроқаржы ұйымдарының өкілдерімен «Ашық есік күні» өткізілгені туралы да айта кетті.

️ҚР Жоғарғы Сотының Мемлекеттік тіл жөніндегі үйлестіруші-судьясы Досжан Әмір сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың және заңнаманың қолданыстағы талаптарын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

️Сондай-ақ, спикер статистиканы мысалға келтіріп, проблемалық мәселелерге тоқтала отырып, мемлекеттік тілде қаралатын істердің сапасы мен санын үнемі арттыру қажеттігін атап өтті.

️«Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану – бұл қажеттілік қана емес, еліміздің құқықтық негіздерін нығайтудағы маңызды қадам. Біз сот төрелігін қоса алғанда, өмірдің барлық салаларында қазақ тілін сапалы пайдалану үшін жағдай жасауымыз керек. Себебі, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Ол мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып саналады», - деді Жоғарғы Соттың судьясы.

️Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов тіл – ұлттық бірліктің, ел мәдениетінің негізі, адамның рухани және адамгершілік қасиеттерінің басты факторы екенін атап өтті. Баяндамашы тіл саясатын дамыту саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы айтып, барлық мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері мемлекеттік тілдің тиімді дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

️Жамбыл облысы прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев өз баяндамасында мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ықпалы зор екендігін атап, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілде жетік сөйлеп, қызмет көрсетсе қоғамда да мемлекеттік тілге деген құрмет пен қажеттілік арта түсетінін айтты.

️Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта прокуратура органдарының қызметкерлері қазақ тілін еркін меңгергенін, егер халық қазақ тілінде сотқа жүгінсе немесе уәкілетті органдар мемлекеттік тілде тергеу жүргізсе, сотқа мемлекеттік тілде қатысуға қабілетті қызметкерлер жеткілікті екенін атап өтті.

️Іс-шара соңында қатысушылар мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту бойынша Соттармен өзара іс-қимылды күшейту үшін нақты ұсыныстарын көрсете отырып, қызықтырған сұрақтарына толық жауаптар алды.