Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы С.Ж. Абдолла Американдық заңгерлер қауымдастығының "Құқық үстемдігінің бастамасы" бағдарламасының менеджері Джаред Беллмен кездесті.
Ол Сот этикасы кодексінің жобасын дайындауға сарапшы ретінде қатысу бағдарламасы аясында әрі қарай ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін Вашингтоннан арнайы келді.
Жаңа Кодекс бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс және екі жылдың көлемінде ұйымдастырылған бірлескен іс-шаралар туралы айтқан Судьялар одағының төрағасы американдық әріптестеріне сот реформасын дамытуға, судьялардың этика қағидаларын қабылдауға ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Атап айтқанда, Американдық заңгерлер қауымдастығымен ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде 2021-22 жылдары Судьялар Одағы филиалдары төрағаларының және отставкадағы судьялардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Судья әдебі кодексін жетілдіру бойынша бірқатар семинарлар өткізілді.
Екі іс-шарада сөз сөйлеген Солтүстік Каролина (АҚШ) Сот стандарттары жөніндегі комиссияның атқарушы директоры Каролин Дубай ханым, сондай-ақ Нидерланд Судья әдебі кодексінің авторларының бірі, отставкадағы облыстық соттың судьясы (Нидерланды) Мартин Стиинбик мырза сияқты халықаралық сарапшылар өз ұсыныстарын білдірді.
Осы екі жыл ішінде Судьялар одағы Судья әдебі жөніндегі жаңа кодекстің жобасын, Кодекске түсініктеме, Судьялар одағы филиалының Судья әдебі жөніндегі комиссиясы туралы ережені әзірледі. Бұл құжаттардың барлығы халықаралық нормаларға сәйкес келеді және сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кездесу барысында С.Абдолла сот жүйесіндегі кез келген өзгерістердің басты мақсаты әрбір жеке судьяның тәуелсіздігін қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті.
Белл мырза судьялардың қоғамдық қатынастардағы, жұмыстан тыс және жеке өмірдегі мінез-құлқын реттейтін жаңа кодекстің негізгі ережелері туралы пікірін білдіріп, кәсіби мінез-құлық қағидаларын елдің судьялар қауымдастығын білдіретін орган әзірлейтінін оң фактор ретінде атап өтті. Өзін-өзі реттеудің бұл маңызды тетігін Судьялар одағы сарапшылармен, судьялар корпусымен бірлесіп, консультациялар арқылы судьялардың кәсіби мінез-құлық ережелеріне қатысты әртүрлі пікірлер мен ұсыныстарды ескеру үшін әзірлейді.
Ақкүн Мұқанова, ҚР Судьялар одағы Орталық кеңес аппаратының аға сарапшысы