Бала биден дара билікке жеткен даналар ұлағаты

Қызметіміздің қат-қабат қарбаластығына қарамастан, мүмкіндігінше, уақыт тауып, ата-бабаларымыздың ұлағатты жолдарына үңіліп, өнеге алуға тырысып отырамыз, әсіресе, би-шешендеріміздің даналық тағылымдарына қайта-қайта назар аударып, зерделеп отырмасақ, ісіміз алға баспайтындай.

Және мемлекеттік Ата Заңымыздың, Салық Зиманов, К.Сағадиев, С.Сартаев, Н.Шәйкенов сияқты заңтанушы ғұламаларымыздың белсенді еңбектерінің арқасында, сол заң корифейлерінің атсалысуымен бабалар ұлағаты, даналық тағылымдарына негізделе отырып, замана ағымымен сәтті ұштастырылғандығы көңілімізді қанағатшылдыққа бөлейді. «Өткен болмай, бүгін жоқ» дегеніміз осы, ұлттық тамырынан ажыраған ел,- тамыры қураған ағаш секілді, келешегі болмайтынын тарихымыздың ащы сабақтары әлдеқашан дәлелдеген. Көңілімізде, сол Салық Зиманов сияқты аға заңгерлеріміздің күш салуымен, қаншама тер төгіп қалыптастырып кеткен заңнамалық ұлағатының ізін өшіріп, көмескілендіріп алмасақ жарар еді деген тілек бар. Тіпті, Ата Заңымыз, сол асылдарымыздың иығымызға артып кеткен аманаты секілді. Өйткені, сол аса жауапты кезеңде, ескі жүйе ыдыраған, дүние асты үстіне келген бетбұрыстар кезеңінде, аяғын енді басқан жас тәуелсіз Қазақстан үшін, Ата Заңды- заманға сай етіп құрастырып, жазып шығу, халқымыздың ортақ бәтуаға ұйысып, мәмілеге келуі, оны тұрақтандырып, бекітіп, қалыптастыру оңайға түскен жоқ, осыны әрқайсымыз сезіне білсек етті. Бұл біздің ел болу-болмауымызбен тікелей байланысты өте қауырт қолға алынған, аса жауапкершілігі мол, өте өзекті, әрі күрделі мәселе болатын. Өйткені, қазақтың өз алдына тәуелсіз ел болып, аяғынан қаз тұрып кетуіне күмәнмен қараушылық басым болды, тіпті, өз ішіміздегі көзқарас ала-құла болғаны жасырын емес, оның үстіне, империялық, кеңестік идеологияның сандырағымен уланған европалық өркениет, тіпті, дүниежүзілік саналы қоғам, жан-жағымыздан анталай төніп, бұлар не істер екен дегендей, сырттай бақылап отырды. Бұл өзі, әлмисақтан солай, жері ұланғайыр, асты-үсті қазыналы, ал халқының саны азшылыққа ұшырап отырған жұртымыздың тағдырына әртүрлі пиғылмен көз тігушілік болмай қалмағандығы белгілі. Міне, осындай тағы бір кезекті, сындарлы шақ туғанда, әсіресе, елдіктің тұрақтылығын қалыптастыратын, бұлжымас дәнекері бола алатын Ата Заңның бой көтеруінің маңызы айрықша еді. Осы тұрғыдан келгенде, С. Зиманов сияқты кемеңгер тұлғаларарымыздың тәуелсіз қазақ елінің заңнамасының басында тұрып, сол жауапты кезеңде барша жауапкершілігін қолына алып, тер төгуі- ұлтымыздың өлшеусіз бағы, жаратқанның сыйы екендігін қайталай айтып, бағалап, қадіріне жетіп отырғанымыз дұрыс.

Қадіріне жеткендігіміз сол, сол өнегелі жолдарға жиі-жиі қайталай оралып, бұдан былайғы істерімізге де тірек іздейміз, асыл ағаларымыз салған сонарлы соқпаққа түсіп, бабаларымыздың елдік ұстанымынан ұлағат іздеп отырамыз.

