«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СУДЬЯЛАР ОДАҒЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ФИЛИАЛЫ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ

Жалпы ережелер

1.1. «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы (бұдан әрі - Филиал) «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің (бұдан әрі - Кеңес) шешімімен, Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Д. Қонаев көшесі, 39 (1997 жылғы 06 наурыздағы заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы № 2293-1900-ҚБ куәлігі, БСК 970340003411) мекенжайында тіркелген. Одақ Жарғысының 4.2.-тармағының негізінде және аумақтық, сондай-ақ корпоративтік белгісі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылады.

1.2. Филиалдың толық атауы:_________________.

1.3. Филиалдың орналасқан жері (немесе Почталық мекенжайы): _____.

1.4. Филиал қызметінің мерзімі шектеусіз құрылады.

1.5. Филиал Одақтың орналасқан жерінен тыс орналасқан және еріктілік, демократия, заңдылық, есептілік, тең құқылық және жариялылық қағидаттарында Одақтың функцияларының бөлігін жүзеге асыратын Одақтың оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

1.6. Филиал Одақ мүшелерінің кәсіптік мүдделерін қорғау және білдіру мақсатында әрекет етеді және өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының заңдары, Одақ Жарғысы және осы Ереже негізінде жүзеге асырады.

1.7. Филиал аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өтеді немесе құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізеді, ал атауы өзгерген жағдайда, есептік қайта тіркеуді жүзеге асырады.

1.8. Филиалдың ағымдық шоттары, өз атауымен жазылған мөрі және бланкілері болады.

1.9. Филиал салық заңнамасына сәйкес салық есебінде тұрады, СТН-ы болады, Филиалдың қызметі бойынша ақшаның қозғалысы және материалдық құндылықтар есебін дербес жүргізеді, жергілікті салық органдарына есептерді ұсынады, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлейді.

1.10. Филиалдың жалпы басшылығын Одақ төрағасы берген сенімхаттың негізінде қоғамдық бастамаларда Филиалдың төрағасы жүзеге асырады және осы Ереженің талаптарының сақталуына жауапкершілікте болады.

Қызметтің мәні және мақсаттары

2.1. Филиал қызметінің мәні судьялық қауымдастықтың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуді ұйымдастырушылық қамтамасыз ету, Одақ Жарғысының ережелерін орындау болып табылады.

2.2. Судья әдебінің кодексін сақтау бойынша Жарғылық міндеттерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында Филиал Судья әдебі жөніндегі комиссияны құрады.

2.3. Филиалдың мақсаттары мен міндеттері мыналар болып табылады:

- маңызды мемлекеттік-құқықтық мәселелерді шешуде судьялық қауымдастықтың ұстанымын айқындау;

- сот жұмысының өзекті мәселелері мен судьялар мәртебесін қарастыру;

- судьялардың ғылыми-практикалық конференцияларын, дөңгелек үстелдерді, тренингтерді жүргізу;

- соттардың тәуелсіздігін күшейту, сот билігін, соттардың әлеуметтік қорғалуын және судьялық өзін-өзі басқаруды нығайту бойынша шаралар қабылдау;

- Одақ мүшелерінің мемлекеттік органдарда, ұйымдарда және қоғамдық бірлестіктердегі мүдделерін білдіру;

- сот практикасы мен заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылауға қатысу;

- сот қызметіне және құқық қолдану практикасына қатысты заңдар мен өзге де нормативтік актілердің жобаларына тәуелсіз бағалауды жүргізу;

- судьяларды оқыту, олардың кәсіптік деңгейін көтеру бойынша іс-шараларға қатысу;

- Одақтың басқа мемлекеттердің судьялар қоғамдастықтарымен халықаралық қатынастарды дамыту бойынша өткізілетін іс-шараларға қатысу;

- Одақтың бастамасы бойынша өткізілетін басқа да іс-шараларға қатысу.

2.4. Талқыланатын мәселелер бойынша Филиал өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдайды, сондай-ақ мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды тұлғаларға өтініштерді бере алады.

2.5. Филиал өз жұмысын судьялардың тәуелсіздігі қағидатын мүлтіксіз сақтау және нақты істер бойынша сот қызметіне араласпау негізінде жүргізеді.

3. Мүшелік ету

3.1. Филиал тиісті Филиалда есепте тұрған Одақ мүшелерінен тұрады. Одақтың мүшелігіне ену кіріс жарнасын төлеумен Филиал Одағына жазбаша өтініш беру арқылы жүргізіледі. Одаққа қабылданған мүшеге мүшелік кітапша беріледі. Мүшелік кітапшаның нысаны мен мазмұнын Одақтың Орталық кеңесі бекітеді (№ 1 қосымша).

3.2. Филиалда Одақ мүшелігіне есепке қоюды Филиал Кеңесі жүзеге асырады.

3.3. Одақ мүшесін басқа өңірге судья лауазымына тағайындаған кезде, бұрынғы Филиалдың есебінен шыққаннан кейін, жазбаша өтініш беру арқылы тиісті облыстың Филиал Кеңесіне есепке қойылады.

3.4. Теріс себептермен, өз тілегімен немесе басқа жұмысқа ауыстырылған қызметтен босатылған судьялар Одақтағы мүшелігін автоматты түрде тоқтатады және Филиал Кеңесінің хаттамалық шешімімен есептен шығарылады.

4. Құқықтары мен міндеттері

4.1. Тиісті Филиалда есепте тұрған Одақ мүшесі:

- конференция, Қазақстан Республикасы судьялар съезінің делегаты болып сайлануға және сайлауға, Филиалдың және Одақтың атқарушы органдарына, сондай-ақ судья әдебі жөніндегі комиссияның құрамына сайлануға;

- Филиал Кеңесі арқылы Одақ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарға бастамашылық жасауға;

- Одақтың атқарушы органдарына кеңес, сараптама және өзге де көмек көрсетуге өтініш білдіруге;

- Одақ өткізетін іс-шараларға қатысуға;

- Филиал Кеңесі алдында мүшелік жарналардың мөлшері бойынша жеңілдіктер туралы мәселені қоюға құқылы.

4.2. Тиісті Филиалда есепте тұрған Одақтың мүшесі:

- Одақ Жарғысын және Судья әдебінің кодексін сақтауға;

- Одақтың қоғамдық іс-шараларына және Одақ органдарының жұмысына қатысуға;

- Одақ органдарының заңға қайшы келмейтін шешімдерін орындауға;

- мүшелік жарналарды төлеуге міндетті.

5. Филиалдың ұйымдық құрылымы және басқару органдары

5.1. Филиал Одақтың ұйымдық құрылымына енеді. Филиалдың жоғарғы органы Филиал Кеңесі белгілейтін мерзімде, бірақ жылына кемінде бір рет шақырылатын конференция болып табылады. Конференция судьялар съезі және оның атқарушы органы – Одақтың орталық кеңесінің құзыретінде ғана болатын мәселелерді қоспағанда, барлық мәселелерді қарастыруға құқылы.

5.2. Конференцияны шақыру, өткізу орны және күн тәртібі туралы Филиал Кеңесінің төрағасы әдеттегідей конференция жұмысы басталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын хабарлайды.

5.3. Кезектен тыс конференция кез-келген уақытта Филиал Кеңесінің немесе тиісті Филиалда есепте тұратын Одақ мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.

5.4. Конференцияда барлық мәселелер дауыс беруге қатысатын Одақ филиалы мүшелерінің көпшілік даусымен шешіледі. Конференция оның жұмысына Одақ Филиалы мүшелерінің кемінде жартысы қатысқан жағдайда заңды деп саналады.

5.5. Конференция ашық дауысқа салумен жұмыс төралқасын сайлайды. Жұмыс төралқасының сандық құрамы конференцияда айқындалады. Төралқа өз құрамынан төрағалық етушіні, сондай-ақ хаттама жүргізу үшін хатшыны сайлайды.

5.6. Конференция екі жыл мерзімге қоғамдық бастамада атқарушы орган - Филиал Кеңесін сайлайды. Филиал Кеңесінің сандық құрамын конференция айқындайды. Филиал Кеңесіне облыстық және оған теңестірілген сот төрағасын сайлауға рұқсат етілмейді. Конференция Филиал Кеңесінің мүшелерінен осы Ереженің 5.1.3-тармағында көзделген тәртіппен төрағаны сайлайды. Филиал хатшысын Филиал Кеңесінің мүшелерінің ішінен Филиал Кеңесі сайлайды.

5.7. Конференция Одақ мүшелерінің ішінен жасырын дауыс беру арқылы судья әдебі жөніндегі комиссияны сайлайды. Судья әдебі жөніндегі комиссияны құру тәртібі және қызметі Одақтың Орталық кеңесі қабылдайтын тиісті Ережемен реттеледі.

5.8. Конференция Одақ Жарғысымен белгіленген өкілдік ету нормалары бойынша судьялар съезіне делегаттарды сайлайды.

5.9. Филиал Кеңесі атқарушы орган болып табылады және Одақ Жарғысына және осы Ережеге сәйкес қоғамдық бастамада әрекет етеді.

5.10. Филиал Кеңесі қажеттілігіне қарай, жылына кемінде бір рет отырыс өткізеді. Шешімдер Филиал Кеңесі мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен қабылданады.

5.11. Филиал Кеңесі судьялар конференцияларында Одақ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы келіп түскен ұсыныстарды талқылауға бастамашылық жасайды.

5.12. Филиал Кеңесі Филиал мүшелерінен мүшелік жарналарды жинауды ұйымдастырады. Филиал Кеңесінің шешімі бойынша қоғамдық бірлестік Филиалының мүшесі оның жазбаша өтініші бойынша материалдық жағдайын ескере отырып, мүшелік жарна төлеуден босатылуы мүмкін немесе мүшелік жарна мөлшері азайтылуы мүмкін.

5.13. Филиал төрағасы конференцияда Филиал мүшелерінің көпшілік даусымен жасырын дауыс берумен сайланады. Филиал төрағасы бір уақытта Филиал Кеңесінің төрағасы болып табылады және қоғамдық бастамада Одақтың Жарғысына, осы Ережеге және Одақ төрағасымен берілген сенімхатқа сәйкес әрекет етеді.

5.14. Филиал Кеңесінің төрағасы және хатшысы кезекті конференцияны өткізу бойынша жұмыс жүргізеді және конференция шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

5.15. Филиал Кеңесінің төрағасы Филиал Кеңесінің отырыстарында төрағалық етеді, конференция отырыстарын ашады, жоспарларды бекітеді, мемлекеттік органдарда, ұйымдарда және қоғамдық бірлестіктерде судья қоғамдастығын білдіреді, шарттар жасасады, осы Ережеге сәйкес және Одақ төрағасымен берілген сенімхат негізінде мәмілелер мен өзге де құқықтық әрекеттер жасайды, қажеттілігіне қарай Филиал Кеңесі жұмысының регламентін әзірлейді және бекітеді.

5.16. Төраға мерзімінен бұрын шыққан жағдайда, конференцияға дейін оның қызметтерін, Филиал Кеңесінің шешімі бойынша оның мүшелерінің бірі орындайды. Филиал Кеңесінің мүшесінің бірі шыққан жағдайда конференция өткізгенге дейін, Филиал Кеңесі өз құрамын Судьялар одағының мүшелерінің бірімен толықтыра алады.

5.17. Конференция Ардагер-судьялардың кеңесін қалыптастыруға құқылы, оның қызметтері Қазақстан Республикасының ардагер судьялар кеңесі туралы ережемен реттеледі.

6. Филиалдың мүлкі

6.1. Филиалға заңнамаға, Одақ Жарғысына және осы Ережеге сәйкес, қажеттілігіне қарай техникалық құралдармен және өзге де мүлікпен жабдықталған орын-жай ұсынылады.

6.2. Филиалдың мүлкі заңды тұлға – Одақтың теңгерімінде тұрады. Одақ төрағасы берген сенімхат бойынша Филиал мүлікті жедел басқару құқығын жүзеге асырады, оған сеніп тапсырылған мүліктің есебі мен сақталуын қамтамасыз етеді. Филиал Одақтың негізгі құралдары ретінде есепке қоюға жататын мүлікті сатып алған кезде, Филиал төрағасы осы мүлікті Одақ теңгеріміне қою бойынша шараларды қабылдайды.

6.3. Филиалды қаржыландыру көзі Одақ мүшелерінің кіріс және мүшелік жарналары болып табылады, оларды төлеу тәртібі Одақтың Орталық кеңесімен белгіленеді. Мүшелік және кіріс жарналары тікелей Филиал Кеңесіне түседі. Келіп түскен мүшелік жарнаның елу пайызы Одақтың Орталық Кеңесіне тапсырылады.

6.4. Филиалдың мүлкі ерікті жарналардан, қайырымдылықтан және Жарғыға сәйкес басқа да түсімдерденде қалыптасуы мүмкін. Ерікті жарналар, қайырымдылық және басқа түсімдер тікелей Филиал Кеңесіне тапсырылады. Филиал Кеңесі осындай түсімдерді толығымен немесе жартылай жарғылық мақсаттарды орындау үшін Одақтың Орталық кеңесіне аударуға құқылы.

6.5. Филиал Одақ Жарғысына, осы Ережеге және Одақ төрағасымен берілген сенімхатқа сәйкес, сондай-ақ осы Ережеде көрсетілген шектеулерді ескере отырып, мүлікті басқарады.

6.6. Филиал қызметіне оны құрған заңды тұлға мүліктік жауапкершілік көтереді. Филиал мүлкінің есебіне және сақталуына Филиалдың төрағасы дербес жауапкершілік көтереді.

6.7. Қаржылық-шаруашылық қызметі туралы ақпаратты Филиал жартыжылдықтың және жылдың қорытындысы бойынша Одақтың Орталық кеңесіне ұсынады. Есептілік нысанын Одақтың Орталық Кеңесі бекітеді (№ 2 қосымша).

7. Осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

7.1. Осы Ережеге өзгерістер мен толықтыруларды Одақтың Орталық кеңесі енгізеді.

7.2. Филиал мүшелерінің осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бастамашылық ұсыныстары Филиал Кеңесіне жолданады, ол судьялар конференциясында талқылауды ұйымдастырады, соның нәтижесі бойынша мәселе Одақтың Орталық кеңесіне қарауға енгізіледі.

7.3. Ереженің барлық қабылданған өзгерістері мен толықтырулары оларды Одақтың Орталық кеңесі бекіткеннен кейін күшіне енеді.

8. Филиал қызметін тоқтату тәртібі

8.1. Филиал қызметін тоқтату тәртібі Одақ Жарғысымен, осы Ережемен және заңнамалық актілермен айқындалады.

8.2. Филиалдың қызметін тоқтату Одақтың Орталық кеңесінің шешімімен қабылданады.

8.3. Филиал таратылған жағдайда, қалған мүлік пен ақшаны Одақ Жарғысымен көзделген мақсатқа жолданады.

8.4. Заңды тұлғаны таратқан кезде Филиалды есептен шығару бойынша өкілеттер Одақтың тарату комиссиясына жүктеледі.