16-Желтоқсан Тәуелсіздік күні

Құрметті оқырмандар мен әріптестер!

  Қазақстан Республикасының Судьялар одағының атынан Сіздерді еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
  1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-аңсарының ақиқатқа айналғанын айқындаған тарихи шешім болды. Бұл күн еліміздің еркіндігі мен егемендігін әлемге жария еткен, өз тағдырын өзі айқындауға бел буған халықтың жаңа дәуірге қадам басқан сәті ретінде ел жадында мәңгі сақталады.               

Тәуелсіздік – бұл халқымыздың табанды күресінің, маңдай терімен келген адал еңбегінің, рухани бірлігінің жемісі. Егемендіктің мән-маңызын таразыласақ, ел болашағы үшін күрескен бабаларымыздың батырлығы мен қайсарлығы көз алдымызға келеді. Тәуелсіздікке жету жолы оңай болған жоқ. Ол сан ғасырлық тарихтың, рухани ізденістің және жанқиярлық күрестің нәтижесі. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – жастардың әділдік пен еркіндік жолындағы батыл қадамы, ұлттық сананың қайта жаңғыруының айқын көрінісі болды. Бұл тарихи кезең тәуелсіз, қуатты мемлекетті қалыптастыруға жол ашып, халқымыздың рухын асқақтатты. Осындай тағылымды беттерді ұмытпау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Тәуелсіздік ұғымы тек саяси дербестікпен шектелмейді. Ол мәдениеттің дамуын, рухани жаңғыруды, әлеуметтік әділеттілікті және экономикалық өсуді қамтитын кең әрі терең мағынаға ие. Осы бір қасиетті ұғымның астарында елдің әл-ауқаты, жас ұрпақтың болашағы және мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орны жатыр. Мемлекет басшысының басшылығымен елімізде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып, Қазақстан халықаралық аренада беделі бар мемлекетке айналды. Күрделі жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикасы мен қоғамдық-саяси өмірінде елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл табыстардың берік негізі – қоғамдағы тұрақтылық, халықтың ауызбіршілігі мен өзара түсіністігі екені сөзсіз. Бүгінде Қазақстан көптеген мемлекеттермен тату көршілік және достық қатынас орнатып, халықаралық ұйымдар шеңберінде белсенді ықпалдастық жүргізуде. Еліміз жаһандық бастамаларға қатыса отырып, бейбітшілік пен келісім идеясын берік ұстанып келеді. Қазақстандықтардың еңбегі мен кәсіби әлеуеті әлем жұртшылығы тарапынан жоғары бағалануда. Тәуелсіздікке қол жеткізу – бір күндік қуаныш емес, ол үздіксіз еңбек пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Егемен елдің әрбір азаматы мемлекет дамуына өз үлесін қосуға міндетті. Отанға деген сүйіспеншілік пен адал қызмет – тәуелсіздікті нығайтудың басты кепілі. Бұл – барша халқымызға ортақ әрі қасиетті құндылық. Осы орайда еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде, заң үстемдігін орнықтыруда сот жүйесінің алатын орны айрықша екенін атап өткен жөн. Әділ әрі тәуелсіз сот төрелігі – құқықтық мемлекеттің өзегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді тетігі. Қазақстанның демократиялық дамуы жолында сот жүйесі әрдайым зор жауапкершілік арқалайды. Заң алдындағы теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз ету – тәуелсіздіктің басты қағидаларының бірі. Судьяларымыз осы міндетті абыроймен атқара отырып, әділ әрі құқықтық қоғам қалыптастыруда жетекші рөлге ие. Тәуелсіздік – бізге аманат болып жеткен баға жетпес мұра. Оны сақтау және нығайту – келешек ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Ол үшін әрқайсымыз кәсіби қызметімізде адалдық пен жауапкершілік танытуымыз қажет. Мемлекет жүзеге асырып жатқан реформалар мен бағдарламалар жастарға мол мүмкіндік беруде. Сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, елдің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тәуелсіздіктің 34 жылдығы – өткен жолымызды бағамдап, болашаққа нақты мақсат қоюға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – мемлекеттің ең басты тірегі. Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз мығым болғанда ғана тәуелсіздігіміз мәңгілік болмақ. Құрметті оқырмандар мен әріптестер! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтай отырып, қызметтеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, ал заңдылық пен әділдікті нығайту жолындағы абыройлы еңбектеріңізге үздіксіз жетістіктер тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін сіңіріп жүрген еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Егемендігіміз баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!