Империялық отаршылдықтың, өзіміз куә болған кеңестік саясаттың үлкен өрескел қателігі, тіпті, озбырлығы, қазақ сияқты тағылымы әріде, тереңде жатқан халықтың ұлттық тамырына балта шапты, қасиетті құндылықтарымыздан біржола айыруға шақ қалды. Біз үшін ең маңыздысы- осы қадір-қасиетімізды кері оралтып, ұрпақ бойына дарытуға күш салуымыз керек. Осыны өз басым, әр тараптан ойланамын. Қазіргідей біліктілікті жетілдіру, ізденіс аясы төмендеп кеткен, көне дәуірлерден бері білім көзі саналып келген кітаптың құны түсіп, оқылмауға айналған заманда, бұл шындығы керек, жанауыртар, аса өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл өз алдына жеке тақырып, және ұрпағының келешегіне алаңдайтын әрбір саналы қоғам мүшесі жадында ұстап отыруға тиіс.

Әсіресе, өскелең ұрпақтың құлағына құйып, ұлттық құндылықтарымыздың тамыры тереңнен бастау алатынын айтудан шаршамауымыз керек. Жасыратыны жоқ, үстімізден қарап келген астамшыл алпауыт елдер, оның ішінде, кешегі отарлаушы Ресей, қазақтың сол отар елге айналған құлдық күнінің өзінің өңін айналдырып, ерікті-еріксіз, қаншама ұрпақтың ауызына сөз салып, мәжбүрлеп: «айналайын, жасампаз советтің жарылқауымен, большевиктік-революциялық үкіметтің ұлы жеңісінің арқасында, коммунистік партияның қамқорлығымен ел болдық» деген дөрекі идеологиялық қасаң ұғымда тәрбиелеп қалыптастыруға тырысты, және солай болды да. Әніміз де, жырымыз да, тіпті, оқу-білім алу жолдарымыз да, жалпы барша тұрмысымыз советтік ұраншыл бағытта болды. Сол, отарлық таптаурын жолдан шыға алмай, әлі де болса, қазақтың өткеніне күмәнмен қараушылық көп, бұрынғы жабайы, қараңғы жұрт, ілгергі замандарда, өркениет көшінен кешеуілдеп, артта қалып жүріп, табан жолын ажырата алмай, империяның жетегімен ел болды, өз алдына мемлекеті, елдігі болмаған, шекарасы болмаған деген көзқарас қалыптасқаны рас, осы сең болып қатып қалған догманы бұзып, тоң түсінікті жібітіп, ұлттық тәрбие арнасына бағыттау- біздің басты мұратымыз.

Қазақтың құнарлы тамыры терең елдік қасиетін іздесек, оның асыл қазыналы- мұраларына үңілейік, фольклорлық ауыз әдебиеті жауһарларынан табайық, мәдени өрісіміздің бастау алар бұлақ көзі тым тереңде жатқандығына одан артық қандай дәлел қажет болар?!

«Көрмес түйені де көрмес» демекші, өзгенің қасиетіне көзін жұмушылық- зымиян саясат ұстанған империяның басты әккілік тәсіл-бағыты еді, әйтпесе, көзі ашық, көкірегі ояу, салауатты саналы жұрт халқымыздың тағылымдық тамыры тереңде жатқанын әлдеқашан түсінген. Сондықтан, бұл жағына зерттеушілік тұрғыдан тереңдеп бару- басты мүддеміз емес, көздеген мүддемізбен байланыстырып, тақырыбымызды ашу орайында, халқымыздың даналық арнасы қайдан бастау алатыны туралы ой өрбіткіміз келеді. Кейде, айтар ойыңа тарихи астар беріп, өткенімізді саяси тұрғыдан байыптауға тура келеді, әйтпесе, отаршылдық заманнан өнеге табайық деп отырғанымыз жоқ. Ой арнасының еріксіз сол бағытқа бұрылып кетіп, аялдап, тіреліп қала беретіні де жақсы емес, әрине.

Мені заңгер ретінде, би-шешендер тағылымында, бала билер болмысы көптен толғандырып келеді. Сол, ата-бабаларымыздың ұлағатқа толы дәуірлерінде бала билердің тарих сахнасына көтеріліп, ел істеріне араласуы да тамыры тереңде жатқан ұлттық қасиетіміздің айғағындай. Бұл түсіне білгенге, халқымыздың бала тәрбиесіне қаншалықты мән бергендігін, көзін тырнап ашқаннан патшадай ұлықтап, төбесіне көтере әлпештеп, алақанға сала отырып, ұлттың құнарын құлағына құя бергендігін танытпай ма. Әйтпесе, біздің жұртымыздағыдай, бала билері, немесе, заман тілімен сөйлесек, қайраткерлері бала кезінен ел туралы толғанып, биік мінберлерге көтерілуі, көптеп шығып, ел тағдырына араласуы- әлем тарихында жиі кездесетін құбылыс емес екендігіне көзіміз жетердей. Біз мектеп бағдарламасы арқылы, ежелгі дамушы елдердегі, мысалы, грек-рим тарихынан Цицерон, Демосфен, Сократ сияқты ғұлама ғалым, шешендер туралы оқып өстік, кейін қызығып, олар туралы іздеп жүріп оқыдық, менің пайымдауымша, сонда, олардың шешендігі бала жасынан байқалғандығы туралы айтылмайды, олар ондай атаққа тек сақайған шағында, көп оқып-ізденулері арқылы жетеді. Әлемдік тарихтан, жұртымыздың өткен дәуірлеріндегідей, «Бала би» атанған, даналыққа ерте қол жеткізген айтулы тұлғаларындай кемеңгерлер туралы оқымаппыз, жаңылыс айтсақ, өз сөзіміз өзіміздікі. Тіпті, айта берсек, асылық айтқандық болмасын, әлемдік тарихта «бала би» деген атау жоқ, ондай ұғым қалыптаспаған, жоғарыдағы аталған осынау әлемдік данышпандардың бала кезінен билікке араласқандығы туралы деректер кездестірмедік. Салыстыру тұрғысынан алсақ, қазақ жұртында ғана, сирек қасиетке ие, аты мәшһүр би-шешендер, дала даналарының даралығы ерте танылып, сонысымен жұртын таң қалдырып, таңдай қақтырған ғой. Осы айқындалған ақиқатты айтып отырудан неге тайсақтап, бас тартамыз, осы терең тамырлы елдіктің нышанын табан тіреп, неге сеніммен, дүние жүзіне кеңінен насихаттап, жарияламасқа?! Өз ішімізде айтылады да, оның өзі күмәнділеу болып шығып, ақыр аяғы дау-дамайға айналып жататыны шындық. Тайғанақ, тұжырым-дәлелсіз, солғын айтылған соң, мұндай байыптамаларымыз жікшілдік, рушылдыққа апарып соқтыратын секілді. Солайша өз қасиетімізді өзіміз көлегейлеп, өз қолымызбен тұншықтырып жатамыз, сосын өзге жұрт қайдан мойындасын. Өзіміз күмілжіп, тайғанақтай сөйлесек, ұрпағымызға не жорық, тіпті, жылы жауып қоя салар. Сөздің ашығы керек, ұлт қадір-қасиетіне жетуіміз, танып-бағалауымыз көп кемшін жатыр. Біз әлі де болса, барымызды бағалай алмай жүрген жұрт қатарындамыз, ащы да болса, ақиқаты сол.

Осы тұрғыдан келгенде, тағы да қайталай айтамыз, Салық Зиманов сияқты дараланған саңлақ заңтанушыларымыздың өнегесіне жиірек жүгініп отырғанымыз абзал. Өйткені, ата-бабалар ұлағатына соншалық мән-мазмұн беріп, мемлекеттік заңымызды тікелей ата-бабаларымыздың елдік салтымен орайластырғаны, түсіне білсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ерлік қадаммен бірдей болатын. Тіпті, елдік конституциялық атауына дейін ұлықтап, ата-бабалар ізін қадір-қасиет тұтып, сол жолға түсуіміз ел мұраты екендігін айшықтап, «Ата Заң» деп атап кеткен ұлылығын қалай айтсақ та, қалай мәртебесін асырсақ та жарасар! Және осы даңғыл жолымызды әспеттеп, тұғырын биіктетіп, сол Ата Заңымызды айқайлатып атау беріп, он томдық «Қазақтың Ата Заңдары» сияқты терең толғамды энциклопедиялық ауқымды зерттеуін жариялап, үлгеріп кетуі- ұлылықтың-ұлылығы екенін айта береміз. Бұл С.Зимановтың ұзақ жылдарғы еңбектерінің түйін-қорытындысы секілді, бай тәжірибелік белестерінің шырқау шыңы болатын, және ұлы заңгер сол, империялық отаршылдық шылауында, сол үстем империялық саясат ұстанған қоғамға қызмет ете жүріп, тәуелділік жағдайында да, сол идеологиялық бағытқа біржола шырмалып, маталып қала бермей, өмір бойы қасиетті ата-бабалар мұратына адал болғандығын дәлелдеумен өтті. Ұлтын шексіз сүюшілік деп осыны айтармыз. Міне, ұлт мүддесіне қызмет ету дегеніміздің жарқын мысалы осы болар!

Ал одан да зорғы жүгінетін, негізгі дәлел-қисынымыз- жоғарыда айтқанымыздай, ұлтымыздың өмірлік мұраты, қадір-қасиеті, даналық қырлары- фольклорлық асыл қазыналы мұраларымызда жатыр, тек көре білетін көз, саналы зерде керек. Біздің ежелден елдігі қалыптасқан арғы-бергі жұртымызда халықтық педагогиканың аса күшті дамығандығы туралы көнеден келе жатқан мақал-мәтелдеріміз, даналық ұлағаттарымыз айғақтай алады. «Тәрбие- тал бесіктен» дегенді мұрат тұтқан елдің өнегесінің тереңдігіне кім күмән келтірер. Осы орайда, қазіргі әлемдік тәрбиелік бағытта жиі айтылып жүрген, тәлімдік еңбектерден көптеп ұшырасып жататын бір тағылымды аңыз еске түседі, қысқаша мазмұны былайша өріледі: ерте заманда бір қарапайым шаруа еліндегі атағы алысқа кеткен ғұламаға келіп: «баланы неше жастан тәрбиелеген дұрыс?»- деп сұрақ қойыпты. Ғұлама қарсы сұрақ қойып: «балаңыз қаншаға келді?»- дегенде, «небары бес айлық қана»- деп жауап қайырады. Сірә, өзінің тәрбиені бастауына әлі ерте екендігіне нық сенімді болса керек. Сонда ғұлама басын шайқап: «ендеше бес айға кешіккен екенсіз»- деген екен. Осы секілді дүние жүзіне кең тараған тағылымды аңыз әңгіменің берер өнегесін біздің ата-бабаларымыз, сол көне дәуірлердің өзінде, өмірлік мұрат-мүдделеріне айналдыра біліп, екі-ақ ауыз сөзбен түйіп тастап отырған ғой. Әлемдік өркениетте кең тараған қай тағылымдық, тәрбиелік бағыттағы туындылардың қайсысына байыптай үңілсеңіз де, бұл туралы көне дәуірлік даналарымыз әлдеқашан ескі замандарда айтып, тасқа басып қалдырған болып шығады. Сөйткен ата-бабаларымыздың үлгі-өнегеге толы, адамзаттық мұраттарға сай тірлігіне, қадір-қасиетіне, елдік ұстанымына көз жұмып, құлдыратып, жабайы, қараңғылыққа балаған империялық идеологиядан не үміт, не қайыр?!

Қазақтың ұлттық құндылықтары, даналық танымдары әлемдік өркениет көшінен қалыс қалмай, қатарласа жарысып, өрістеп отырғандығына осындай көптеген мысалдар келтіруге болар еді. Отаршылдық дәуірінде, ұшы-қиыры шексіз ұланғайыр өлкеміздегі материалдық байлығымыз, жердің асты-үсті толған дәулетіміз талан-таражға салынғанымен, ұлттың рухани қазынасы біздің ел ретінде қасиетімізді жоймауымызға зор септігін тигізді.

Ал халқымыздың әлгіндей даналық нақылдарында бала тәрбиесін дүниеге келген күнінен қолға алатыны аңғарылмай ма. Және ондай ұлағатты мақалдарды көптеп мысалға келтіруге болар еді, басқа-басқа, халықтық рухани қазынамыз туралы талай әлемдік ғалымдар зерттеп, еңбектер жазғандығы белгілі. Жас әйел-аналарымыздың бауырындағы сәбилерін бесік жырларымен тәрбиелеп, құлақтарына құйып, өсіруі де осы сөздерімізге жарқын мысал болмай ма?

