Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен Судьялардың ІХ съезі бойынша брифинг өткізілді

Қызылорда облысының өңірлік коммуникация қызметінде Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен Судьялардың ІХ съезінде көтерілген мәселелерді талқылауға арналған брифинг өткізілді.

Оған Қызылорда облысы бойынша соттардың атынан делегат болып қатысқан облыстық соттың судьясы Ш.Маликова, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Г.Мырзатаева қатысты.

Облыстық соттың судьясы Ш.Маликова мемлекет басшысының қатысуымен өткен съездің ерекшелігі - биліктің үш тармағының да бірдей қатысуында екенін, ел Президенті сот жүйесіндегі реформаларға, сот жұмысына оң бағасын бергенін жеткізіп, съезде көтерілген бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков Қазақстанның Судьялар Одағы 1996 жылғы алғашқы съезде өз жұмысын бастағанын, содан бері сот жүйесінде іске асырылып жатқан іргелі жобалар мен жаңашылдықтардың, заңнамаларға енгізілген өзгерістердің бастамашысы болып келе жатқанына тоқталды.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Г.Мырзатева Судьялар съезінде судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдау керектігі айтылғанын, өзгерістерді енгізу арнайы жұмыс тобы құрылып, республиканың судьялары жаңа кодекске қатысты өз пікір-ұсыныстарын білдіріп, сол бойынша құжаттың негізі жасалғанын жеткізді.

Брифинг барысында спикерлер журналистердің сұрағына жауап берді.