Құрметті әріптестер!
Судьялар қоғамдастығы атынан Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтаймыз!
Суық күндерді артта қалдырып, жаңа жоспарлар құру үшін осы көктемді, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын үлкен үмітпен, тағатсыздана күттік. Өйткені, біздің халқымыз Наурыз мейрамын жаңа жылдың басы деп санаған, бұл кең даламыз бусанып, диқандар жаңа егін егуге кіріскен кез, малдың аузы көкке тиіп, айнала түрленген мезгіл.
Наурыз халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға ғана серпін бермейді. Бұл рухани бастама және ұлттық менталитеттің ерекше негіздерінің бірі. Оның гуманистік қағидалары айтарлықтай күшті болғандықтан, бұл күні соғыстар мен қақтығыстар тоқтатылған. Жағдайы ауыр жандарға көмек көрсетілген. Жаңа жылдың басталуымен халықтың бір-бірінен кешірім сұрауы әдетке айналды.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды, Наурыз мерекесінің өзіне ғана тән жақсылық пен ізгілік дәстүрлерін ескере отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясы оны халықаралық күн деп жариялады. Соған орай Наурыз мейрамы адамзат өркениетінің тарих пен мәдениет саласындағы жетістіктері сақталатын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Бүгінгідей үлкен өзгерістер орын алып жатқан тұста бұл базалық құндылықтар мен қағидаттар ел өміріндегі ұйымшылдық пен ұлттық бірегейлікті сақтаудың шарты ретінде біз үшін бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Сонымен қатар, қазіргі кезде біздің кәсіби міндеттеріміз – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселесі де барынша өзекті.
Мұндай сындарлы сәтте халқымыздың баға жетпес рухани мұрасы, жоғары адамгершілік пен мейірімділік идеялары бізге мықты тірек болары күмәнсіз. Дәл осы құндылықтарды қадірлей отырып, біз бір-бірімізді Көктемнің шуақты күнімен, әз мейраммен құттықтап ізгі тілек жолдаймыз. Көктемнің келуімен бір-бірімізді құттықтай отырып, біз осы дәстүрлерді сақтап, жылы сөздер мен жылы тілектерді айтудамыз.
Наурыз мейрамы қиын кезеңдерді өткеруге көмек беріп, елімізге амандық, бейбітшілік пен тұрақтылық әкелсін, жүрегімізді көктемнің жылуы мен жасампаз қуатына толтырсын.
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Сәкен АБДОЛЛА Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы