Түркістанда Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Х-шы Спартакиадасының финалдық ойындары өтті

Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қ. 2023 жылғы 12-13 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының мерейтойлық Х-шы Спартакиадасының финалдық ойындары өтті.

Дәстүрлі додаға мамыр айында Алматы, Қарағанды, Атырау және Қостанай қалаларында спорттың сегіз түрі бойынша өткен аймақтық іріктеу ойындарын ойдағыдай еңсерген ел өңірлеріндегі судьялар ұжымының 17 тобы қатысты. Олар футбол, волейбол, арқан тарту, үстел теннисі, бильярд, шахмат, дойбы, үлкен теннис секілді спорт түрлері бойынша сайысқа түсті.

Түркістан қаласында өткен Спартакиаданың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Төрағасы Сәкен Абдолла, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және облыстағы құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысты.

Олар финалдық ойындарға қатысушыларды құттықтап, қарсы алып, бұл доданың айрықша маңызды екенін атап өтті – өйткені тура 20 жыл бұрын, 2003 жылы судьялардың алғашқы Спартакиадасы өткен болатын. Содан бері ойындар салауатты өмір салтын қалыптастыруға, судьялардың өзін-өзі басқаруын және әріптестер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, Судьялар Одағының филиалдары арасындағы бірлікті және байланыстарды нығайтуға ықпал ете отырып, танымалдылыққа ие болды.

Спартакиаданың ашылу рәсімінде топтар салтанатты түрде сап құрды. Мемлекеттік әнұран шырқалды. Қазақстандық өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасы және республика чемпиондарының көрнекті ойындары осы іс-шараға нағыз мерекелік атмосфера сыйлады.

Осылайша еліміздің рухани астанасының басты спорттық ареналарында табанды күрес басталды. Спортшылар жеңіске деген ұмтылыс мен асқан шеберлік танытып, тартысты талас көрсетті.

Дүбірлі додаға 11 облыстық соттың төрағасы өз топтарымен келіп қатысты. Облыстық сот төрағалары Ерден Әріпов, Ербол Жанғазин, Еліс Әбдіқадыров, Қайрат Чакпантаев, Манат Көміршінов, Бақытжан Қараманов, Бек Әметов, Ербол Ахметжанов, Айдар Смағұловтардың жарыс барысында топтарының ортасында болып, қолдау білдіруі әріптестердің жеңіске деген ынтасын арттырды. Әсіресе спартакиадаға өздері қатысып, шебер ойын көрсеткен төрағалар өзгелер үшін тамаша үлгі болғаны анық. ⠀ Спорттық сайыстар барысында жеңімпаз спортшылар мен үздік топтар анықталып, құрмет тұғырына көтерілді. ⠀ Мини-футбол 1 орын - Қарағанды облысы соттарының тобы 2 орын - Түркістан облысы соттарының тобы 3 орын - Ақтөбе облысы соттарының тобы Номинациялар: «Үздік шабуылдаушы» - Рамазан Құстанов, Ақтөбе облысы, «Үздік қорғаушы» - Айдос Сұлтанов, Түркістан, «Үздік қақпашы» - Ернар Кәрібаев, Алматы қ. ⠀ Волейбол 1 орын - Шығыс Қазақстан облысы соттарының тобы 2 орын - Маңғыстау облысы соттарының тобы 3 орын - Алматы облысы соттарының тобы

Номинациялар: «Үздік ойыншы» Ержан Қарабаев, Маңғыстау облысы; Манат Көміршінов, Шығыс Қазақстан облысы; Ерлан Тасыров, Астана қ. ⠀ Арқан тарту 1 орын - Шығыс Қазақстан облысы соттарының тобы 2 орын - Солтүстік Қазақстан облысы соттарының тобы 3 орын - Маңғыстау облысы соттарының тобы Номинация: «Үздік ойыншы» - Марат Арапов, Түркістан облысы ⠀ Үлкен теннис 1 орын - Марат Молдагелдин, доғарыстағы судья, Шығыс Қазақстан облысы 2 орын - Бақытқазы Ордабаев, Қостанай облысы, доғарыстағы судья 3 орын - Мадияр Ташев, Түркістан облысы Номинация: «Шебер ойыншы» - Мақсат Қасымов, Алматы қ. ⠀ Үстел теннисі: 1 орын - Даулетияр Машрапов, Түркістан облысы 2 орын - Нұрлан Нұрсапинов, Шығыс Қазақстан облысы 3 орын - Марлен Тілеубеков, Жамбыл облысы Номинация: «Шебер ойыншы» - Абай Рахметуллин, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты ⠀ Шахмат 1 орын - Еліс Әбдіқадыров, Алматы облысы 2 орын - Дихан Алиасқаров, Әскери сот 3 орын - Қанат Иманалиев, Астана қ. Номинация «Үздік партия» - Ғизатулла Қырықбаев, Батыс Қазақстан облысы ⠀ Дойбы 1 орын - Динара Мұстафина, Павлодар облысы 2 орын - Рахымкұл Тұрабаев, доғарыстағы судья, Абай облысы 3 орын - Ұлан Қажыкен, Алматы қ. Номинация: «Үздік партия» - Бахытгүл Жәңгірова, Батыс Қазақстан облысы ⠀ Бильярд 1 орын - Айдар Смағұлов, Ақтөбе облысы 2 орын - Талғат Қахаров, Шымкент қ. 3 орын - Құрманғали Дүйсебеков, Түркістан облысы Номинация: «Үздік партия» - Досжан Әмір, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты ⠀ Жарысқа доғарыстағы судьялар да қатысып, көрермен көзайымына айналды. Мысалы, 71 жастағы қостанайлық Бақытқазы Ордабаев жас әріптестерін басып озып, үлкен теннистен 2-орынды иеленсе, Абай облысының доғарыстағы судьясы Рахымқұл Тұрабаев дойбыдан 2-орын алып, жерлестерінің мәртебесін бір көтеріп тастады. Осының өзі спартакиаданың аға буын мен кейінгі буын арасындағы алтын көпірді жалғаушы, әріптестік байланысты нығайтушы рөлін айшықтайды. ⠀ Топтар және жеңімпаз ойыншылар грамоталармен, кубоктармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған спартакиада өте тартысты әрі қызықты өтті. Қабылдаушы тарап – Түркістан облыстық соты – осы спорттық мерекені жылдың ұмытылмас әрі әсерлі оқиғасына айналдырып, достық сайыстар – жұмыс күндерінің ауыр жүгінен арылып, спорт алаңында әріптестермен кездесуге берілген тамаша мүмкіндік екенін көрсетті. Барлығының спортты сағынып қалғаны байқалды, өйткені ковид кезеңінде бұл дәстүр үзіліп қалған еді. Сондықтан финалдық ойындарға қатысушылар Судьялар одағына бұл сайысты жыл сайын өткізу туралы тілектерін бірауыздан білдірді. Кезекті Судьялар спартакиадасы ең алдымен, бұл нағыз спорт мерекесі екенін көрсетті. Ең маңыздысы – жеңіс емес, қатысу – маңызды.

Спартакиада – бейресми ортада судьялардың басын біріктіретін, ынтымағын арттыратын, командалық рухта тәрбиелейтін шара. Бұған дейін еліміздің төрт өңірінде спорттың 8 түрі бойынша сынға түскен судьялар тек төрелік етуге ғана шебер емес, спортта да мықты екенін дәлелдеген болатын. Әсіресе, доғарысқа шықса да сот саласынан да, спорттан да қол үзбеген ардагер судьялардың ісі баршамызға өнеге болуы тиіс. Осындай айтулы шараға Түркістан облыстық сотының ұжымы айрықша дайындалды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» сайыстың ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан әріптестеріміз бірлік барда алынбайтын қамал жоқ екенін ісімен дәлелдеді.

Судьялар одағы жылдың ең басты спорттық іс-шарасына керемет дайындық жүргізіп, сайысты жоғары деңгейде өткізгендері үшін Түркістан облыстық сотының барша ұжымына және оның төрағасы Тұрысбек Мыятбековке, сондай-ақ спортшылар мен топтарға, өз топтарына қолдау танытуға келген көптеген жанкүйерлерге алғыс айтады. Бізді әлі талай жарыс, талай жеңіс күтіп тұр!

Түркістан төрінде өткен спартакиадада оза шауып, жеңіс тұғырына көтерілген әріптестерімізді жүлдесімен құттықтаймыз. Судьялар қауымының басын біріктіріп, ынтымақтастығын нығайтатын игі іс алдағы уақытта да жалғасын таба берсін!