Құрметті әріптестер!
Сіздерді Судьялар одағының атынан араға 13 жыл салып қайта атап өткелі отырған ұлттық мерекеміз – 25 қазан Республика Күнімен құттықтаймын. Бұл туралы, яғни тарихи әділеттіліктің қалыпқа келтірілуі жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы маусым айында өткен Ұлттық құрылтай отырысында: «Республика Күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Жыл сайын 25 қазанда біз Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» деді.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы маңызды саяси құжат еліміздің тәуелсіздігіне жол ашып, егемендікті жариялап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі құқықтық негіздерін бекітіп, аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және қол сұғылмаушылығы секілді мемлекеттіліктің негізгі қағидаларын айқындап көрсетті.
32 жыл бұрын қабылданған Декларацияда саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу қағидасы, өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығы нақты көрсетілген. Егеменді мемлекеттің әкімшілік-атқарушы жоғары билігінің басында тұрған Президент институты енгізілді.
Мемлекеттік егемендік туралы Декларация арқылы кеңестік заңдар тоқтатылды, Қазақстан Республикасының заңнамалық базасын құру басталды. Мемлекеттің дербестігі бекітілген кезеңнің қорытынды құжаты 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң болды, бұл құжат біздің елімізге тәуелсіз мемлекет мәртебесін түпкілікті рәсімдеуге мүмкіндік берді.
Бұл тарихи экскурс саяси сахнада оқиғалардың қалай өрбігенін, сонымен қатар мемлекеттің ресми қалыптасуының үдерістерін көрсетеді. Тәуелсіздік жылдарында еліміз әлемдік картада өзінің лайықты, әлемдік қауымдастық мойындаған орнын алды. Қазақ ұлтының өзін-өзі сәйкестендіруі жүзеге асты, сондықтан бұл мерекенің ұлттық мерекеге айналуы өте орынды.
Біздің қоғам бүгін осындай заманалық оқиғаға құрмет көрсете отырып, өзінің кемелдену кезеңіне қадам басты. Біз ата-бабаларымыздың бостандыққа деген ұмтылысы тасқындаған қазақ топырағында пайда болған сан ғасырларға тән терең тарихымызды мақтан тұтамыз және қадірлейміз.
Сіздерді ұлттық мерекемен құттықтай отырып, баршамызға жүктелген орасан жауапкершілік пен жоғары миссия – мемлекетіміздің құқықтық негіздерін нығайтуды әрдайым есте сақтайық деген тілек білдіргім келеді. Баршаңызға жақсылық, бастарыңызға амандық, зор денсаулық пен тұрақтылық тілеймін!
Сәкен Абдолла Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы