ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҚАЗАҚҚА ҚАДІРІ БИІК
Елімізде шақырылып отырған бесінші Құрылтайдың Қызылорда қаласында өткізілуін өз басым кездейсоқтық деп есептемеймін. ХХ ғасырдың басында ел астанасы болған бұл көне қаланың жалпы тарихымызда алатын орны айрықша. Бүкіл түркі жұртының қасиет тұтқан бабасы Қорқыттың асыл тәні осы топырақта тыныстап жатуының өзі бұл өңірдің маңызын арттырады.
Алдыңғы құрылтайлардың Түркістан, Ұлытау, Атырау, Көкшетауда өткізілуінен – ел тарихына деген айрықша құрметті аңдаймыз. Міне, сол елдігіміз бен мемлекеттілігіміздің ұстанар бағыты мен бағдары айқындалар құрылтай іс-шаралары, міне, Сырдың елі – жырдың елі, қасиетті Қызылордада жалғасын тауып отыр.
Президент еліміздің көптеген өңірлерін «таңбалы тастар мекені» деп атап, құнды тарихи ескерткіштерімізді көздің қарашығындай сақтауға, қорғауға шақырды. Бұл – Құрылтай көтерген басты мәселенің бірі. Жиында заң саласының адамы үшін маңызды мәселелер аз болған жоқ.
Президент сөзінен көңілге түйгеніміз, ел дамуында ілгерілеушілік көп. Ел экономикасы 6,5 пайызға өскен, шағын және орта бизнес салаларында жетістіктеріміз аз еместігі атап өтілді, елімізде адамның орташа жасы 75 жасқа дейін көтерілген, әрине, бұл қомақты табыстарға заң мен сот салаларының қосқан үлесі, игі ықпалы мол екендігі түсінікті. Ұлттық Құрылтайдың негізінде 26 заң қабылданған. Мұның бәрі халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартудан және ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуден туындайды. Президент елдік мұрат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталатынына назар аударды. Шынында да, елдік нышандарды өзіміз құрметтемесек, өзгелерден қалайша талап ете аламыз?! Таза Қазақстан деп жар салып жүреміз, сөйте тұра, тазалық деңгейін құлдыратып алып жатсақ – бұл да біздің қоғамымыз үшін ұятты мәселе. Құрылтайда осындай мемлекеттік маңызы зор ауқымды мәселелерден бастап, қоғамда орын алып жататын тұрмыстық ұсақ-түйек мәселелерге дейін зор мән берілді.
Маған ел басшысының, әсіресе, тәуелсіздігіміздің баяндылығы тұрғысынан айтқан көзқарасы өте әсерлі естілді. «Тәуелсіздік дегеніміз, ең алдымен, ұлттық тәуелсіздік пен келісім, біз парасатты, дана халық ұрпағымыз, сондықтан, тарихи жарақат алған психологиядан арылуымыз керек, кешегі күнмен өмір сүрмеу керек, уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз қажет», - дей келе Президент өзгеретін уақыт жеткенін, биыл дамудың жаңа кезеңі қолға алынып, бір палаталы парламентке көшу бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілетінін сөз етті.
Шынында да, ел басшысы айтса айтқандай, тәуелсіздік таңы атқалы бері, "тарихи жарақат алған" империя қол астындағы отаршылдық дәуірінің қысым-қиянаттарын жиі сөз етуіміз қаншалықты дұрыс, өз қадір-қасиетімізді түсірушілік емес пе, қайта ел болған, асқақ болған дәуір рухын ояту, ұрпаққа жігер беру, кеудесінде намыс отын тұтатуымыз қажет емес пе деген ой келеді. Біздіңше, Президент өз сөзінде мұны жиі тілге тиек етіп, істерімен өнеге танытып, түзу жол нұсқап отырғандай.
Ал біраздан бері құлақ үйреніп қалған «Парламент» ұғымын «Құрылтаймен» алмастыру да, біздіңше, көкейге қонады. Біріншіден, бұл қазаққа жат сөз емес, ежелден қолданыста бар сөз және ұғымы мен қолданысы сәйкес, түбірі – құру, құрылымнан шығып тұр ғой, демек, ел құрау, кеңес құру мағынасына жақын болса, бұл сөзден шошыр жөніміз жоқ. Тәуелсіз ел болып, өз сонар-соқпағымызды іздесек, оның несі айып?!
Қазір қазақ халқының тарихи даму бұлағы көне дәуірлерде бастау алатындығына әлем елдері назар аударып отыр, қайта батыл шешімдер қабылдауға, Президентіміз айтқандай, «тарихи жарақатты» жасқаншақ күйден арыла алмауымыз себеп болып отырғандай. Сондай-ақ, ел басшысының Қазақстанның халық кеңесі, Конституциямыздың заман талабына сай болуы, цифрландыру үдерісінің Ата Заңымыздан көрініс табуы, конституцияны реформалаудың жалпы сұлбасы туралы, ілгері уақытта болып, кейінірек қысқартылған «вице-президент» қызметін жандандыру туралы ұсынысы – елдік ұстаным бағыттарын танытатын маңызды шешімдер деп қабылдаймыз.
Президент өз баяндамасын «Мемлекет мүддесі, халықтың қамы – мен үшін ең үлкен маңызды мәселе» деп қорытса, біз Қызылордадағы Құрылтайдың төрінде қозғалған мәселелер арқылы, осыны шынайы қабылдап, сезіне алғанымызды жеткізгіміз келеді.
Досжан Әмір, ҚР Судьялар одағының төрағасы