Академик Салық Зимановтың 100 жылдығына орай

Бүгін СУдьялар Одағының төрағасы, Жоғарғы Соттың судьясы Сәкен Абдолла Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өткізген «Салық Зиманов: азамат, ғалым, қоғам және саясат қайраткері» атты республикалық дөңгелек үстелге және М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ-дің С.З.Зиманов атындағы құқықтық және экономикалық зерттеулер академиясы ұйымдастырған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Екі іс-шарада да С.Абдолла Жоғарғы Соттың Төрағасы Ж. Асановтың конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді.

Ж.Асанов өз құттықтауында академик Салық Зиманов туралы «Талантты педагог, сұңғыла ғалым сабаққа қызығушылықпен қатар, таңдаған мамандыққа деген құрметімізді арттырып қана қоймай, бойымызға ұлтжандылық рухын сіңіретін» деп атап өтеді.

Жоғарғы Сот Төрағасы «Салық Зиманұлы Қазақстан заң ғылымының негізін қалаушылардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, қазақстандық алғашқы академик-заңгер ретінде тарихта қалады. Оның есімі Тәуелсіздік шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Ол Қазақ КСР-нің егемендігі туралы декларациясын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң жобасын дайындауға қатысты. 1993 жылғы Конституциямызды әзірлеген жұмыс тобын басқарды. Жоғарғы Кеңестің депутаты және ғалым-заңгер ретінде Зиманов парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты» деп, академиктің ғылыми еңбегі мен қоғамдық қызметіне үлкен баға береді.

Сөз соңында Сәкен Жүсіпахметұлы С.Зимановтың бай ғылыми мұрасы, қоғамдағы айрықша орны, заң саласына сіңірген ұланғайыр үлесін атап өтті.

Қайнар:

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі