Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күнімен!

Құрметті оқырмандар, әріптестер!

Қазақстан Республикасының Судьялар Одағының атынан Сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы біздің елдің тәуелсіздігін жариялаған ұлы құжат болды.

Бұл күн Қазақстан халқының ғасырлар бойы арман еткен бостандығы мен егемендігінен, ұлттың өзінің жолын таңдаған, еркін әрі тәуелсіз өмір сүруге деген ұмтылысынан туындаған ерекше кезеңнің бастауы еді. Тәуелсіздік күні - бұл тек тарихымыздағы маңызды дата емес, сонымен қатар еліміздің әрбір азаматының төккен тері мен жанқиярлық еңбегінің жемісі, біздің ұлттық рухымыздың жоғары көтерілген сәті, ұлы мақсаттарға жету жолындағы бастамамыз.

Тәуелсіздіктің маңызы туралы ойлағанда, біздің ата-бабаларымыздың қайсарлығы мен табандылығы, елінің болашағы үшін күрескен арыстардың бейнесі көз алдымызға келеді. Тәуелсіздікке жету жолы – өте қиын және терең ізденістермен өткен ұлы жол болды. Бұл көп ғасырлық жол 1986 жылғы 16 желтоқсанда ата-бабаларымыздың рухани күші мен ерік-жігеріне сүйене отырып, батылдық пен жанқиярлық танытып, біздің жастарымыз алаңға шығып еркіндік пен әділдік үшін күресті. Желтоқсан оқиғалары ұлттық рухты қайта жаңғыртып, жаңа, күшті әрі гүлденген тәуелсіз мемлекетті құруға зор серпін берді. Бұл тарихи беттерді естен шығармау – біздің адамдық борышымыз, себебі бұл оқиғалар Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаудың алғашқы қадамдары болды.

Тәуелсіздік – бұл тек саяси еркіндік қана емес, ол сондай-ақ мәдени, рухани, әлеуметтік және экономикалық бостандықты да білдіреді. Осы бір ғана сөздің астарында бүкіл халықтың әл-ауқаты, болашақ ұрпақтың өркендеуі, біздің еліміздің әлемдік аренада өз орнын алу жолындағы қажырлы еңбегі жатыр.

Мемлекет Басшысының жетекшілігімен елімізде әр салада көптеген реформалар жүргізіліп, мемлекетіміз халықаралық қоғамдастықта лайықты орнын ала бастады. Әрдайым алда тұрған қиындықтар мен ғаламдық дағдарыстарға қарамастан, Қазақстан өзінің әлеуетін арттыра отырып, экономикалық және әлеуметтік, саяси даму жолында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктерге негіз болған басты факторлар - еліміздегі тұрақтылық, ұлт бірлігі және азаматтардың арасындағы келісім. Осы тұрақтылық пен келісім біздің болашағымыздың іргетасы болып қалатыны сөзсіз.

Бүгінде Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен бейбітшілікте әрі достық қарым-қатынаста өмір сүруде. Біздің еліміз халықаралық келісімдерге қол қойып, маңызды халықаралық ұйымдардың мүшесі болып, әлемдік қауымдастықта өз сөзін айта алатын деңгейге жетті. Қазақстандықтар өздерінің қажырлы еңбегімен әлемге танымал болды.

Тәуелсіздікке қол жеткізу – бір сәттік қуаныш емес, бұл ұлы еңбек пен жауапкершілік. Ел тәуелсіздігін алған сәттен бастап, әр азаматтың алдында мемлекетіміздің болашағы үшін қызмет ету міндеті тұрды. Әрбір қазақстандықтың қолынан келетіні – өз Отанын сүю, оны дамыту жолында адал еңбек ету. Тәуелсіздік біздің ортақ құндылығымыз. Ол тек тарихтың, мемлекеттің немесе саясаттың емес, барлық азаматтардың қолындағы мықты құрал.

Сонымен қатар, тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, еліміздің тұрақты дамуына және заң үстемдігін қамтамасыз етуге сот жүйесінің, оның ішінде судьялар қауымдастығының атқаратын рөлі ерекше маңызды екенін атап өткім келеді. Сот жүйесінің тұрақты дамуы – құқықтық мемлекеттің басты негізі, себебі әділ сот төрелігі елдегі заңдылықты сақтауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдағы әділдік пен теңдік принциптерін орнықтыруға бағытталған.

Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында сот жүйесі үлкен жауапкершілік арқалайды. Ол еліміздің болашағын айқындауда маңызды рөл атқарып, мемлекетіміздің демократиялық дамуына қосымша серпін береді. Тәуелсіздіктің негізгі қағидаларының бірі – заң алдындағы теңдік пен әділдіктің қамтамасыз етілуі. Судьялар қауымдастығы бұл үдерістің көшбасшысы ретінде, Қазақстанның әділетті, құқықтық және тең құқылы қоғам құрудағы маңызды күш болып табылады.

Біз үшін Тәуелсіздік – асыл мұра. Ол біздің болашақ ұрпағымызға қалдыратын ең құнды байлығымыз. Тәуелсіздіктің қадірін ұғыну, оны сақтау – біздің міндетіміз. Ал бұл үшін әрқайсымыз өз ісімізде адал, жауапкершілікті, еңбекқор болуымыз қажет. Қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен бағдарламалар жастарға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, елімізді дамытатын, әлемдік аренада келесі сатыға жоғары көтеретін азаматтарды тәрбиелеу біздің басты міндетіміз.

Тәуелсіздігіміздің 33 жылдығы бізге бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу жолында өткенімізді еске түсіруге, алдағы мақсаттарымызды айқындауға мүмкіндік береді. Елдің бірлігі мен бейбітшілігі – бұл біздің басты құндылығымыз. Бірлігіміз жарасқан, татулығымыз берік болса, біз ешқашан жадымыздан шықпайтын бұл Тәуелсіздікті мәңгі сақтап қаламыз.

Құрметті оқырмандар, әріптестер! Сіздерді еліміздің Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтауымды білдіре отырып, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық, және елімізде әділдік пен заңдылықты нығайту жолындағы абыройлы қызметтеріңізде үнемі жетістіктер тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен өркендеуі үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз аса маңызды әрі бағалы.Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

ҚР Жоғарғы Сотының судьясы,

ҚР Судьялар одағының төрағасы

Досжан Сарманқұлұлы Әмір