Наурыз мейрамы құтты болсын!

Құрметті әріптестер!

Судьялар қауымдастығы атынан Сіздерді көктемнің көркем мерекесі – Наурыз мейрамымен және қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймыз.

Халқымыз бұл мерекені ежелден жылдың жаңаруымен байланыстырып, ертеңгі күннен зор үміт күтіп, жаңа жоспарлармен қарсы алған.

Қыс қыспағынан соң жылулық келіп, жер арқасы кеңіп, диқандар мен шаруалар үшін жерді игеріп, малды өріске айдайтын қым-қуыт тіршілікке толы қауырт кезең басталады.

Нағыз халықтық, ұлттық мереке – Наурыз еліміздің рухани игіліктері, гуманизмдік ұстанымдары мен адами құндылықтарын дамытуға, ізгілік пен мейірім дәстүрін біздің ділімізге берік орнықтыруға ықпал етеді.

Наурыз мерекесіне тән жалпыадамзаттық құндылықтардың, Шығыс халықтарының өзіндік мәдениетінің арқасында БҰҰ Бас Ассамблеясы оны ұлттық бірегейлік пен іргесі сөгілмес бірлік мұратын сақтайтын адамзат өркениеті мен тарихының жетістігі деп санап, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізіп, Халықаралық күн деп жариялады.

Қазақстан бүгінгі таңда да өз саясатында осы негізгі гуманизмдік құндылықтарды, әділеттілік қағидаттарын ұстанады.

Бұл құндылықтар мен қағидаттар өзекті, әрі адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға байланысты біздің кәсіби қызметімізде жүзеге асырылады.

Ата-бабамыздың баға жетпес рухани мұрасын негізге ала отырып, баршаңызды адамгершілік пен тектілік тұтқасын сақтауға шақырамыз. Мұны бізге моральдық және физикалық тазару кезеңі – қасиетті Рамазан айы да үндейді.

Көктемнің келуімен құттықтай отырып, игілік, ізгілік, бейбітшілік пен татулық тілейміз. Наурыз жылуымен жанымызды жадыратып, санамызды серпілтіп құт-береке, күш-қуат әкелсін!

Наурыз мейрамы мен қасиетті Рамазан айы құтты болсын!

Сәкен АБДОЛЛА

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы