Судьялардың Халықаралық Қауымдастығының 68-ші сессиясы

2026 жылғы 15–21 қазан аралығында Португалияның Лиссабон қаласында Судьялардың Халықаралық Қауымдастығының 68-ші жыл сайынғы сессиясы өтуде. Аталған халықаралық іс-шараға 94 елден 400-ге жуық судьялар және Қазақстан Республикасынан Судьялар одағының төрағасы Д.С. Әмір мен Алматы қалалық сотының судьясы А.Д.Шамшиев қатысуда. Сессия аясында халықаралық сот қауымдастығының өкілдері бас қосып, сот жүйесін дамыту, сот төрелігінің тиімділігін арттыру және судьялардың кәсіби қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауда. Халықаралық кездесу әртүрлі елдердің сот жүйелері арасындағы тәжірибе алмасуға, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және сот төрелігін жүзеге асырудың заманауи тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік береді. Қазақстандық делегацияның аталған іс-шараға қатысуы халықаралық кәсіби байланыстарды дамытуға, шетелдік әріптестердің тәжірибесін зерделеуге және сот жүйесі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Судьялардың халықаралық қауымдастығы аясындағы мұндай кездесулер сот жүйелері арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға және халықаралық кәсіби диалогты кеңейтуге бағытталған.