Би-заңгерлер - елдігіміздің тірек - қуаты.

Республика күні қарсаңында, тағы да арғы бергі тарихымызға шола қарап, толғанамыз, еліміздегі оң өзгерістерді еске алмай тұра алмасымыз анық. Әлемнің қатал сыншысы- аса құдыретті тарих тақсыр бізді әртүрлі тарапта сынаққа алып келеді, арғы замандарды айтпағанда, тәуелсіздік айналасының өзінде қаншама құбылыс өзгерістер болды, қатардағы адамның көзіне шалына бермейтін саяси талас тартыстар, «соғыссыз» майдан оқиғалары жүріп өткенін әркім аңдай алмас. Өйткені, тәуелсіздік, бәзбіреулер үшін төбеден топ етіп түсе қалғандай, жаратқанның пенделеріне асқан жомарттықпен бере салған сыйы сияқты көрінгенімен, оның нар көтермес ауыртпалығы халқымыздың майталман санаулы тұлғаларының иығына түсті. Мыңдардың көтере алмаған атанның жүгін арқалап кете алатын атпал азаматтарымыз, қара нардың белі қайысар ауыртпалықты алып жүрер, қажыр қайраты мен намыс жігерін ақыл парасатымен ұштастыра білген асыл жаратылысты ардақты азаматтарымыз қай заманда да болған. Тәуелсіздік тағдыры таразыға тартылған шақ туғанда, апырмай заман қайда бастап тұр, келешегіміз не болар екен деген дүдәмал ойлар көкейлерді мазалағаны рас. Осындай жағдайларда саяси ареналарда жүріп жатқан дауыл мен борандардың өтінде заң саласының корифейі академик заңтанушы Салық Зиманұлы Зимановтай марғасқалар бастаған заңгерлер жүргендігін көз көрді. Өйткені, қаншама арыстарымыз жолына басын тіккен, қаншама буын ұрпақтың нақақ қандарының төгіліп, артына қан жоса сойқан ізін қалдырып, халық тағдырына өшпестей аяусыз таңбасын салған, осыншалық қымбатқа түскен тәуелсіздікті тек қазығы мықты қағылған төрт құбыласы тең, жан жақты ойластырылған, тоқсан түрлі торкөз сараптамалар сүзгісінен өткен заңдар арқылы бекітуге болатын-ды. Бұл өзі, ескі замандардан айқындалған, тағылымды тарихымыздан белгілі, әлмисақтан танылған ақиқат; бүгінгі майталман заңгерлеріміз кешегі әулиедей ардақты билеріміздің орынын басып, мойындарына артқан елдік ауыртпалығын белдері қайыспай көтере білді. Бәлкім, өткен замандардағы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы заңдарын өмірге әкелудегі билеріміздің еңбектері, қадірменді үш биіміз іргетасын қалап, тұтастырып берген Әз Тәуке ханның Жеті Жарғысы секілді, қаншама ғасырлар өтіп кеткен соң, қадір қасиеті көмескі тартқаны секілді, қанша көтерейік дегенімізбен, өз заманындағыдай дүбірі сезілмес, олай болатын себебі, арада қаншама кезең, ғасырлар сырғып өткен соң, сол қадірменді билеріміздің жанкешті еңбектерінің бәсі төмендеп, тарих қойнауларында ізі көмескілене бастауы заңдылық та болуы мүмкін. Өткен дәуірлерді былай қойғанда, біздің заманымыздағы тәуелсіздігіміз де әртүрлі дау дамайлы өткелектерден өткендігі рас, оның айналасында қызу тартыстар жүргені де рас болатын. Оның тарихын түбегейлі қопармай ақ қоялық, осы республика күніне байланысты біраз ауытқулар мен толқулар жүріп өткендігін сергек саналы қоғам ұмыта қоймас. Ойымызды нақтылай түсу үшін, тәуелсіз Қазақстанның тәй-тәй басқан әуелгі қадамдарына көз жүгіртуге тура келеді. Республика күнінің тарихы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан басталады. Нақтылай түссек, 1990 жылы, 25 қазанда, «Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел атануына тікелей жол ашқан аса маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси құқықтық негізі жарияланды. Осы декларацияның арқасында Қазақ КСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Декларацияның қабылдануы- мемлекет тәуелсіздігінің іргетасы қалануы болып саналып, өз территориясы, азаматтығы, мемлекеттік өкіметтің дербестігі мен толықтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері: Елтаңбасы, Туы, Әнұраны, Ұлттық валютасы- теңгесі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориялық тұтастығы саяси құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы акт арқылы әлем картасында «Қазақстан» атты жаңа мемлекет пайда болып, Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы, 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Аңдап отырғандарыңыздай, біз неғұрлым сөз үнемдеп, қысқаша тұжыруға тырыстық, зерделі оқырман тәуелсіз еліміз үшін қаншама қымбатқа түскендігін, мұнда қаншама ел қайраткерлерінің жұмсаған ерік жігері, қажыр қайраты, төгілген тері жатқанын пайымдап отырғаны сөзсіз. Жүйрік көңіл бірден аңғарарлықтай, бір ғана тәуелсіздік жаңғырығы аясында қаншама мемлекеттік маңызды құжаттардың дайындалуына, әрине, ең алдымен, еліміздің ең үздік заң қайраткерлері тартылды. Міне, ел заңнамасы тарихында есімі алдымен ауызға алынатын әйгілі заңнамашы Салық Зиманұлы Зиманов бастаған Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Нағашыбай Шәйкенов, Оразалы Сәбден,т.б. айтулы заңгерлеріміздің жинаған мол тәжірибесі осы тұстарда ел игілігіне жарады. Тек олар емес, жалпы еліміздің заңы мен сот салаларының иығына осы кезеңдерде үлкен жауапкершілік сынағы түсті, және олар осы сынақтан абырой биігінде өте білді. Әрине, бұл өзге сала мамандары ел тәуелсіздігінің негізі қаланып, қалыптасуына атсалыспады дегеніміз емес. Бұл тараптағы философ академик Жабайхан Әбділдин, тарихшы академик Манаш Қозыбаев, қайраткер ақын жазушылар, сол жауапты кезеңдерде ел қалаған депутаттар Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсыновалардың ел мүддесін қорғаған жалынды сөздеріне талай куә болғанымыз шындық. Осы ардақтыларымыз, сол сындарлы шақтарда, тіпті, депутаттар қақ жарылып, «біз одақтан айрылмайық, қалай болған күнде де Ресейдің қолдауынан айрылып қалмауымыз керек» деп тұрғанда, ел мүддесіне шырылдап араша түсті. Солай дей тұрсақ та, ел тәуелсіздігін сақтай білу, тұрақтандыру үшін, заңмен бекітілетін мемлекеттік маңызды құжаттарды қорғау жауапкершілігі туғанда қайраткер заңгерлеріміздің белсенділігі ауадай қажет болатын. Міне, осы тұстардағы Салық Зиманұлы Зиманов бастаған қайраткер заңгерлеріміздің қыруар еңбек сіңіргендігін баса айтуға қақылымыз және міндеттіміз. «Айтпаса, сөздің атасы өледі», нақ осы тарихи сындарлы жауапты кезең туғанда, өткен дәуірлердегі билер институтының марғасқа майталмандары секілді, біздің заманымыздағы олардың ізбасарлары тарих сахнасына көтеріліп, ел мүддесіне тізе қосып еңбек етті, тәуелсіздігімізді тұрақтандырып, баянды етуге бар қажыр қайраттарын жұмсағандығын әділеттілік үшін баса, қадай айтамыз. Ақиқаттың салтанат құруы үшін! Ел тарихына, оның жүріп өткен жолдарына деген құрметіміз үшін! Өкінішке орай, жоғарыда айтқанымыздай, тәуелсіздікті тұрақтандыру төңірегінде бәрі тақтайдай теп тегіс болып, алдымыздан даңғыл жолдар сайрап ашыла қалған жоқ еді, оның бір үлкен дәлелі- осы қаншама тер төгумен орындалып жатқан мұрат мүдделеріміздің аяқасты қадірі түскендігі сол, тәуелсіздікке жол ашқан республика күнінің он үш жыл бойы мереке ретінде аталмай қалуы болатын. Әрине, дәл қазір бұған айыпты іздеп, себеп салдарына үңілсек, жақсы қозғалған тақырыбымыздың мәні қашады. Ең бастысы,- тәуелсіздігіміздің тарихындағы жаңылыстық түзетілді, кемістіктің орыны толды. Айтайын дегенім,- 2022 жылдың маусым айында Ұлттық құрылтайдың 1-ші отырысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды және тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды. Өз сөзінде: «Республика күні- елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.» Міне, біз ел Президентінің бұл қадамын Тәуелсіздік мұраты жолында еңбек еткен, тіпті, жанын құрбан еткен алаш арыстарына деген құрмет, осы ұлы мұрат жолында империямен арпалысқан ерлерімізге құрмет, және осы Тәуелсіздіктің тұрақтылығына үлес қосқан, қаншама заңдар, ең басты құжат- Декларацияны бекіту жолына тер төккен Салық Зиманұлы Зиманов сияқты ардақты тұлғаларымыздың баға жетпес еңбегін бағалау, жаңғырту деп қуандық, халық үшін жасалған еңбектің ешқашан өлмейтініне деген сеніміміз нығая түсті. Ең бастысы- Республика күні- Ұлттық мереке ретінде қайта түлеп жаңғыруы халқымыз үшін зор қуаныш. Елдің өнегелі тарихы осылайша жасалмақ, нартәуекел қадамға бел байлаған елдік мүдделі шешім қабылдау арқылы дүниеге келмек. Біз жұртымызбен бірге осындай аршынды, мемлекеттік маңызы жоғары қадамдарға қуана отырып, қолдауға әзірміз.

Біз өткеніне құрметпен қарайтын, ата- бабалар салтына бас иіп, ұлағатын ала білетін жұрт өкіліміз. Тіпті, азуын айға білеген империяның өзі ұлттық қасиеттерге тұнған рухымызды сындыра алмады. Ғасырлар бойы жұртымызды қанша соқпақты, соқпақсыз дүрбелең қиын қыстау замандарға душар қылып, ықтиярсыз соғыс, шапқыншылықтарға мәжбүрлесе де, "ақтабан шұбырынды, ақтабан сұлама" дәуірлерге ұрындырса да ар намысты, жігерлі жұрт тарих сынақтарына төзе білді, еңсесін түсірмей, қарсы тұра білді. Жұбан ақын айтпақшы, «мың өліп, мың тірілсе де» келешегіне сенді, ұрпағы үшін жарқын болашағына деген сеніммен өмір сүрді. Тарих сынағы демекші, алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай дүниеге төңкеріс жасап, әлемді уысында ұстағысы келген диктатор тирандардың мәңгілік емесіне мегзеп, олар құрған адамзат мүддесіне кереғар жүйеге де ақырзаман туарына көрегендік сәуегейлік жасап,  мынадай терең ұлағатты, әрі қатаң, әрі қара қылды қақ жарғандай әділетті  болжам жасаған екен: «Тарих рақымсыз. Ол ғұламаны да, білгірді де, өнер иесін де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бәрін езіп жаншып жүре береді. Тарих заңдары кері қайтуды білмейді және оны жаратпайды.»

Мұстафа Шоқайдай кемеңгердің алдаспанмен қақ жарғандай ақиқат пікіріне келтірер мысалдар аз ба. Оған кешегі дүниені қызыл қанға бояған тирандар қолымен дүниеге келген жауыз кеңестік империяның әп сәтте опырылып қаусап, құлап түскенін айтсақ та жеткілікті. Өз заңына қайшы келген саясатқа тарих «рақымсыздық» танытты, тарих дөңгелегі әділетсіздік пен қиянат қысымға негізделген империялық жүйені таптап, «езіп жаншып» өте шығып, тас талқан етті. Дүниенің бәрі салыстырудан- ақ-қарасын айырудан,- асылынан- жасығын, жақсысынан-жаманын, күнгейінен-көлеңкесін, барынан-жоғын ажыратудан тұрады. Салыстырмай-сапасын сараптау жоқ, айырып-ажыратып алмай, ақиқатты тануымыз да мүмкін болмас. Тап сол сияқты бүгінгінің қадір-қасиетін тану үшін, өткенімізді сүзгіден өткізуге тура келеді. Кеңестік жүйе халқымызды нақ осы сараптап салыстыру, талдап-таразылау мүмкіндігінен айырды; таңдау қалдырмай, тек, әкем де, шешем де, жалғыз қамқорым да, құдайым да- совет үкіметі» деген жалғыз ұғыммен тәрбиеленіп өстік. Ұлттық мұрат мүддеміз, ата- бабалар жолы- өнегесі мен ұлағаты, ғасырлар бойғы қалыптасып келген салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық барша қадір қасиетің «советтік менің өз елім!», «Алға, комсомол!», «Бастаушымыз-коммунистік партия!», «Партия қайда болса-жеңіс сонда!»- деген ұрандардың астында көміліп қалды. Тәуелсіздіктің үлкен жеңісі сол, - осы таптаурынға айналған ұғымдардың қоясын қопарып, шаңын аспанға шығарды, сана сезімдерді дүр сілкінтті, басқаша ойлауға, ұлт қадір қасиетіне тереңдеп бойлауға үйретті. Ең бастысы- ата- бабаларымыздың жүріп өткен жолдарының тағылымы мен үлгі- өнегесін тануға, тәлім тәрбиелік мәнін ұғуға үйретті. Иә, терең тағылымды тарихымыз бар екен, ғасырлар қойнаулары толы қалың қатпарлы шежіре, тұнып тұрған тылсым тарихат екен! Тәуелсіздік таңымен бірге ел тарихының өткені оралып, жаңа беттері ашылды, яғни, өткеніміз бен бүгініміз бет пе бет жүздесті, қазақ баласы мұндайды «өлгенім тіріліп, өшкенім жанды» демеуші ме еді. Осылайша, елдіктің тұғыры биікке көтеріле бастады. Таяуда Семей жерінде, данышпан Абай елінде ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойында елдігіміздің мәртебелі мерейіне куә болдық, данасын ұлықтаған елдің көл көсір қуанышын көріп, көңіліміз шарықтады. Өзім заңгер ретінде, ұлы Абайдың би- заңгерлігі үлкен мінбелерден айшықтай аталып, кемеңгерлік келбеті ашыла, жаңғыра түскеніне қатты қуандық. Иә, қай заманда да, би заңгерлеріміз елдік мұрат мүдделеріміз жолында халқының алдыңғы сапында жүріп, белсене еңбек етіпті, осыны сезіну біз үшін зор мақтаныш. Халқымыздың парасатты перзенттерінің бірі, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза: «Заң- мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты»- деген екен, бұдан асырып, заңның тұғырын көтере алмаспыз ау, сірә. Республика- елдік атауы, мемлекет тұғыры, ал оның тұғыры мен тұрақтылығын нығайтатын заң емес пе, осыны естен шығармалық. Рим ойшылы Платон: «Мен заңның ешқандай күші болмайтын, және біреудің билігіндегі мемлекеттің күні санаулы екенін айта аламын. Билеушілер заңның құлы болатын мемлекеттің адамдарына құдай игілік сыйлайды»- деген екен, заңның құдыреттілігін осыдан асырып қалай жеткізе аларсыз?! Қазақтың даналығын өз ішіңізден іздесеңіз де жаңылыспай табасыз: «Қазақтардың моральдық кодексін олардың мақал мәтелдері мен аңыз әпсаналарынан іздеңіз»- деген екен халқымыздың дарынды перзенті Олжас Сүлейменов. Иә, айтса айтқандай, ұстаз тұтар білікті марғасқа би заңгерлеріміздің баршасы халықтық педагогикамен тәрбиеленіп, мақал мәтелдерімен, даналық ұлағаттарымен көзін ашқан, сол арқылы ақыл парасат деңгейіне көтерілген, жұртының ыстық махаббатына бөленген! Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Біздің іздегеніміз- алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар»- деген екен. Қайран есіл ер басы ноқтада, мойыны бұғаулы жүрсе де қазағы үшін той дүбірі алыс еместігіне сенген, болашақ ұрпағы үшін қуанған! Ендеше, ел жұртымыздың мерейі әрқашан үстем болсын, елдігіміз баянды бола берсін! Республика күні құтты болсын!

ҚР Судьялар одағының төрағасы Д.С. Әмір