Республика күні – егемендіктің еңсесі, елдіктің мерейі

Республика күні – егемендіктің еңсесі, елдіктің мерейі

Қазақстан Республикасының Судьялар одағының атынан баршаңызды халқымыздың тарихында айрықша орны бар ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Республика күні – еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы тарихи таңдауының, азаттық пен егемендікке деген ұмтылысының жарқын символы. Бұл мереке – ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының ақиқатқа айналғанын айғақтайтын, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, мемлекетіміздің тұтастығы мен дербестігін дәріптейтін қастерлі күн. Оның тарихи мәні тек өткенді еске алумен шектелмейді. Республика күні – елдігімізді бағамдап, жеткен жетістіктерімізді саралап, келешек алдындағы жауапкершілігімізді терең сезінетін маңызды белес. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы шешуші тарихи құжаттардың бірі болды. Декларация еліміздің саяси-құқықтық дербестігінің негізін айқындап, ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, ел болашағын өз қолымен қалыптастыруға жол ашты. Онда бекітілген егемендік қағидаттары Қазақстанның кейінгі тәуелсіздік тарихына берік негіз қалады. Сондықтан бұл күннің маңызы уақыт өткен сайын артып, оның тарихи тағылымы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек. Егемен ел болу – ең алдымен, өз тағдырыңды өзің айқындау, ұлттық құндылықтарыңды сақтау және болашақ алдындағы жауапкершілікті мойныңа алу деген сөз. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық қауымдастықта өзіндік орны бар мемлекет ретінде қалыптасып, елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының берік негіздерін қалыптастырды. Мемлекеттік шекарамыздың тұтастығы, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық, мәдени мұрамыздың жаңғыруы, ана тіліміз бен ұлттық дәстүрлеріміздің дамуы – егемендігіміздің маңызды тіректеріне айналды. Бүгінде осы жетістіктерді сақтап қана қоймай, оларды одан әрі нығайту – баршамызға ортақ міндет. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен немесе халықаралық беделімен ғана өлшенбейді. Елдің шынайы күші – азаматтарының бірлігінде, қоғамдағы өзара сенімде, заңға құрметпен қарауда және әр адамның құқығы мен бостандығының сенімді қорғалуында. Әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру – Қазақстанның тұрақты дамуының басты шарттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, сот билігіне жүктелетін жауапкершілік ерекше. Сот – заңдылық пен әділдіктің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды кепілі. Сот төрелігінің сапасы мен әділдігі қоғамның құқықтық мәдениетіне, мемлекеттік институттарға деген сеніміне және елдегі тұрақтылыққа тікелей ықпал етеді. Ал судьялардың кәсібилігі, тәуелсіздігі, адалдығы мен жоғары адамгершілік ұстанымы сот билігінің беделін айқындайтын негізгі өлшемдер болып табылады. Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, сот төрелігінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Бұл азаматтардың сот арқылы қорғалу мүмкіндігін кеңейту, сот төрелігінің сапасын арттыру және әрбір істің заң талаптарына сай, әділ әрі объективті қаралуын қамтамасыз ету болып табылады. Сот реформаларының нәтижесі қабылданған шешімдердің санымен ғана емес, ең алдымен, азаматтардың өз құқықтарының қорғалатынына деген сенімімен өлшенуге тиіс. Әрбір азамат сотқа жүгінген кезде оның құқығы мен заңды мүддесі әділ қаралатынына, заң талаптарының баршаға бірдей қолданылатынына сенімді болуы қажет. Сондықтан сот жүйесін жетілдіру үдерісі кәсіби жауапкершілікті арттырумен, ашықтықты қамтамасыз етумен және сот төрелігінің қолжетімділігін жақсартумен қатар жүруі маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сот төрелігінің әділ әрі заңды жүзеге асырылуы мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Сондай-ақ сот жүйесін одан әрі дамытуда судьялардың кәсіби деңгейін көтеруге, сот төрелігінің сапасын жақсартуға және сот ісін басқарудың тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Адам құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық берілуі – құқықтық мемлекетті нығайтудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда әрбір судьяның жеке жауапкершілігі айрықша. Судья заңды дұрыс қолданумен ғана шектелмей, әрбір істің мән-жайын жан-жақты зерделеп, тараптардың уәждеріне мұқият назар аударып, әділ әрі негізді шешім қабылдауға ұмтылуы керек. Кәсіби білімді үнемі жетілдіру, заманауи талаптарға бейімделу, сот процесінің мәдениетін сақтау және судья әдебінің қағидаттарын берік ұстану – бүгінгі күннің басты талаптары. Өйткені сот шешімінің артында адам тағдыры, азаматтың үміті мен қоғамның сенімі тұрады. Әрбір әділ шешім заңға деген құрметті нығайтып, азаматтардың құқықтық қорғалуына ықпал етеді. Осы себепті судьялар қауымдастығы үшін кәсіби біліктілікті арттырумен қатар, адамгершілік құндылықтарды сақтау, жауапкершілік пен адалдықты басты бағдар ету маңызды. Қазақстан Республикасының Судьялар одағы осы мақсаттарды іске асыруға, судьялардың кәсіби бірлігін нығайтуға, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, судья әдебінің талаптарын сақтауға және сот билігінің беделін арттыруға өз үлесін қосуда. Судьялар қауымдастығының ынтымағы мен ортақ жауапкершілігі сот жүйесінің тұрақты дамуына, кәсіби мәдениеттің қалыптасуына және қоғамдағы әділдік қағидаттарының орнығуына ықпал етеді. Республика күні – елдігімізді ұлықтап қана қоймай, әрқайсымыздың мемлекет алдындағы міндетімізді еске салатын мереке. Еліміздің егемендігін нығайту, құқықтық мемлекетті дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – ортақ мақсатымыз. Осы жолда адал еңбек ету, заң талаптарын құрметтеу, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау – келер ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұрамыз. Құрметті әріптестер, қадірлі отандастар! Баршаңызды Республика күнімен тағы да құттықтай отырып, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот билігінің беделін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы жауапты қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін. Кәсіби біліктіліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз ел игілігіне қызмет етіп, қоғамдағы әділдік пен сенімді нығайта берсін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге жеміс, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрып, халқымыздың бірлігі бекем болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды, болашағымыз жарқын болғай! Республика күні құтты болсын!

ҚР Судьялар одағының төрағасы Д.С.Әмір