АР ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ ҒАЖАЙЫП ӨНЕГЕСІ

Еліміздің көрнекті қоғам қайраткері Н.Оңдасыновтың 120 жылдығына АР ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ ҒАЖАЙЫП ӨНЕГЕСІ

Осы бір ғажайып жаратылысты тұлға туралы қайтсем жазуым керек деп толғанып жүргенімде, күнделікті қарбалас тірлікпен уақыттың білдірмей жылыстап өтіп, жыл соңына жылжып жетіп қалғанымызды бір-ақ біліп, қынжылыңқырап отырған жайымыз бар. Бірақ, қисынға қарай жығылсақ, қазақ «ештен кеш жақсы» демей ме. Біз, кейде, кеңес дәуірінде өмір сүріп, қызмет еткен күрделі тұлғалар туралы айтқанда, «қайшылықты тағдыр кешкен» деген анықтама береміз. Бұл дегеніміз, жетпіс жылдай ғана өмір сүргенімен, адамзат тарихында терең із қалдырып үлгірген, қарама-қайшылығы мол, экономикалық жетістігімен, білім-ғылымымен суырылып алға шықса да, қатыгез саясатымен де дүниені теңселткен, әлемге «түрмелер лагері» деген де атағымен танылған «Кеңестер Одағы» деп аталатын мемлекетте өмір сүріп, қызмет еткен күрделі тұлғалардың саяси өміріндегі еріксіз адасқан, адастырған бұлдыр кезең өкілі екендігіне мегзеген анықтамалық уәжіміз болатын. Яғни, әйгілі тұлғаларымызды сол бұлыңғыр заманның батпағынан арылтып, аршып алып, өзінің туған халқымен шынайы, таза қалпында табыстырмақ адал ниеттен туындап, қалыптасқан үрдіс болатын. Нақтылай түссек, тұлғаларымыздың өмірінде күрделі шым-шытырық жағдайлар кездессе, оған тек қана, тізесі қатты, тегеурінді саясат ықпалы болғандығына меңзегендігіміз еді. Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов туралы көптен оқып, сол күрделі, қайшылықты дәуірде жасаған саналуан абыройлы істері мен қызметіне сүйсініп келе жатқаныма біршама болса да, ой толғау сәті енді түскен сыңайлы. Мені сол күрделі заманда өзінің әппақ арына қылау жұқтырмай шыға алған осындай биік тұлғалардың өмірі қызықтырады, сүйсіндіреді, толғандырады. Олардың қай салада қызмет етуі де маңызды емес, өйткені, адамшылық істер, ар-ождан биіктігі- баршамызға ортақ ұлағат болмай ма, заң мен сот- сол адамзаттық мүдделердің құлы. Ықыласың қатты құлаған істі атқару үшін, өзге бірер маңызды шаруаларыңды қысқартып, құрбандыққа баруыңа тура келетіні де рас... Н.Оңдасынов туралы жазсам-ау деп ізденгенде, мен ол кісінің, өзім өмірі мен қызметі жайлы толғанған тағы бір үлкен қайраткеріміз Ж.Тәшеновпен ұқсастығын, яғни, атқарған іс-әрекеттерінде ұлт мүддесінің басым жатуымен жақын екендігін көңіліме зерделеп, қоя салып едім. Ж.Тәшенов туралы да бір толғанып, көңіл сарабына салып, мақала жазғанымыз бар еді. Кейін, Н.Оңдасынов туралы көлемді құжаттар мен материалдар жинағы қолыма түскенде, салыстыра зерделей отырып, осыған көзім жете түскендей болды. Дегенмен, екеуінің өмірінде біз көңіл бөлерліктей айырмашылықтар да бар екендігін аңғардым. Осы кітапқа жазған алғысөзінде көрнекті тарихшы ғалым Х.Әбжанов екі тұлғаны салыстыру тұрғысынан былайша дәйек келтіреді: «... «Бәрі салыстырумен танылады» деген қағида бар. Өмір жолдарын және қызмет баспалдақтарымен өсуін көктей шолып қарасақ, Н.Оңдасынов пен Ж.Тәшенов арасындағы ұқсастықтарды байқау қиын емес. Екеуі де облыс басқарды, екеуі де Қазақстан үкіметінің басында тұрды, екеуі де республикалық Заң шығаратын билік тізгінін ұстады. Бірі 50-ге толмай, екіншісі 60-қа келмей үлкен саясаттан ығыстырылды. Бар айырмашылығы- Ж.Тәшенов ұлттық мүддеге қайшы Мәскеу теориясы мен практикасына ашық қарсы шықса, Н.Оңдасынов орталықтағылардың қытығына тиместен, ұлттық мүдде үдесінен шығу мүмкіндігін молынан пайдалана алды...» Міне, осылайша ғалым қос қайраткердің ел өміріндегі салмақты орынынан сындарлы айқындама бере отырып, Нұртас Дәндібайұлының сол бір аса күрделі кезеңдерде табандылық пен төзімділіктің асқан өнегесін көрсетіп, атқарған абыройлы істерінің бастыларын тізбелеп өтеді: «...Түптеп келгенде, екеуінің де тәуекелі ұлы нәтижелермен көмкерілді. Ж.Тәшеновтің табандылығы қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалса, Н.Оңдасыновтың саясаткерлігі ұлт білімі мен ғылымын, мәдениеті мен өнерін өрге сүйреді. Д.Қонаевтың үкімет басшысының орынбасары қызметіне, Қ.Сәтбаевтың Қазақ КСР Ғылым академиясының Президенті болып сайлануына, Х.Наурызбаевтың кәсіби мүсіншілікті игеруіне Нұртас Дәндібайұлының тікелей араласқаны тарихи факт. Ал Мойынты-Шу теміржолын салуға мұрындық болғаны – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәңгілік ескерткіш. Бұл жайында өзі де былайша жазған екен: «Қара бастың қамы үшін емес, жұртың үшін, елің үшін мысқал да болса еңбегің еңсеңді көтереді. Өзің өлсең де, еңбегің өлмейтіндей болғанға не жетсін! Мен емес, Мойынты-Шу жолын салған қалың ел, талайлары кезінде орден-медаль, мақтау қағаз секілді мадақ та алған. Әйткенмен, Арқа мен Алатау арасын жалғаған қасқа жол Мойынты-Шу жолының ұрымтал бір тұсына еңселі бір ескерткіш тұғыр орнатса, сонда жекелеген еңбек ардагерлерінің есімін қашап жазып қалдырса, ұрпақ үшін ол да жарасымды бір мирас болып қалмас па?!». / Х.Әбжанов.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі. Қилы заманның тұғырлы тұлғасы. Алғысөз. Нұртас Оңдасынов. Құжаттар мен материалдар жинағы.4-5 б./ Осы қысқа лебіздің өзі- оның көңіл айнасының көрінісі, бар мүддесі халқының тыныс-тірлігімен біте қайнасқан жанның өмірлік мұраты да тек осылайша өріліп, жалғаса бермек. Н.Оңдасыновтың ұлағатқа толы өмір жолдары қызықтырған үстіне қызықтыра түсіп, әрлі-берлі әдебиет төңкергенде, солардың ішінде зор еңбек еткені өзінің топырағынан шыққан, яғни, түркістандық ғалым-журналист, әрі бірден-бір оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалиева болғандығына көзімізді жеткізе отырып, ол кісінің топтама жинағынан талай жан сүйсіндірер толғамды естеліктер оқып, қайраткер еңбегіне терең бойлай түстік. Әрине, ол естеліктердің бәріне тоқталу мүмкін емес, дегенмен, Нұртас Дәндібайұлының өмірі, әсіресе, республика үкіметін басқарған/1938-1951 аралығы/ жылдары туралы толғана сыр ақтарған белгілі қоғам қайраткері, журналист-жазушы Нұрмұхан Оразбектің аса мазмұнды, әрі қайраткер еңбегін нақты көрсетіп, танытқан тұстарынан дерек келтіре кетуді жөн санадық: «...Иә, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов республика үкіметін тұтас он үш жыл бойы- 1938-1951 жылдары басқарды. Нұрекеңнен ұзақ атқарған жалғыз қайраткер Бәйкен Әшімов ағамыз ғана. Бірақ, Байекеңнің үкімет басқарған жылдары социализмнің жетер шыңына жеткен жылдары, одан кейін бәріміз куә құлдырау басталды. Ал, Нұрекең үкімет басқарған жылдар жүрегі «халық» деп қана соққан аяулы ағаларымыз қынадай қырылып біткен соғыс алдындағы алаңдаулы жылдар, елдің сіңірі созылып, «әупіріммен» жан сақтаған, мыңдаған перзенттері қан майданда кескілесіп жатқан соғыс жылдары, тұралаған елді тамағын тойындырудың толғақты мәселелерін қалай шешудің жолдарын талмай іздестіру қажет болған жылдар еді. Мұның үстіне Нұртас үшін биік мансапқа дейінгі 34 жыл ғұмыр да оңай болмаған-ды. Шиеттей бала-шаға ортасында бірінің аузына бірі қараған қарғыс атқан жетімдік, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, кірпіш зауытында қара жұмысшы болу, ашқұрсақ жүріп Ташкентте оқу, республиканың орман шаруашылығындағы тынымсыз жұмыс, Шығыс Қазақстан,/ Семеймен қоса, және Павлодар кіретін/, аз уақыт- бір пенденің ғұмырына аздық етпейтін үлкен мектеп, байыптай білгенге бай мектеп еді. Сондықтан шығар, Нұрекең өзіне және халқына сенуді, халқымен ақылдасуды, содан дұрыс қорытынды жасап, тиісті шешім қабылдауды ал шешім қабылданған екен, оны бұлжытпай орындауды өзгермес қағида етіп алыпты Дәл осы принциптен ешқашан айнып көрмепті. Мәскеудегі оқуынан кейін республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ел басшылығына түп-түгел мәскеуліктер,/Пономаренко, Брежнев,т.б./ келіп, Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары да сол принциптен жаңылмапты. Тегінде оның 58 жасында зейнеткерлікке «қуып жіберілуіне» де сол принцип «кінәлі» болса керек...»/Н.Оразбек. Халықтың қамын жеген бір перзенті. «Нұртас Оңдасынов» жинағынан.Астана:Елорда.2004 ж./ деп келеді де автор Нұртас Дәндібайұлының халқының қамын жей жүріп, Кремль басшыларымен, оның ішінде, Н.С.Хрущевпен талай рет тәжікелесіп, аралары күрделі шиеленіске дейін жеткені туралы жазады. Демек, біздің қаһарман тұлғамыз бәзбіреулер айтып жүргендей, туған халқының күрделі мәселелері талқыға түскен кездерде, үнемі бас изеп, жоғарыдағылардың ыңғайына жығыла бермеген, айтысатын жерде айтысып, тартысатын жерде тартысуға дейін барған, елінің мүддесі үшін қайтпас қайсарлығын танытып отыратын уақтары аз болмаған. Мені таң қалдыратыны, соншалықты саясаттың шиеленіске толы, күрделі дәуірінде оның арына қылау жұқтырмай, халқына деген махаббатын кіршіксіз сақтай білгені, оң ісіңнің өзінің өңі теріске айналып, үлкен тұлғаларымыздың өздері «халық жауы» деген жалалы атаққа ілігіп, дүние астан-кестен болған аласапыран шақтарда, саяси жүйе мен халқының арасында дәнекер бола жүріп, елінің пайдасына қызмет еткені, өзіне жүктелген үлкен міндеттерді абыроймен атқарып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», жігін таба білгендігі дер едім. Және ешқашан да халқының мұрат-мүддесін сатпаған, аяқасты қылуға, зымиян саясаттың ұлтшылдық желеуімен құрдымға батыруына жол бермеген. Бұл айтқандарымыз, Нұртас Дәндібайұлының аса сұңғыла, сарабдал саясаткер бола алғандығының айқын дәлелі. Ол кісі туралы материалдар іздестіре жүргенде, мен бір оқшау білдірген пікіріне қатты сүйсінемін, бұл елім деп атқа қонған әрбір азамат көкейінде ұстауға тиіс аса ғибратты лебіздің өнегесін жая жүру парызымыз деп ұқтым: «Қандай қиын кезеңдерде ел басқарсам да ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ- арым таза, ешкімнен ешқашан пара алған емеспін- қолым таза, ешқашан ешкімнің руын, жүзін сұраған емеспін- жүзім таза.» Неткен ғажайып рухтылық, неткен сенімділік! Серт үстінде семсермен тілгендей қылып, мынадай жүректі лебіз білдіру- ар-ождан тазалығының биік шыңы, адамның адамына бітер дара қасиеттілікпен бірге, бекзат болмысты жаратылыс сипаты дер едім! Н.Оңдасыновтың өмірі мен қызметін тыңғылықты зерттеп, бірнеше кітап шығарған, яғни, бұл күндегі арамызда жүрген бірден-бір еңбегі сіңген оңдасыновтанушы деп мойындайтын замандасымыз, тіпті, өзі туралы халыққа тек қана ақиқатты танытуды аманаттап, қайраткер өз қолымен материалдарын тапсырған Гүлсім Оразалықызына зор алғыс айтуға міндеттіміз. Ол кісінің «Ары да, қолы да, жүзі де таза басшы» / «Әділет».28 маусым, 2024 жыл./ атты мақаласын аса қызыға оқып, кітапханадан зерттеу кітаптарын да ризашылықпен сүзіп шығып едім./ Еңбектер: 1.«Нұртас Оңдасынов. Ой-толғаныстар мен естеліктер.» Астана:Елорда. 2004. Құрастырып, баспаға әзірлеген Г.Оразалиева./ 2. «Нұртас Оңдасынов». /Ғұмырбаяндық хикаяттар/ Оразалиева Гүлсім. Алматы. «Білім». 2004 ж. Осыншалық өнегеге толы ғұмыр кешкен көрнекті қайраткеріміз туралы еңбектенудің өзінің ғибрат екендігін айту парызымыз. Автор аталмыш мақаласында, өз кейіпкерінің шау тартқан шағында үйіне іздеп барып, батасын алғаны туралы тебірене толғана келіп, өзі туралы жазып, зерттеу ісін қолына алып отырған қарындасының әуелгі қобалжулы кейпін сезе қойып, сондағы айтқан сөзін келтіреді: «Балам, сен мен үшін ешқашан ұялмайсың!» дей отырып, жүрегіне сенімділік ұялатып, өз өмірінің өкінішін аз сөзбен түйіп өтіпті: «Балам, мен өмірімнің соңғы жиырма бес жылын сөздіктер жазуға арнадым. Бірақ мына отырған менің балаларым оның бір сөзін де түсінбейді, аналары орыс болған соң, соның ырқында кетіп, қазақ тілін білмей, дәстүр-салтынан бейхабар болып өсті. Мен болсам, таңның атысы, күннің батысы ел қамымен жүрдім, өте қиын кездерде үкімет басқардым...Ұрпағымды солай жоғалтып алдым...өкінемін. Бұл үшін халқымның алдында басымды иіп кешірім сұраймын...»/сонда./ Осынау шынайы мойындаушылықтың өзі Нұртас Дәндібайұлының қаншалықты ар тазалығының биіктік деңгейін, империялық саяси үстемдік еңсені езіп тұрған қиянатшыл қоғамда мүмкіндігінше халқымен тілегі бір болған, замана кесапатын өз иығына арта білген кішіпейілділік бітім-болмысының айғағы демеске қақымыз жоқ. Бұл жағдай- ол кісінің ғана емес, өзінен алдыңғы алаш көсем-қайраткерлерінің, қазақтың бірталай маңдайалды тұлғаларының басына түскен ортақ кесел болатын. Ал әппақ арлы тұлға сөзінде олай ешкімді алға тартып ақталу да жоқ, кезең талабына аудара салып, сүттен ақ, судан таза болып шыға келейін деп шыр-пыр болып, өзіне шық жуытпайтындай ниеті де болмағанын аңдағандаймыз. Ұлы қайраткер тұлғаның бұл жанауыртар лебіздерінен біз оның шын мәнінде арының таза болғандығына, және шыншылдығына, сонымен бірге, өте қарапайым болғандығына, кішіпейілдігіне көзімізді жеткізе түсеміз. Мұндай адамды соқыр саясаттың қиянатына беріп, істерінен мін іздеп, сын тезіне алуымыздың өзі әбестік болар еді. Арлы қайраткердің сол кездерде екінің бірінде кездесіп жататын жеке басының тірлігін ағаттығым деп өкініш білдіруі оның ұлы жүректі қасиет сипаты деуіміз керек. Нұртас Дәндібайұлының алғашқы шәкірттік талпынысы, тұңғыш қадамы атақты Ғани Мұратбаев есімімен байланыстылығының тарихи маңызы зор. Осы бір, жап-жас уыздай шағында-ақ Қазақстан комсомолының тізгінін қолына ұстаған азамат әуелгі мектеп-интернаттарын ашып жатқанда, бақытына қарай, шу дегеннен жасөспірім Нұртасты тағдыр жалындаған жас Ғаниды жолықтырады. Бұл айтулы оқиғаның жай-жапсары туралы әңгімелемей, оның бұл туралы өз естеліктеріне жүгінелік: «...Жас шамасының қатарлас болғанына қарамастан, небары он сегіздегі мұғалім- Ғани Мұратбаевты балалар үйінде тәрбиеленушілер «Ғани ағай» деп атайтын. Ғани үлкенді- үлкен, кішіні- кіші деп сыйлай білетін тамаша тәрбиелік қасиеттерімен шәкірттерінің орасан зор құрметіне бөленді. Менің оған деген ықыласым елден ерек еді. Алғаш көрген бойда-ақ Ғани ағай маған ерекше әсер қалдырды, содан былай туған бауырымдай жақын тартып кеттім. Оның осыдан алпыс алты жыл бұрынғы бейнесі әлі де сол қалпынша көз алдымда.Ғани шынында да тумысы бөлек жан-тұғын. Ең әуелі ол өз-өзіне қатал талаптар қоятын. Бәрінен бұрын еңбекқорлығын айтсаңшы! Оның ұстанған девизі: кешегіге қарағанда бүгін көбірек жұмыс бітіру, ал бүгінгіден гөрі ертең молырақ шаруа тындыру. Барынша қарапайымдылығы да өзіне мейлінше жарасып тұратын. Достарының арасында кеңінен танымалдығына қарамастан, мақтангершілік атаулыдан бойын аулақ ұстайтындығы- бүкіл ғұмырын өз халқының мүддесі үшін жұмсаған Ғанидың мінез-құлқындағы тамаша қасиеттердің бірі еді. Ғани бұқараның жүрегіне төте жол тауып, жұртшылықты тез арада баурап ала қоятын, әрі өз айтқандарына иландыра білетін. Оның әрбір сөзі сауатсыз адамдардың қараңғы санасына сәуле себезгілейтін, сөйтіп, дүниенің тылсым сырларына ой үңгуге жетелеуші еді. Олардың өмірге деген құштарлығын оятатын. Біз бірте-бірте адамдар жарық дүниеге қайғы-қасыретті бастан кешіріп, уақыттың құлақ кесті құлы болып өту үшін келмейтіндігін түсіндік.../Н.Оңдасынов естелігінен. «Н.Оңдасынов. Ой- толғаныстар мен естеліктер» кітабынан.55-56 беттер./ Өзі айтып отырғандай, дәл осы тұста, өзі де шикі жастағы жасөспірім Нұртастың кісі қасиетін танып, айырарлық болмысына таңдай қағасың. Біз бұл естелік арқылы сол кездегі аңызға айналған Ғани Мұратбаев тұлғасын ғана емес, оның өзінің де адам қасиетіне бойларлықтай биік өресін, түсінік-таным деңгейінің жаратылысынан жоғары болғандығын шамалап, болжар едік. Ал осындай қарапайым болмысты қайраткер, мемлекет басшылығында жүріп, өзінің ұлты үшін қыруар қызмет атқарғандығы өз алдына, сол кездерде кешеуіл қалып келе жатқан Қазақстанның тіл білімі саласына да ұланғайыр өлшеусіз үлесін қосыпты. Оның үлкен нәтижелері қатарында, «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Араб текті қазақ есімдері» атты көрнекті ғылыми кітаптарға автор болғандығын атап өтеміз. Яғни, оның қазақ тіл білімі саласына еңбегі сіңген ғалым ретіндегі орыны өз алдына. Жоғарыда өзі атап өткендей, ол халқының үкімет билігі басына өте ауыр, аса бір қиын шақта келді. Оның билік басына келуінің мәні мен маңызын тереңірек ұғу үшін, сол кездегі кеңестік саяси жүйенің бағыт-бағдарын, Қазақстан республикасындағы хал-ахуалдың жағдайын тереңірек сараптап, байыптап шығу керек болар еді. Басқасын айтпағанның өзінде, оның Халық Комиссарлар кеңесінің төрағалығы қызметіне өзінің алдында нақ осы қызметті атқарған қазақтың төрт бірдей біртуар азаматтары Мұхамедхафи Мырзағалиев, Нығымет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Исаевтардың «халық жауы» ретінде атылып кеткеннен кейін отыруының өзі жүрек жұтқан тәуекелділік болатын. Өзге бір пенде оның орнында қалайда бұл қанды креслоға отырмаудың жолын қарастырар еді, тіпті, сталиндік қысымның қаһарынан құтылу үшін ең ақырғы әрекетке барып, атылып өлгендер аз болмағаны белгілі. Ал, Нұртас Дәндібайұлы болса, небары отыз төрт жасында осындай көзсіз ерлікке барып қана қоймай, екіжақты абыройға бөленген, яғни, Сталин бастаған кеңес басшылығынан да, өз халқынан да биік баға алған. Және ең бастысы- ол кеңестік жүйенің тілін таба отырып, өз ұлтының өркендеуіне өлшеусіз еңбек еткен, ғылымы мен білімінің дамуына, өнері мен мәдениетінің қарыштап алға басуына қыруар үлесін қосқан. Мысалға алар болсақ, Қазақстанның ҒА-ның ашылуына, оның басына Қаныш Сәтбаевтай нағыз ұлт жанашырының, нағыз ғалымның келуіне тікелей ықпал еткен Н.Оңдасынов болатын. Ол кісінің ұсынысымен соғыс жылдарының өзінде елімізде Ғылым Академиясы құрылып қана қоймай, үкіметтің қолдауымен республикада он алты ғылыми-зерттеу институты құрылып, жұмыс істей бастаған екен. Дәл осы мемлекеттің негізгі күш-қуаты майданға жұмылдырылып жатқан шақта, табанды ұлт қайраткері Қазақ мемлекеттік консерваториясының, бүкіл одақтағы жалғыз Қыздар педагогика институтының, Дене тәрбиесі институттарының, Шымкент технология, Қарағанды медицина институттарының ашылуына тікелей мұрындық болады. Мұның сыртында оның араласуымен облыс орталықтарында екі жылдық мұғалімдер институттары, техникум, училищелер ашылып, республикада білім, мамандық алып шығуға ынталылар саны еселеп артқан. Мұндай кесек қадамдарға барғызбағаны былай тұрсын, «ұлтым» деген сөз ауызынан шығуы мұң болған талай арыстар шетінен жазаға ілігіп жатқанда, ұлтымыздың халі мүшкілге айналған сол бір кезеңдерде ұлтының сойылын қаймықпай соққан, тілін өркендеткен, елімізде қат мамандықтар, мұғалімдер мен дәрігерлердің, инженер, құрылысшылар мамандықтарының игерілуіне ықпал жасауы- Нұртас Дәндібайұлының халқына жасаған өлшеусіз зор қызметінің негізгі бастылары ғана деп сеніммен айтамыз. Бұлардың арасында тындырылып жатқан ел экономикасы саласындағы ірілі-ұсақты қаншама еңбектерін тізбелеп шықсақ, бір мақала емес, әлденеше зерттеу мақала жазып шығуға тура келер еді. Н.Оңдасыновтың қолдауымен, сол соғыс жылдарында түсті металлургия саласы қарқынды дамыған, Шымкент қорғасын зауыты, Балқаш мыс қорыту, Лениногор, Зырянов полиметалл зауыттары, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Жезқазған мыс балқыту комбинаты,т.б.толып жатқан өндіріс орындарының жұмысы жолға қойылып, жандана түскен. Сондай-ақ, әйгілі Теміртау қара металлургия зауытының ірге тасын қалаған да осы табанды қайраткер. Оған «Теміртау» деген тарихи атау берген де өзі екен. Әуелгіде қазақ даласы үшін бұл өндіріс орыны бейтаныс, тіпті, жат болып көрініп, жұмыс күшін тарту қиын болғанда, осыған тағы мұрындық болып, күшін салған Нұртас Дәндібайұлы жүздеген қазақ жастарын осы іске тартып, оқытып, Теміртаудың іргетасын бекітіп, орталығын өндірісті қалаға айналдыруына себепкер болғанын әркім біле бермеуі мүмкін. /Бұл деректер Г.Оразалиева құрастырған «Н.Оңдасынов. Ғұмырбаяндық хикаяттар»./Алматы. «Білім». 2004 ж./жинағынан алынды./ Бұлардың бәрі айтуға ғана оңай, сол кеңестік империя бет қаратпай, дүниені уысында ұстап тұрған уақытында кәдеге асып-аспауы екіталай болған, үлкен жүректілік пен тәуекелді қажет қылған, ғаламат күш-жігермен іске асырылып отырған жасампаз істер болатын. Мұны өткен тарихымызға деген құрметіміз үшін, осындай ұлы жүректі ұлт қайраткеріне деген шынайы құрметіміз үшін бүгінгі ұрпақ алдында шынайы болмысымен ашып айтып, ақиқатымен таныстырып отыруға міндеттіміз. Оның қылышынан қан тамып тұрған сталиндік жүйе-деспотизммен қалай «тіл табысқаны» туралы айту- өте әрі нәзік, әрі күрделі мәселе екенін жақсы түсінеміз, және мұның өзі аса ауқымды тақырып. Тіл табысты деуіміздің өзі, бәлкім, нақты тұжырым емес, өйткені, ол бұл мәселеде қылыштың жүзімен жүріп өткен, бүркітпен ойнаған ажалды қарға дерлік үлкен тәуекелмен өмір сүріп, халқына қызмет ете білген қайсар тұлға болатын. Олай дейтініміз, қызмет барысында кеңестік сыңаржақ саясатқа талай қарсы шығып, өз көзқарасын ашық, өткір білдірген тұстары аз болмаған. Мысалы, саясатта «әулекі Никита» атанған Н.С.Хрущев Қазақстанның мақта өсіретін аймақтарын түгелімен Өзбекстанға беріп жібермек болғанда бұған өршелене қарсы шыққан екен. «Никита Сергеевич, Өзбекстанда өскен мақта Қазақстанда шықпайды деуіңіздің ешқандай қисыны жоқ!»-деп оның жолында кесе-көлденең тұра алған адам, сол тұста жалғыз Н.Оңдасынов болғандығы жоғарыда аталған ол кісі туралы зерттеуде жақсы баяндалған. Ал мұндай еңбектердің бағасы өте қымбат болатыны, Н.Оңдасыновтың нағыз белсенді қызметі сталиндик деспотизмнің отыз жылдық кезеңімен тұспа-тұс келуінің өзі көп жайды аңғартады. Сталиннің әйгілі. «Бұйрық талқыланбайды, орындалады!» деген қатаң девизін ұстанған жүйенің шаш ал десе, бас алатын уағында, сол дүлей саяси жүйеге қызмет еткен болып жүріп, халқының тілегін іске асырып келген Нұртас Дәндібайұлы үшін бұл әрекеттер қанша күшке түскенін болжау қиын емес. Ақын апайымыз Фариза Оңғарсынованың осы үстем саясат туралы: Үстемдіктің қолына ақыл, кейде, Қолына су құяды зығыры қайнап тұрып:..» -деп ақындық ұшқырлықпен озбыр саяси жүйенің тажал бейнесін дәл бейнелеп көрсетіп бергені еске түседі. Өзінің өмірі мен қызметінің мәні мен мазмұны, мұрат-мүддесі туралы тоқталғанда, ұлтын сүйген ұлы жүрегімен былайша ақтарылыпты: «...мен Үкімет басына келген күннен бастап, басым жастыққа тигенде халқымның жағдайын қалай жақсартсам екен, қалай ғылымды, білімді, мәдениетті елге айналдырсам екен деп жатып, осы оймен тұратынмын. Осы сұрақтарды өзіме үнемі қоюмен, соған жауап іздеумен өттім...» Тағы бір қосарымыз,Нұртас Дәндібайұлының соңына шырақ алып түсіп, ұрынарға қара таппаған сол заманның әпербақан, шолақ белсенділері оның іс-әректтерінен титтей кінарат таба алмай дымы құрып отырғанын қазір ғана жайбарақат еске алармыз. Өзінің бір естелігінде бұл туралы өзі: «үйіме келіп тұрған жақындарыма жоғары шығыңдар» дей алмайтын сынақ басыма түсті. Ең жаманы- жақсының- жақсылығын көріп тұрып, оны қолдай алмайтындығың болатын. Осы аңдудың салдарынан «жікшіл», «рушыл» деп шулап шыға келер деп, аса дарындылығына көзім жетіп тұрып, талай жерлестеріме көмек қолымды соза алмадым. Елінің болашағына адал қызмет етуге тиіс сол азаматтар менің кішкене де болса демеп жіберуіме зәру болып еді, осыған қатты өкінемін»-деп ағынан жарылатыны бар. Ал енді, осындай ұлтына деген жанашырлық мүддемен өмір сүрген, тек армандап қана қоймай, алға қойған мақсаттарын табанды түрде іске асырып отырған ұлтымыздың биік өрелі қайраткерінің: «...балаларым орыс аналарының тәрбие ықпалымен өсті» деп қынжылуының өзі, біздіңше, оның ар тазалығының бір сипаты деп ұғамыз. Өйткені, оның тағылымды да ғибратты ғұмыры- отбасылық өлшемнен әлдеқайда биік, ұлтын сүюдің, оның жолына басын тігудің, сол ұлы жолда бар өмірін сарп етудің жарқын өнегесі деп баға береміз.

Досжан Әмір. ҚР Жоғарғы Сотының судьясы. ҚР Судьялар Одағының төрағасы.