Қайсыбірін айта берерсің, халқымызда «сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген ғажайып ұлағатты ұғым бар. Астарына зерделей үңілсек, бала тәрбиесінің ана сүтімен бірге басталатындығын мегзеумен бірге, мұнда ата-анаға айтылар ұлттың ұлағатты ұстанымы, тәлімдік бағыты бар. Бұл даналық ұғымда, аз ғана сөзбен, бала тәрбиесін дер кезінде қолға алмасаң, кеш қалатыныңа, сүйегіне сіңіп, бұ дүниеден өткенінше солай кетеріне емеурін жасалып тұрған жоқ па?

Ұлағатты елдің осындай ұлы ұстанымдары ұлтымыздың ғажайып өнегелі тәрбие мектебін ежелден қалыптастыра алғандығының айғағы болмас па. Енді, сөзіміздің нақты айғағы ретінде, «Бала би» тақырыбына дендеп бойлап көрейік.

Қазақта, «болар баланың» негізі қайда жататынын мегзеген мақал-мәтелдері, нақылға айналған сөз тіркестері өте көп. Ғажабы сол, қазақта атағы бала жасынан шыққан, ел ішінде «Бала би» атанған саусақпен санарлықтай бір-екеу емес, көптеген би-шешендеріміз болған екен. Және көзіміз жететіні, олар ағайын-руластары ішінде ғана емес, сол бала шағынан сұңғыла шешендігімен даңқы алысқа кеткен, еліміздің әр қиырынан бір көруге құмар болып, іздеп келетін тұлғаларына айналған. Әрине, өмірінен сабақ ала отырып, тәжірибе жинақтап, алдыңғы буыннан үйрене отырып, шешендік шеберлігіне ысылып жету- халық арасында заңдылықтай қалыптасқан, ол ешкімді аса таңдандырмайды, қалыпты жағдай ретінде қабылданады. Қазақтың жалпы тілге жүйріктігі, шешен халық екендігі осыдан қалыптасқан ұғым. Бұған халық таң қалмаса да, ал, өмірге енді қадам басқан баланың, қазақы ұғыммен айтсақ, бесіктен белі шықпай жатып, шешендік танымалдыққа ие болуы, сирек кездесетін аса дарындылық белгісі екендігіне ешкім дау келтіре алмас. Ұрпақтарының еңкейген кәріден- еңбектеген баласына шейін тақылдаған сөзуар тапқырлығы туралы сөз тіркесі тек қазақ ішінде айтылатыны айғақ. Дегенмен, қалың ормандай жұртының ішінен дараланып, озып шығып, «Бала би» атанушылық екінің біріне бұйыра берер бақ болмаса керек. Енді осы ерте көктеген, дүние есігін ашқаннан сөз киесі дарыған, тумысынан жетесіне саңылау құйылып жаратылған дейтіндей жұрты сүйіп, махаббатымен аялап «Бала би» деген атақ берген шешендеріміздің ең танымалдарына тоқталғымыз келеді.

«Бала би» атанған би-шешендеріміздің ішінде, Сырым Датұлының орыны айрықша. Өйткені, Сырым Датұлының атағы тек би-шешендігімен ғана шыққан жоқ, есейе келгендегі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне бас болуымен де танымал. Осы тұрғыдан келгенде, ол көрнекті қоғам қайраткері, әскери қолбасшы ретінде де халқына қадірменді тұлғаға айналды. Яғни, Сырым Датұлын халық ішінен дараланып шыққан озық ойлы, өткір тілді тапқыр шешендігі, оны келе-келе, елінің тағдырына бейтарап қарай алмайтын, жұртына бас боларлық үлкен қайраткер тұлға деңгейіне дейін шарықтатып өсіріп, биік тұғырға шығарды. Ал оның «Бала би» атануына Кіші жүз рулары арасына өте ерте танылып, жас шыбықтай жеткіншек кезінен билікке араласуы себепкер болған.

