Көреген кемеңгер һәм көріпкел би
Қазақта, егер арғы ескі дәуірімен қоса байыптасақ, әлмисақтан бері Мөңке есімімен тарихымызда танымал болған әлденеше би болған деген болжам айтылады, біреулер нақты төртеуін атап, саралайды, енді біреулер одан да көп дейді, нақты дәлелденіп, зерттеушілер жарыққа шығарып жатса, кім іштарлық қылсын?!
Ал өзіміз, тарихтағы екі Мөңке би туралы нақты ажыратып, ой өрбіте алар едік, және көпшілік қауымның ойы да осы орайдан табылатынына сенімдімін. Олардың бірі- осы өзіміз тілге тиек еткелі отырған, біздің дәуірімізге ең жақын Мөңке би болса, екіншісі арғы замандағы он бірінші ғасырдағы Шыңғыс ханның замандасы болған Мөңке би. Көптеген ғалымдарымыз бен жазушыларымыз, тарихшыларымыз бұл Мөңке бидің тарихи рөлін биіктетіп, Шыңғыс ханның жай ғана замандасы ғана емес, оның оң қолы, ақылшы, бас уәзірі орнында болғандығы, тіпті, Шыңғыс ханды ақ киізге көтеріп хан сайлаған жиынға бас болған төбе билікке жеткен ірі тұлға деп дәлелдейді. Мейлі, осы екеуі ақ болсын, одан да көп болсын, тек нақты дәлелімен айқындалып жатса, сол арқылы, ел тарихы байытылып жатса, артық бола ма. Біздің айтқымыз келгені, осы тарихтағы танымалы болсын, әзірге бұлдыр, жорамалы болсын, осы Мөңкелердің арасында бізге көрінбес жіптер арқылы байланысқан сабақтастық барын аңдаймыз. Өйткені, қазақ ежелден ырымшыл халық, ілгергі дәуірлерде аты шыққан Мөңке, кейінгі Мөңкелерге себепкер болып, жвлғастығын табуы әбден мүмкін. Оған келтірер мысалдар жеткілікті. Қазақтың бұл ырымшылдығы, көбінесе, зая кетпеген, кейінгі Мөңкелер алдыңғы Мөңкені өзіне пір тұтып өседі, сөздерін жаттап өседі, үлкендері де Мөңке бабаң сондай болған деп құлағына құя береді, осындай ата салты, ұлағатты із, алдындағы зор үлгі өнегелі даңғыл жол- адамды ұшпаққа шығармас па?!
Бұған келтірер зор дәлеліміз, - кейінгі біздің тілге тиек етіп отырған Мөңкеміз бен Шыңғыс хан замандасы, төбе биі болған Мөңкенің арасынан, жоғарыда айтқанымыздай, көптеген сабақтастықтар табамыз. Біріншіден, екеуі де төбе билікке жеткен, ру тайпа деңгейінде қалып қоймаған ортақ тұлғалар. Екіншіден, даналығы- көрегендікке жеткізген, көрегендігі- көріпкелдікке ұласқан кемеңгер билер. Үшіншіден, елдік маңызды мәселелерге араласқан, халықаралық істерге араласқан, билеушілерге, хандарға кеңесші, ақылшы, дәрежелі, жақын жүрген билер.
Билердің орынын айқындауда, салыстырмалылыққа жүгінуден ұтылмаймыз, және олардың аттас қана болып қоймай, өзара рухани үндес, ұқсастықтары көп болғандығын пайымдап, жеткізе алғандаймыз. Біз сөз қылып отырған Мөңке Тілеуұлы қазіргі Батыс Қазақстан жерінде, Ақтөбе облысы аумағында, Сайрамға жақын дүниеге келіпті. Сайрам атауы да тарихта көп аталады, олай болмайтын жөні жоқ, Мөңке би дүниеге келген кезең, нақты айтсақ, осыдан 350 жыл бұрын, 1675 жылдарда, Қазақ Ордасында сапырылысқан қым қуат, алмағайып уақыт болатын. Мөңке- қазаққа ежелден танымал династиялы ұрпақ өкілі. Олай дейтініміз, Мөңке- Ноғай ұлысының билеушісі, әйгілі Мұса бидің ұрпағы. Мұса би- билігі- билеушілікке ұласқан сирек тарихи тұлғалардың бірі. Әкесі Тілеу де тарихи танымал тұлға, Әз Тәуке ханның тұсында қол бастаған батыр болған. Осындай зор өнегемен өскен Мөңке би- Әбілқайыр ханның басты кеңесшілерінің бірі болған, әрі әйгілі жырау. Тегі тұрғысынан тарқатсақ, Кіші жүзде көп тараған Әлімұлының Шекті руынан өрбіген ұрпақ. Әрі би, әрі ақын-жырау ретінде аты шыққан Мөңке бидің тарихтағы орыны, оның, әсіресе, болашақты болжаған сәуегей болғандығымен, көреген көріпкелдігімен байланыстырылып, қадір қасиеті биіктей түседі. Көптеген ғалым зерттеушілер Мөңке бидің сәуегейлігін француз жұртының әйгілі Нострадамусымен теңестіріп жүр. Осының өзі, қазақы ұғым тұрғысынан дұрыс емес сияқты. Мәселе, екі тұлғаның артық кемдігінде емес, мүлде салыстыруға келмейтін, діні мен ділі, тілі мен тарихы бөлек, салт дәстүрлері мүлде қабыспайтын екі құрылық өкілін қатар қоюдың өзі көп қайшылық тудырады. Біздің ойымызша, қазақ жұртындағы сәуегейлік пен көріпкелдік өзгеше, бұл даналықпен астасқан, ақын-жыраулық сарындармен, өзгеше бояулы дарындылықпен кестеленіп, өріліп отыратын бір алуан бағыт. Нострадамус Европа жұртында тек сәуегей, немесе, көріпкел ретінде ғана танымал. Ал Мөңке бидің бойындағы қасиет қырлары саналуан, оның көріпкелдігі ең алдымен даналық, көрегендігі мен кемеңгерлігінен бастау алады. Оған ақын жыраулық дарыны қосылғанда, теңдессіз тұлғаға айналады. Біз, әшейін, отаршылдық дәуірінде, құлдық психологияменен, дарындының бәрі өзге жұрттарда, Европа үстем, ағылшын мен араб артықша, француз бен неміс ілгері озып кеткен деген ойға әбден сана сезіміміз тәуелденіп қалған секілді. Әйтпесе, қазақтан бір озық тұлға шықса, бас салып, өзге жұрттармен салыстырып, өрелей бастайтынымыз қалай? Осы бір , отаршылдық дәуірден сіңісті болып қалған құлдық ұрған сананы өзгертіп, ата бабаларымыздың сол Европа құрлығына дендей бойлап барып, төбелерінде ат ойнатқан салтанатты рухын оралтуымыз бүгінгі күннің басты мүддесіне айналуға тиіс. Өйткені, рух пен сана сезім сілкініп, азат болмай, тәуелсіздігіміз баянды болмақ емес. Қарап отырсақ, Мөңке бидің болжамдары тұнып тұрған даналық пен көрегенділік екен. Мөңке би мұны не үшін айтып қалдырып кетіпті деген өзді өзімізге сұрақ қояйықшы, әй, дәуде болса, " бір құдай білер, осындай заман келе жатыр, сөзді доғарып, басқа түскенге көндігіп, құл болыңдар!"- демеген шығар. " Бастарыңа бишаралық түседі, сорлылық қамытын киесіңдер, байғұстық, дәрменсіздіктеріңді қабылдап, мойынұсынғаннан өзге шараларың жоқ, халқым!- демегеніне сенімдімін. Бұл тұп тура айтқанда, халқын тууы мүмкін жағдайдан сақтандыру, кеселдің алдын алу, төніп келе жатқан қауіпті болашақ ұрпағына ескерту дер едік. Қазақ мұндайды, " дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады" демейді ме. Және Мөңке би халқын жанынан түңілдіріп, ылғи жамандықты айтып, ұрпағын шошыта бермеген туар заманның жақсылығы мен жаңалығын да жеткізе отырады. Мысалы, Мөңке би болашақта адам баласының аспанға ұшатынын, жетер жеріне заматта қас қағымда жететінін, сайын даладан темірден өріп, жол салатынын болжаса, бұдан қандай жамандық көреміз... Мөңке би туар заманның жақсылығымен бірге келер жамандығын ала келерінен ғана қауіптенеді, оның өзінде, сөз сарынында шошытудан гөрі, ұрпағына, " осындай заманға әзір бол!"- деген ишарасы басым секілді: "Құрамалы қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады, Халыққа бір тиын пайдасы жоқ Ай сайын бас қосқан жиын болады, Домалақ домалақ түймедей дәрің болады, Жастарға билігі жүрмеген кәрің болады. Алашұбар тілің болады, дүдамалдау дінің болады, Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады..."- дегенінің бәрі болашақты айнаға салғандай даналық көрегендікпен болжау, сол келешек қоғамға сыншыл көзімен үңіліп, өз көзқарасын білдіруі, өз дәуірінің атынан сөйлеп, үн қатуы деп қабылдаймыз. Дана бидің ұрпақ қамын жеген алаң көңілі, жанашырлық пейілі басым көрінеді. Бұл арада, Мөңке бидің өзінен кейінгі ғасырларда туатын, өз қоғамына сын айтқан дана Абаймен үндестік бар. Айырмасы- Мөңке би сынды туар заманға айтса, Абай өз қоғамына білдірген. Былайша айтқанда, Мөңке би болжаушы көріпкел дана болса, Абай- нақты көзімен көріп, сын айтушы дана. Екеуі де қазақ қоғамына қызмет етуші қайраткер тұлғалар. Ал Мөңке бидің: " Түрлі түрлі халық болады, Күндіз түні жарық болады, Өре мен темірден жол тартылады, Адам ақысыз жұмыс істемейді, Дүниені түрлеп кестелейді"- деген жыр жолдары тұнып тұрған кемеңгер көріпкелдік. Мөңке бидің мұндағы әр жолдарына байыптама жасай кетсек, ол көп ұзамай, туған өлкесін " түрлі түрлі халықтар" жайлайтынын, электр жарығын, көк пен жерде мұратыңа жылдам жеткізер жолдар тартылатынын, адамның ақылы жұмыс істейтінін, "дүниені түрлеп кестелеп" қалалар салынатынын, жер беті түгел түрленіп, өзгеріске түсетінін, екі ғасырдай ілгері уақыт бұрын ғажайып сәуегейлікпен болжап кеткен. Мөңке биді осы тұрғыдан, ертегі, аңыз кейіпкері ретінде қабылдау орынсыз, ол өмірде нақты болған, өз заманы үшін мүлде жаңашыл, туып келе жатқан дәуірдің өзгешелігін өзгелерден көшілгері танып, болжаған, әрі дана, әрі әулиедей көреген би. Бәлкім, осыдан да халық оның тұлғасына таңырқай қарап, аңызға айналдырып жіберуі мүмкін. Оның тарихи тұлға екендігіне келтірер дәлелдеріміз көп. Сол тұстарда Мөңке би талай ел тағдыры шешілгелі тұрған келелі кеңестерге шақырылады. Мысалға алсақ, 1730 жылы Кіші жүздің таңдаулы билерінің кеңесі өткенде, оған шақырылған мәртебелі билердің бірі Мөңке би болған. Онда қалмақ жоңғарларға қарсы күрес жүргізу барысы, және көршілес Ресей империясымен одақ болып қосылу мәселесі твлқыланыпты. Мөңке би сөз алғанда: "Әрқашан күшті жеңеді, ал жеңістен ақылды ғана пайда көреді. Қандай азулы жыртқыш алаулаған от басына жоламайтыны белгілі. Жоңғарларға қарсы от орнына, біз орыстарды пайдалануымыз керек- деген ұсыныс айтыпты. Ал Мөңке бидің өз төңірегіндегі танымал тұлғалармен, билермен сөз қағысулары өз алдына бір тақырып. Оның ел ауызында Сырым батырмен, шеркеш Түрке бимен, тана Нұрке бимен сөз қағысулары қалып, кейін хатқа түскен. Осылардың ішінде, Мөңке би, әсіресе, Сырым батырмен көп ұшырасып, екеуінің арасындағы диалог- сөз қағысулар ел арасына аңыз болып тарап кеткен екен. Олардың бірталайы шешендік сөздер, даналық ұлағаттар, тағылымды әңгімелер жинақтарынан жиі ұшырасады. Қолымызға түскенді түгел тізіп жатпай, өзіміз нағыз қазақы кісілік қалпы танылған, ұлттың қадір қасиеті жарқырай танылған, өрелі әңгіме-сұхбат өрбіген бір мысал келтіре кетуді дұрыс көрдік. Әрі батыр, әрі би, бет қаратпайтын шешен Сырым мен атағы жер жарған Мөңке бидің жиі ұшырасулары заңдылық, табиғаты, жаратылысы бөлек тұлғалар бірін бірі іздемей тұрмайды, әрі екеуі бір өлкеден шыққан топырақтас деуге болады, Кіші жүздің ең танымал билері, айырмасы- Сырымның жасы көп кіші, атағы да кейінірек шыққандығы. Сырым жортуылда жүріп, Мөңке би аулының төбесінен түссе, қарбалас тірлік болып жатады. Сұрастырса, би ағайын ортасымен бірге, кенже баласын үйлендіріп, құдаларын күту жоралғысын атқарып жатыр екен. Мөңке құдайы қонақ жайын естісімен жігіттеріне оларды өзі отырған үйге түсіруге әмір береді. Астан соң, қонақтарына қарап, " бата қылып жібер" дегенде, әуелі ақ тілегін білдірген Сырым: " Алты шаңырақтың іргесі ажыраспасын! Әумин! Әумин!-" деп аяқтапты. Осы кезде бас құда қозғалақтап: "- Мен мына құдайы қонақтың берген батасын түсінбей отырмын. Бұл кісі: "Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын!- деді. Қонақтарға қарасам, алты адам, алтауы- алты шаңырақ иесі. Түсінбегенім, сол алты шаңырақтың іргесінің ажырамауын айтып отыр ма, әлде, осы жерде тігулі тұрған алты ақ шатырдың алты шаңырағын айтып, солардың іргесі ажыраспауын айтып отыр ма?- деп сауал тастапты. Сонда Мөңке би құдайы қонақтың басы Сырымды нұсқап:
Досжан Әмір. ҚР Судьялар одағының төрағасы