Құрметті әріптестер!
Судьялар Одағы атынан Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мейрамымен құттықтаймын!
Біздің әкелеріміз бен аталарымыз өздерінің теңдесі жоқ батырлығын, ерлігі мен отансүйгіштігін танытып, адамзат тарихындағы ең қанды қырғын ұрысты тоқтатқанына – қасиетті Ұлы Жеңіс күніне биыл 78 жыл толды.
Осы киелі күнді біз әрдайым туған жерінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендердің барлығына асқан ризашылықпен, үлкен мақтанышпен қарсы аламыз. Біздің ардақты соғыс ардагерлері мен тыл еңбекшілері мұз қатқан жертасаларда жас күндерін қалдырып, өз бастарын бәйгеге тігіп, қасық қандары қалғанша ұрыс даласында күресті. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», - деді аты аңызға айналған батыр әрі қазақ халқының ұлы Бауыржан Момышұлы.
Сол үрейлі уақыт туралы естеліктер әлі күнге дейін әр шаңырақта, әр отбасында және әр жүректе сақтаулы. Қазақстан фашистік Германияны жеңуге өлшеусіз үлес қосты: біздің еліміздің аумағынан 1941-45 жылдары 1,7 миллионнан астам адам соғысқа жұмылдырылды. Жүз мыңдаған қазақстандық майданға өздері сұранып, еріктілер ретінде аттанды. Сұрапыл соғыс жылдарында қазақ жерінде 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 бригада, 50 полк құрылды. От жалыны шарпыған ұрыс даласында Ұлы Жеңіске қол жеткізу жолында 601 939 қазақстандық қаза тапты.
Уақыттың керуен-көші қанша ұзаса да, біз тарихтан өшпейтін, ерлік туралы осы естеліктерді жадымызда сақтап, Жеңіс үшін өмірлерін қиып, денсаулықтарын жоғалтқан әкелеріміз бен аталарымыздың, ардагерлеріміздің есімдерін құрмет тұтып, асқан ықыласпен есте сақтауға тырысамыз. Олардың ұлы ерліктері біздің кеудемізде мақтаныш сезімін кернетіп, Отан алдындағы борышымызды, жауапкершілігімізді арттыра түседі.
Жеңімпаздардың ұмытылмас ерліктеріне мәңгі тағзым... Ұлы Жеңіс күні және Отан қорғаушылар күні Отанға деген сүйіспеншілік пен отаншылдық секілді екі қасиетті сөзді біріктіреді. Әкелері мен аталарының даңқты дәстүрлерін жалғастыратын жас ұрпақ үшін бұл ұғымдар бүгінгі таңда да айрықша мән-мағынаға ие.
Сіздерді халқымыздың баға жетпес айтулы мерекелерімен құттықтай отырып, Отанымызда бейбітшілік салтанат құрып, аспанымыздың әрдайым ашық болуын тілеймін.
Сәкен Абдолла
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы