Судьяның бағындырған даңғыл жолы

Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары М.Таймерденов, Ә.Жүкенов, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Н.Ахметзакиров, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы, Жоғарғы Сот судьясы С.Абдолла мерейтой иесін құттықтап, ұзақ жылдардағы қажырлы еңбегі мен Қазақстанның сот жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыстарын білдірді.

Мерейтой иесі саналы ғұмырын сот төрелігін жүзе асыруға арнап, әрдайым ақ пен қараны таразы басына әділ теңгеріп келеді. Судьяның жарқынды және мазмұнды өмірі барша жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Оған көп жылғы аянбай еткен еңбек жолы куә. Атап айтқанда, Семей қаласы Калинин ауданының халық судьясы, ҚазКСР Әділет министрлігінің сот органдары басқармасының бас консультанты, бастығы, Қазақстанның КП ОК жалпы бөлімінің сектор меңгерушісі, Жоғарғы Соттың судьясы, Астана қалалық сотының төрағасы, Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Соттың қадағалау алқасының судьсы болып атқарған қызметтері С.І.Райымбаевтың өмірбаянының маңызды белестері болып табылады. Осы жауапты қызметтерде Сансызбек Ілиясұлы өзінің біліктілігімен қатар, заңға мінсіз қызмет етіп, кез келген істің мазмұнына терең бойлап, әділ сот төрелігін жоғары дәрежеде жүзеге асырды.

Сансызбек Ілиясұлы терең білімі мен мол тәжірибесін Жоғарғы Соттың жергілікті соттардағы басшылық қызмет бойынша кадр резервінің төрағасы, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі, Судьялар одағының хатшысы, азаматтық және азаматтық-процестік заңнама жөніндегі мәселелерді қарауда Жоғарғы Сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі болып қызмет атқарды. Бүгінгі таңда Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында дәріс беруді жалғастыруда.

С.Абдолла судьялар қауымдастығының атынан С.І.Райымбаевты айтулы мерекесімен құттықтай отырып, еліміздің судьялары өзінің әріптесін мақтан тұтатынын атап өтті.

  • Осы 75 жылда Сіз жарқын әрі бақытты өмір сүрдіңіз, заңгер мамандығының барлық сатыларын абыроймен атқардыңыз. Әрдайым өзіңізді білікті судья әрі жас судьяларға тәлімгер ретінде көрсетіп келесіз. Сізді барша сот қауымы үлкен жомарт жүректің иесі деп біледі.

Осы орайда, Сансызбек Ілиясұлы әріптестеріне бірлескен жұмыстарына, жылы лебіздеріне алғыс білдіріп, сот төрелігін жүзеге асырудағы алдағы қызметтеріне табыс тіледі.