4 қазанда Астанада Қазақстан судьяларының кезекті IХ-Съезі өтті. 500-ден астам адам, оның ішінде 188 делегат, шақырылған – Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, заң қауымдастығы, халықаралық ұйымдардың сарапшылары осы айтулы шараға қатысты. Съезд жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті қатысып, өз сөзінде бұл оқиғаның айрықша мәртебесі мен маңызын атап өтіп, судьялардың жұмысына, олардың құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігін жүзеге асыру, азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі жауапты міндеттеріне қолдау танытып, көңіл бөлудің айқын айғағын көрсетті.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев съезд делегаттары мен шақырылған қатысушыларға алғысөзінде ХIII съезден кейінгі жылдар ішінде сот жүйесі қол жеткізген жетістіктерді атап өтіп, судьялар қауымдастығының алдында тұрған міндеттерді белгіледі.
Халықаралық заң қауымдастығының өкілдері – сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) президенті Франческо Депаскуале, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президенті Луис Пальма, Астана қ. ЕҚЫҰ бағдарламасы кеңсесінің басшысы Фолькер Фробарт съезд жұмысына табыс тілеп, өз ықыластарын білдірді. Съезд мінберінде талқыланған алуан түрлі мәселелер сот жүйесінің қызметі, сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету және судьялардың мінез-құлықтарының кәсіби және этикалық нормаларын сақтау туралы тақырыптарды қамтыды.
Съезд делегеттары өзекті мәселелерге тоқталып, сот практикасының түрлі аспектілері, қоғамның сот төрелігі органдарына сенімдерін нығайту, судьялардың өзін-өзі басқару органдары мен сот билігін әрі қарай дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Сот төрелігі саласындағы заманауи тенденциялар туралы пікірталасқа Жоғарғы Сот судьясы Г. Мергенова, Астана қ. әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы Д. Әбдіғалиев, Ақтөбе қ. қалалық сотының судьясы И. Досова қатысты.
Съезд делегеттары дәстүр бойынша екі съезд арасындағы кезеңде судьялардың өзін-өзі басқару қоғамдық ұйымының жұмысына қатысты мәселелерді қарастырды.
Судьялар одағының төрағасы С. Абдолла есептік баяндама жасап, судьялар корпусының өзіне жүктелген аса маңызды функцияларды орындауда бас біріктіруіне, кәсіби тәжірибе және үздік шетелдік тәжірибелерді алмасу шараларын ұйымдастыру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және басқа да оқыту, мәдени-спорттық шараларды өткізуге бағытталған жұмыстары туралы мәлімдеді.
Судьялар қауымдастығының өткен төрт жыл ішіндегі жұмыстарының нәтижесі сот жүйесіндегі және оның түрлі буындарындағы өзгерістердің қарқынды серпінін көрсетеді. Судьялар одағы Жоғарғы сотпен, мемлекеттік және халықаралық ұйымдармен тығыз іс-қимыл орната отырып, сот жүйесінің қызметін барлық бағытта шоғырландырды. Съезд делегеттары жаңа Судьялық әдеп кодексін және Судьялардың IХ Съезінің Қаулысын қабылдады. Судьялар қауымдастығының басқарушы органдарының – Орталық кеңестің, Тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды. ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір Судьялар одағының төрағасы болып сайланды.
Съезде талқыланған ұсыныстардың барлығы Орталық кеңестің жаңа құрамы жүргізетін жұмыстың стратегиялары мен жоспарларын әзірлеудің негізіне айналып, судьялардың өзін-өзі басқаруын дамытудың міндеттері мен басымдықтарын айқындайды, судьялар күнделікті жұмыстарында кезігетін өзекті мәселелерге, олардың еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктері, мәртебелері мен тәуелсіздіктерін нығайту мәселелеріне назар аудартады.