МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Жақында республика судьяларының съезі өтті. Ол сот жұмысының құқықтық мемлекет құруға, заңның үстемдігін және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін толық қорғауға бағытталғанын тағы да растады. Форумда сот төрелігін жүзеге асыру, судьяларды іріктеу және олардың қатарын тазарту, сот жүйесінің қызметін жақсартуға қатысты айтылған пікір, сын-ескертпелер мен сындарлы ұсыныстар ескеріле отырып, алдағы жылдарға арналған кешенді жоспар құрылды. Бұл құжат болашаққа бағыт беретін жол картасы іспеттес ұзақ мерзімді бағдарламаға айналады. Біз оны әзірлеуге белсене атсалысқандардың барлығына алғысымызды білдіреміз. Біз ерекше күш-жігермен ел азаматтарының мүдделері үшін, сот жүйесін дамыту үшін бірлесе еңбек етеміз, съезд шешімдерінің тиімді жүзеге асуына үлес қосамыз.

Биыл еліміз күрделі кезеңдібастан өткерді. Пандемия адамзат үшін ауыр сынаққа айналды. Осы кезеңде біз сот жүйесінің іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін барынша жедел қимылдауды және туындаған мәселелерді шешуді үйрендік. Бұндай сынақтар бізді одан әрі шынықтыратынына сенімдіміз және біз ол қиындықты бірге өткереміз.

Еліміздің қалыптасуы жолында ата-баба-мыз қалдырған дәстүр мен мұраны сақтай отырып, халқымыздың еңбегімен, жігерімен және табандылығымен, демократиялық, тәуелсіз Қазақстанда өмір сүруге деген ұмтылыспен еңсерілген қиын-қыстау кезеңдер болды. Кең байтақ елдің аспанында желбіреген Байрағымыз – бізге берілген аманат. Тәуелсіздік символын сақтау – ұрпақ алдындағы асыл парызымыз, ар-намысымыз, қадір-қасиетіміз. Осы биік мұраттар жолында әрқайсысымыз жауапты қызметімізге толығымен беріліп, күш жұмсауымыз қажет. Жалпы бізге адам тағдыры, тура төрелік ету сеніп тапсырылған. Азаматтар сотқа үлкен үмітпен жүгінеді және әділ шешім қабылданатынына сенеді. Біз өзіміздің кәсіби миссиямыз туралы, моральдық, оның ішінде ең алдымен жеке жауапкершілігімізді ұмытпауымыз керек. Немқұрайлылық пен сөзбұйдалық, әуре-сарсаңға салу судья жұмысына жат қылық.

Құрметті әріптестер! Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, сот төрелігін жүзеге асыруда табыс тілеймін!

Сәкен АБДОЛЛА,

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы,

Жоғарғы Соттың судьясы