Құрметті судьялар және сот жүйесінің қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мереке – судья және сот қызметкері күнімен құттықтаймын!
Биыл алғаш рет атап өтілгелі отырған кәсіби мерекеміз сот жүйесіндегі түбегейлі өзгерістермен тұспа-тұс келіп тұр. Бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездескен кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістерге арнайы тоқталып: «Сот жүйесін реформалау қажеттілігі пісіп-жетілді. Өзгерістің керектігі туралы шетелдік инвесторлардан, кәсіпкерлерімізден және отандастарымыздан жиі естиміз. Сондықтан алдағы уақытта мен осы бағытта нақты ауқымды шараларды жария етпекпін» деді.
Бұл алдағы уақытта маңызды жұмыс, жаңа талаптар мен тәсілдер, ашық әрі әділ сот төрелігін құру үшін жауапкершіліктің күшейетінін көрсетеді. Мұндай реформалар сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құруға жетелейді. Сот реформаларының оң нәтиже беруі судьялардың табандылығы мен қызметіне адалдығына байланысты. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының қызметі судьялар корпусын осындай ортақ міндеттерді бірігіп шешуге бағытталған. 25 жылдық тарихы бар біздің қоғамдық бірлестік осы уақытқа дейін өз күш-жігерін сот билігінің абыройы мен беделін арттыруға, судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, қағидаттылық пен адалдық сияқты әдеп құндылықтарын дәріптеуге, сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді жетілдіруге бағыттап келеді.
Мемлекеттік-құқықтық саладағы маңызды міндеттерді шешуде Судьялар одағы судьялар қауымдастығының ортақ ұстанымын білдіре отырып, соттар жұмысына және судьялар мәртебесіне, олардың құқықтарына, ар-намысын, қадір-қасиетін, әлеуметтік, материалдық және басқа да мүдделерін қорғауға қатысты өзекті мәселелерді тұрақты көтеріп келеді. Судьялар қызметіндегі моральдық-адамгершілік қағидаттарын сақтауда, судьяның әлеуметтік рөлін айшықтауда Судья әдебі кодексі маңызды рөл атқарады. Сондықтан да бұл кодекс қоғам талабы мен заманауи қажеттіліктерге қарай үнемі жетілдіріліп тұрады.
Сот жүйесіндегі оң өзгеріс, озық нәтижелерге Судьялар одағының Жоғарғы Сотпен, филиалдармен және жергілікті жерлердегі ардагерлермен бірлесе жүргізген үйлесімді жұмысы ықпал етуде. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып өңірлердегі судьялар қоғамдастығына, Судьялар одағының Орталық кеңесіне сындарлы қоғамдық жұмысы, жанашырлығы, биік ұстанымы үшін алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыздың арқасында біз көп нәрсені жақсы жаққа өзгертіп жатырмыз.
Судья мамандығы ешқашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтынын білеміз. Ең алдымен судья мамандығы өзінің әлеуметтік маңыздылығына, ерекшелігіне және қоғамдық сұраныстың күрделенуіне байланысты үлкен батылдықты, тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді. Бұл бірінші кезекте. Сондықтан судьялар терең білім, кәсіби шеберлік, талапшылдықтан бөлек, шыдамдылық, сабырлық, өмірлік төзімділік және өзін-өзі бақылау қажеттігін үнемі есте ұстауы керек. Дегенмен, ұзаққа созылған дау аяқталған кезде, біреудің құқығы қорғалып қуанған сәтте немесе татуласқысы келмейтіндерді татуластыру мүмкін болған тұста әр судьяның мамандығына деген мақтаныш сезімі оянары анық.
Сот төрелігін іске асыруда іс жүргізу құжаттарын жүргізетін, іске қатысушы адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын, судьяның күнделікті қызметін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген сот қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі туралы айтпай кету мүмкін емес. Сырт көзге байқала бермегенімен, сот беделінің биік болуы сот қызметін жүзеге асыратын мамандардың жауапты, тиянақты еңбегінің жемісі. Ендеше, кәсіби мереке - сот саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан сот қызметкерлеріне де ортақ.
Кәсіби мерекеге орай еліміздің соттарында саланың ілгерілеуіне ауқымды үлес қосқан сот ардагерлерін құрметтеу, еңбегін дәріптеу мақсатында көптеген іс-шаралар өтпек. Бұл мерекелік шаралар мен кездесулер отандық сот төрелігіндегі аға буын мен жас буын арасындағы сыйластықты сақтаудың, үндестік пен өзіндік дәстүрді ұлықтаудың және нығайтудың үлгісі іспеттес. Мұндай шаралар ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудағы ортақ мақсатты мінсіз орындауға, судьялар қауымдастығының бірлігін нығайтуға септігін тигізеді. Құрметті әріптестер!
Судьялар одағы атынан сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, халық сеніміне ие болу үшін әділеттілік пен құқық үстемдігі идеалдарына адал қызмет етулеріңізге тілекшімін!
Сәкен Абдолла, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы