Мемлекеттік тіл - мемлекеттің тұғыры және адам құқығын қорғаудың құралы

Шығыс Қазақстан облыстық сотында мемлекеттік тілде қаралатын сот істерінің үлесін арттыру мәселесі талқыланды 2025 жылы 14 ақпанда Шығыс Қазақстан облыстық сотында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттің тұғыры және адам құқығын қорғаудың құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Жоғарғы Сотының судьясы, Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір, Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы Әділ Құрықбаев, Шығыс Қазақстан облыстық сотының отставкадағы судьясы Алтайбек Әнуарбеков, облыс әкімі м.а. Нұрымбет Сақтағанов, облыс соттары судьялары, мемлекеттік органдардың басшылары мен мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын жауапты тұлғалар қатысты.

Іс-шараның мақсаты-мемлекеттік тілдің қолдану аясын ұлғайту және мемлекеттік тілде қаралатын сот істерінің санын арттыру.

Іс-шараға қатысқан құзіретті органдардың өкілдері мемлекеттік тілге қатысты проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдарын жан-жақты талқылап, өзара пікір алмасты.

Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір қорыта келе Қазақстан Республикасының Тілдер туралы Заңының талабына сәйкес, мемлекеттік тіл-қоғамдық қатынастардың барлық салаларында мемлекеттік басқару, заң шығару, сот істерін жүргізу, іс жүргізу тілі болып табылады. Тиісінше, мемлекеттік мекемелер Заңның талаптарын сақтауға және талап қоюлармен сотқа мемлекеттік тілде жүгінуге міндетті екендеріне қатысушылардың назарын аударды.

Облыстық соттың төрағасы Манат Комиршинов мемлекеттік тілді дамыту, қолдану және оның мәртебесін арттыру бойынша бірлескен шешімдер бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Іс-шара қатысушылары тақырыптың өзектілігін айтысып, ұйымдастырылған дөңгелек үстел үшін облыстық соттың төрағасына алғыстарын білдірді. Жиын соңында талқыланған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар берілді.