Дара би мен бала билер сабақтастығынан ұлағат

Өткен жолғы бір мақаламызда қазақтың мәдениеті мен өнерінде шу дегеннен шығандап шырқап, қара үздірген, бала кезінен аты шыққан саңлақ билеріміз туралы ой өрбітіп едік, енді сол бағытымызды өрістетіңкіреп, басқа бір қырынан келуді мақсат қылып отырған жайымыз бар. Тақырып қызықтырса, әр тараптан сөз қозғап, оқырманға ой салғымыз келеді. Және бұл бағыт біздің біраз мүдделерімізбен орайласып, жиі толғандырып жүргенін несіне жасырайық. Ол ойымызды ашпас бұрын, осы бір ежелден қалыптасқан билер институтының сабақтастығы туралы таратып айтып, сөз аяғын негізгі айтар ойымызға тіреп, қорытынды жасағымыз келеді.

Бізді қызықтырып жүргені, қазақ билер институының тамыры тереңде жатқандығы, осы күндерге дейін мән-мазмұнын жоғалтқаны былай тұрсын, уақыт өткен сайын қасиеті артып, тағылымы тарала, өрісін жая түскендігі. Қатты қызықтыратыны, тіс қаққан, тәжірибелі дана да дара билеріміз бен олардың ізін басып, қуалай өсіп-жетілген бала билеріміздің арасындағы жалғасып жатқан дәстүр сабақтастығы. Осы дәстүр жалғастығына зер салып отырып, даналығымен дараланып, халқының шексіз ықыласы мен махаббатына бөленген билердің әуселесін мойындай отырып, бала билердің тез өсіп, шапшаң қарқындап жетілуін әбден солай болуы тиіс заңдылықтай мойындайсың. Соншалықты биік деңгейлі, даланың ғұлама билерінен-дана ұстаздарынан тәлім алған бала билер қалайша жылдам қанаттанып, шырқау шыңдарға қол созып, көк жүзінде еркін қалықтап, ақиық қырандарша самғауға талпынбасын?!

Халқымызда қай өлкемізде болмасын, бала билердің қаулай өсіп шығып, тым ерте бой көрсетуі де, әрине, ұлттық тәлім-тәрбие көзінің терең өрістілігін, би-шешендік мектебінің іргесінің беріктігін, алдыңғы аға буын ұрпақтың- жас ұрпаққа сәби шағынан көз айырмай көңіл бөліп, ұлағатты құндылықтарымызды құлағына сіңіре бергендігін танытары анық. Сондықтан, «бала би» атанған дара саңлақтарымыздың желкілдеп өскен жас құрақтай, тез көктеп шығып, болар баланың өрісін бірден аңғартып, кішкене кездерінен жұртшылықты ауыздарына қаратуында белгілі бір жүйемен қалыптасқан заңдылықтар бар. Қазақ үшін бұл үйреншікті жағдай болған, яки, бала билер төбеден түскендей таң қалдыратын, болмаса, әлдебір сиқырлы күшпен құдырет біткендей, таңғажайып ертегілер кейіпкерлері емес, олардың үйрену мектебінен өткені, тәжірибелі, сақа билердің болар баланы таңдап, ел ішінен іріктеп отырғаны, қасына ертіп жүріп, ел ішінде үздіксіз жүріп жататын, жер дауы, жесір дауы, барымта-сырымта, ұрлық-қарлық, түрлі дау-жанжалдарды шешу мәселелеріне қатыстырып, тіпті, араластырып отыруы, көзін тырнап ашқаннан аталы сөз тыңдатуы- осындай тәрбиелік бағыт олардың тез пісіп, ерте жетілуіне ықпал ететінін баса айтуға қақылымыз. Келе-келе, олардың шәулі балапан бүркіттей көздерін қияға қадап, ұшқын атуынан, қомданып, түлеп-талпынуларынан олардың пісе бастағанын аңғарған аға билер, енді оларды билік істеріне араластырудан бой тартпай, сенім арта бастаған. Бұл арқылы олар екіжақты ұтқан, әрі оларды осындайда көмекші ретінде пайдаланып, өздерінің де қолы ұзарып, мойындары босаған, әрі оларға білген тәжірибесін үйретіп, билік ісіне толықтай ден қоюына ықпал еткен. Осындай сынақтардан өткеннен кейін, өзі зерек, алғыр бала талаптың тұлпарына мініп, дүр сілкініп қанаттанып, тез көтеріліп, тіс қаққан билермен иық теңестіріп, солармен парапар түсетін деңгейге жеткен. Осылайша, аға билердің дәурені өтіп, олар билік ісінен қалып бара жатқанда, немесе, өмірдің өз заңдылығымен ана дүние сапарына беттегенде, бұл кездерде, әжептәуір ысылып қалған бала билер, енді үлкен билікке батыл араласып кететін болған екен. Әрине, халық ішіндегі билік ету ісіне талап өте жоғары болған, сыншыл жұртымыз, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан үздіктерге ғана жол берген. Сондықтан, сол, елдің сарабынан сүзіліп шығып, бәйгіден озып келген, оқшау биіктен танылған билерге күмән келтіру, кейде, кездейсоқтыққа балау, әлдеқалай сәттіліктің жемісі деуіміз тым ұшқарылық болар еді. Бала билеріміздің бірден жарқ етіп, танылуында да байыптай үңілсек, осындай зерделі сарапшылдықтың іздерін байқар едік. Өйткені, байыпты қариясын сөйлетіп, ауызы дуалы ақсақалын алға ұстап отыратын жұртымыз, тым шикі, бозөкпе баланы сайратып, билік тізгінін ұстатып қоюға құмар болмасы анық. Ал, сол шикіөкпе дегені бірден тұлпар шабысын аңдатса, көптің ішінен суырылып шығып, қарсы келгендерді уәжден сүріндіріп, кәрі-жасты тегіс тамсандырып, мойындатса, қанжардай қақ жарып, әділеттің сөзін айтса, сөз сайысындағы талай жүйрікті беттетпей, арындаса қайтер едіңіз?!

Біздіңше, қазақтан өткен сыншыл һәм міншіл, асқан талғампаз, сарапшыл жұртты табу қиын. Бала бидің даралануында сөз таныған зерделі халықтың бітім-болмысы бар. Төтелей тартсақ, бұл-асқан дарындылықтың, оқшау қабылеттің нышаны, сирек сұңғылалық белгісі, сол тай кезінде танылған үздік қасиетті бағаламау, тобықтан қағып, сүріндіру- болашағы зор өреннің талабын тар өріспен тұншықтырғандық болар еді, өрелі жұрт ондай келеңсіздікке жол бермес еді. Қазақты «дана халық» деп пайымдаушылық та осы, адам баласын жасына емес, жарып шығар жүйріктігіне, сақалына емес, сана-сезіміне, үлкендігіне емес, үлгі-өнегесіне қарап бағалайтындығынан болса керек. «Асыл- тастан, ақыл- жастан», «жас келсе- іске, кәрі келсе- асқа», «қой асығы демеңіз- қолыңа жақса сақа қой» деген көптеген мақал-мәтелдеріміз халықтың осындай талғампаздығының дәлелі.

Осылайша, билер институтының тәлім-тәрбиелік бағытының ықпалы, жас ұрпақ бойына қабырғасы шіп-шикі балаң жастан қалыптасып, өрістей бастауы- арналы ағысты жұрттың тағылымын танытпай ма?!

Мұхаммед пайғамбар: «сөзді, яки, айтар кеңесіңді әрбір адамның ақыл деңгейіне қарай сөйле»- депті. Кемел ойлы пайғамбарымыздың бұл сөзі халқымыздың жоғарыда айтылған даналық тағылымдарымен ұштасып жатқандығын аңғарамыз. Таң қалдыратыны сол, қасиетті құран сөздерінің, хадистердің, шариғат ұстанымдарының жұртымыздың ежелгі тәрбиелік бағыттарымен сәтті үйлесетіндігі. Әрине, тарихаттан тағылым іздесек, ғасыр қойнауларынан сыр тартып, байыптай зер салсақ, сондықтан да, сол көне дәуірлердің өзінде, ата-бабаларымыз мұсылман дінін жат көрмей, тез бауыр басып кетіп еді...

Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты талай ұлағатты ойлар қалдырған педагог-ғалым ретінде де белгілі, сол кісі «Педагогика» еңбегінде: «...Балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек. Жас бала бір жас шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде, сол жас күйде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы- бастан»- деген сөздің мәнісі осы.» Өзінің саналы ғұмырында, ұлтының ұлағатын қасиет тұтып, өнегесін жаюмен өткен, сол үшін де зорлықшыл саясаттан қиянат шеккен кемеңгер алаш арысының артында қалған асыл мұраларын ардақтай білу- парызымыз. Билер ұлағатының халықтық тәлім-тәрбие көздерімен орайласып келуі, ұлттық педагогикамен астасып жатуында ғажайып сабақтастық жатқандай.

Ұлттық құндылықтарымыздың тамыры тереңнен тартылып, өрілетіндігіне, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлгендігіне, ежелгі дәуір даналарынан да көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Сол кемеңгер бабаларымыздың бірі емес, бірегейі дерлік данышпан ақын, атақты ұлағат дастаны «Құтты біліктің» авторы Жүсіп Баласағұнның мына бір тағылымдық жолдары айтар ойымызды айғақтап, өрістендіре түсетіндей: «Бәрі анадан ізгі болып туғандар, Сүтпен сіңіп, жан жүйесін қуғандар, Жақсыға ерсе, бала ізгілікке бастайды, жаманға ерсе, жауыздықтан қашпайды».

Иә, асыл ойлы, кемеңгер бабамыз айтқандай, қазақ баласы үшін, «жақсыға еру», үлгі-өнеге тоқып өсу- ұлы мұрат болған. Бұл- ұлы далада көне дәуірлерден қалыптасқан заңдылық деп қабылдаймыз және осы мүдделерді бүгінгі күнмен ұштастыруды мақсат тұтамыз. Көңіл сарабымызға салсақ, осындай тәлімі зор тәрбиелік мектебімізден бала билердің өсіп шығып, билер институтының негізі қалануы жолдарынан, дараланған дана билеріміздің бой көрсетуінің осындай табиғи заңдылықты өрісінен өнеге алған дұрыс болмас па еді?!

Ал енді, дәл осы, ежелден қанат жайып келген билер институтының ғажайып ұлағатқа толы өнегесін қазіргі заман ыңғайына қарай неге өрбітіп, пайдаланбасқа. Айтқымыз келіп отырғаны, қазіргі жас заңгерлер, судьялар, бала билер сияқты бұрынғыша ел адақтамай-ақ қойсын, тәжірибелі, сақа, аға заңгерлерге көмекшілікпен ере жүріп, ширап, істің барысынан үйреніп, ысылып, дайын сот қызметкеріне, байыпты судья, немесе, әбден қанаттанған, шыңдалған заңгерге айналып шыға келмес пе еді?!

Яғни, халқымыздың, заманы басқа ескі дәуірдегі билер институтында қалыптасып, ұзақ ғасырлар бойы, ұлтымызға қызмет етіп келген ұлағатты дәстүрін сол қалпында көшіре салғымыз келіп отырған жоқ. Түсінікті жағдай, «әр заманның өз сұрқылтайы бар» демекші, қазіргі кезеңнің талабы басқа, соған сай етіп, бұрынғы мен бүгінгіні ұштастырып жатқаннан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Сондықтан, алдыңғы мезгілдерде, әр уақытта қозғап келген мәселені жаңғыртып, аса жауапты ауыр жүктерді мойындарына алып жүрген заңгер- судьялардың жұмыстарын жеңілдетіп, көмекшілікке жас мамандарымызды қосып беру- заман талабы деп ұғамыз. Мұның өте тиімділігіне, әр қырынан келіп, жоғарыда әркімнің жетесіне жетердей жеткілікті сіңіруге күш салып, байыптап, түсіндіре алдық деп ойлаймын. Ұтымды да, әрі пайдалы жағын саналы зердемізге салғанымыз оң болар еді. Тек тыңдайтын құлақ, соны іске асыратын ниет табылсын. Біз де сөзіміздің желге ұшқанын қаламасымыз анық.

Досжан Әмір.

ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Төрағасы