Бұл өмірде адамдар түрлі жағдайларға байланысты әр жерде әр елде болады екен. Киелі Маңғыстау өңіріне мен қызмет бабымен 2007 жылы наурыз айында бардым. Алдын болмаған жерім екен. Маңғыстауға барар алдын әдеттегідей жән-жақты мағлұмат жинап, оқып, оның тарихына үңіліп қарап, сұрастырғанда ерекше қызығушылық таныттым, тек жеріне емес сонда негізінен тұрақты өмір сүріп жатқан «Адай» халқына. Маңғыстауда төрт жыл тұрып, қызмет жасап, ел, жер аралағанда, адамдармен жақын араласқанда расында да мәңгі есте қалатындай әсер алғаныма «Аллаға» және сол өңірде тұратын адамдарға алғысым шексіз. Ашық айтсам «Алладан» осы елге жерге деген ниетім, тілігім айрықша. Небір қиын-қастау замандардан өткенменен негізінен қазақтың тек салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы ғана емес көптеген жақсы қасиеттері шоғырланған киелі Маңғыстау елі деп айтылғаны жайдан жай емес екенін түсіне бастайсын. Төрт жылда небір жәні жайсан, жақсы адамдармен араласып әзірге дейін сыйласып тұратын көңіліме жақын жолдастар таптым, өкінішке орай біраз ағаларымыз бұл өмірден озып кетті. Олардың ішінен үлкен әсер қалдырған бір-екі аға апаларды айтатын болсам: Қалпақ Наурызмағамбетов, Итемген Орынбаев, Керек Қабақов, Бақтыбай Көшев, Сәрсен Қаултай, Мағрипа Оразбаева, Хамида Каженова және қарындасымыз Қанзипа Ырысқалиевалар.
Маңғыстау соты дегенде жадымда жаңғыратын бірнеше ірі іс бар. Оның біріншісі – ТМД елдерінің Жоғарғы Сот төрағалары қатысатын іргелі басқосуды Ақтауда өткізген кезіміз. Бұл басқосу үнемі елордасы Астанада ұйымдастырылатын. Сол жолы мәртебелі шараны қарт Каспидің жағасындағы Ақтауда өткізсек деген ұсынысымызды басшылыққа айттық. Туыстас елдердің сот төрағалары Қазақстанның өзге де қалаларын көрсін, еліміздің өркендеп, дамып жатқанына көздерін жеткізсін деген тілегімізді әріптестер жылы қабылдады.
Қазақ деген ырымшыл халықпыз ғой оның үстіне жастайымыздан санамызға сіңіп қалған қонақ келсе ырыс-берекеде артады деген қағмданы да ескергеніміз жоқ емес. Ол бас қосуда үлкен тәжрибе жиналды, пікір алмастық, өзге елдегі әріптесатермен пікір алмасып өркенийетті, дамыған елдердің қатарынан табылуға қадам жасадық десек артық айтқанымыз болмас. Осылайша маңызды шараны Маңғыстау облыстық сотының ынтымақты, берекелі ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастырды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген әріптестеріміз шетелдерден келген қонақтарға қазақы қонақжайлылықтың үлгісін ғана көрсетіп қоймай, жұмысты шебер ұйымдастыра білетіндерін нақты іспен дәлелдеді деп ойлаймын.
Төрағалық еткен төрт жылда қолымыз жеткен жетістік те, ұйымдастырылған шара да аз болмады. Мәселен Маңғыстау облыстық соты республика бойынша ұйымдастырылатын спартакиаданың да орталығына айналды. Жалпы Судьялар одағының жетекшілігімен қолға алынған бұл жарыстың мәні де, маңызы да зор. Өйткені, спартакиада – судьялар мен сот қызметкерлерін төрелік алаңынан тыс табыстыратын, әріптестік байланысын нығайтатын, бірлігін арттыратын, сонымен бірге, спорттық қабілет, қарымын шыңдайтын сайыс. Мұндай жақсы, сауапты істі үзбей жалғастырып келе жатқанымыз да сондықтан. Республика судьялары мен сот қызметкерлерінің аймақтық сайыстарына топ жарған дүлдүлдер сол жылы Ақтауға табан тіреп, доданың көркін қыздырғаны есімізде. Бұл жолғы шара да ұйымшыл ұжымымыздың арқасында өз деңгейінде, керемет өтті.
Жалпы, төраға болу – төрде отыру емес. Төраға айналасындағылардың пікірін тыңдап, көпшілікпен санасқанда, ортақ тіл табысқанда ғана жұмыс өнімді болады. Айталық біздің сот 2009 жылы республика бойынша ең үздік сот болып танылды. Осы жылы Маңғыстау облысындағы соттардың ешбір үкімі жоғары сатыда бұзылмапты. Ал қылмыстық істерге үкім шығарудың қаншалықты күрделі, қаншалықты қиын екенін бәріміз білеміз. Бір жылда шығарылған үкімдердің ешбірінің өзгертілмеуі, бұзылмай қолданысқа енуі ұжымның сапаға жұмыс істегенін көрсетсе керек.
Бәрімізге заң ортақ, талап бір. Дегенмен, аймақтағы жағдайға байланысты заңға сүйене отырып шешім қабылдайтын кездер де болады. Мәселен сол жылдары Маңғыстау өңірінде жол апаттары өте көп еді. Жол апатынан көз жұмған, жарымжан болып қалған азаматтардың тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмады. Ең сорақысы, апаттың көпшілігіне көлікке ішімдік ішіп отырған жүргізушілер кінәлі болатын. Бейбіт, тыныш заманда қара жолдағы қайғының көбеюі кім-кімге де оңай тимесі белгілі. Ақыры судьялармен ақылдаса келе жүгенсіз жүргізушілерге жеңіл жазаны қолданбау туралы шешім қабылданды. Ол кездегі заң талабы бойынша мас күйінде рольге отырғандарға альтернативті жаза ретінде айыппұл салуға да болатын. Ал облыс соттары мұндай жауапсыз жандарды жүргізуші куәлігінен айыруды қолға алды. Соның нәтижесінде көлікке мас күйінде отыратындар, жол апатын тудыратындар күрт азайды. Бұл да ұжымдық жұмыстың көрінісі.
Маңғыстау облысының соттары ұлттық салт-дәстүрді насихаттауда да алда тұр. Көрісу рәсімінен басталатын Наурыз мейрамы осы өңірде тамаша тағылыммен тойланады. Мұндай маңызды шараның жоғары деңгейде өтуіне соттар да үлкен үлес қосып келеді. «Ағадан – ақыл, Ініден – ізет», «Жақсы аға – орман, жақсы іні – қорған» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, сот саласының ісі ілгері басу үшін аға буын мен кейінгі буын арасындағы байланысты үзбеу маңызды. Осыны ескеріп біз Маңғыстау облыстық сотында ардагер-судьялармен кездесу ұйымдастыруды, дәрісін тыңдауды, кездесулер өткізуді әдемі үрдіске айналдырдық. Сот саласының дамуына үлесін қосқан, осы жолда аянбай еңбек еткен ардагерлер ешқашан ұмыт қалмауы керек. Міне, жылдар бойы жалғасқан осы үрдістің әлі күнге үзілмей келе жатқанына ризамын. Бұдан бөлек, сот ғимараттарының салынуы, сот жұмысына қатысты материалдық-техникалық мәселелердің оң шешілуі – дер кезінде қолға алынып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Осы кезеңде жалпы мемлекетімізде іс жүзіне асырылған сот реформасны Маңғыстаулық әріптестер жоғарғы талапқа сай іс жұзіне асырды, халыққа қолайлы сот жүйесін қалыптастырды деп айтуға толық болады деп санаймын. Ең басты әріптестердің арасында керемет сыйластық, бір-біріне құрметпен қарау мәселесі жоғарғы деңгейде болғаны шындық, әрі соттың абыройы халықтың ішінде сенімге ие болғаны да мен үшін үлкен мәртебе. Оның бірден бір айғағы осы төрт жылды Маңғыстау елінде, жерінде тыныштық орнап көптеген іс-шараның атқарылғаны.
Міне, осындай бірлігі бекем ұжым биыл елу жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жарты ғасырда Маңғыстау облыстық сотында еңбек еткен, сот жұмысының жандануына үлес қосқан барлық әріптестерімді мерейлі күнмен құттықтаймын. Заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауда алдыңғы шепте тұрған ұжымның алар асулары, бағындырар биіктері көп болғай! Ең басты еліміз тыныш, халқымыз аман болып, халықтың сенімінен шығып, имандылығымыз арта беруге тілектеспін.
Судьялар Одағының төрағасы - Сәкен Абдолла