«Бала би» атағы ерте шыққан дүлдүл би-шешендеріміздің ішінде, Сырым Датұлы секілді даңқы асқан бірегей дерлік, Орта жүз Арғын ішіндегі Сүйіндік Қаржас руынан шыққан Шорман Күшікұлының/туып-өскен өңірі- қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, 1799-1837ж.аралығында өмір сүрген/халық арасындағы орыны бөлек. Бала жасынан би атанған Шорман Күшікұлының да даңқы өрлеуінің айғағы, оның өз аймағында патша заманында, Абайдың әкесі Құнанбай секілді аға сұлтан дәрежесіне жетуі, халқының қалауымен «төбе би» деңгейіне көтерілуі дәлел. Шорман би, елуге толмай өмірден өткенде, өзінің ұрпақтарының елінің жоғын жоқтап, құрметке бөленеріне сенген. Солай болып, үлкен ұлы, өзі сияқты ел билеп, орнын басқан, би-қайраткер ретіндегі атағы мәлім. Ал қызы Зейнептен,/Шыңғыс Уәлихановтың бәйбішесі/ дана Шоқан туған. Шоқанның да ойының ұшқырлығы, кемеңгер болып туған ерте байқалғандығы белгілі. Жалпы Шормановтар династиясының қадір-қасиеті қазақ арасына ертеден, кеңінен мәлім болған.

«Бала би» атағы ерте танымал шешендерімізден мойыны озып, дараланып шыққан Досбол би Қарлыбайұлын да/бұрынғы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы өңірі, 1800-1890 ж.аралығында өмір сүрген/ айрықша атап өтуге болады. Шешендік ұлағаты кең тараған Досбол бидің ұлағатты тағылымдарын би-шешендер жинақтарынан көптеп ұшырастырамыз.

Бұл, «Бала би» атағымен ерте дараланған би-шешендеріміздің әрқайсысы туралы кеңінен толғарлық қадір-қасиеттері жетерлік, және оны бірер мақала ішінде толғап шығу мүмкін де болмас еді. Бірақ, өзіміздің жауапты істерімізде осы бірегей тұлғаларымыздан көз жазып қалмай, ұлағатын жайып отыруды бағыт етіп ұстанып отырамыз. Және бұл тараптағы ізденісіміздің басы да, аяғы да бұл болмас. Анық бір көзіміз жететіні, ел ішінде балаң жасынан танымал болып, сый-құрметке бөленген, «Бала би» атанып, ерте сый-құрметке ие болған жампоздарымыз осылармен шектелмесе керек, біз аса танымалдарына ғана шолу жасап отырғанымызды баса айтамыз. Әйтпесе, балалық шағынан билік ісіне араласушылар, зерделей байыптар болсақ, қазақ айналасы түгілі, үш жүздің ішіндегі әрбір ру-тайпалар ішінде ондап саналғанына көзіміз жетеді. Және бұл, Ұлы Даланың ұлағат ұстанымдарына орай солай болуы заңдылық секілді. Дегенмен, ата-бабаларымыздың талғам-таразысымен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарын даралағанымыз жөн-ау деген ұстанымға иек тіреп, бұған аса сақтықпен қарап, абайлап, сөзімізге қарауыл қоя сөйлеп, өзімшілдікке бой ұрғызып алмауға тырысамыз.

Бұлардың сыртында, қазақтың би-шешендер айналасындағы бағыт-бағдарымызды, тек осы «Бала би» атанушылықпен қарастыру- тым халық даналығының аясын тарылтып, шектеушілікке соқтырар еді. Олай деп табан тіреп, нық сеніммен айтуымыздың басты себебі, жоғарыдағы ежелгі даналық тұжырымдарымыз арқылы айтқымыз келгендегідей, халқымыздан ел бастаған кемеңгер, абыз атанған, даналарымыздың көптеп шығуы- халықтық тәрбие көзінің құнарлылығынан, бастау алар бұлағының арналылығынан, ата-бабаларымыздың тәлім-тәрбие тағылымы тереңнен тамыр тартатындығынан, ұлттық ұлағатымыздың өрістілігінен екендігіне ешкімнің дауы болмас.

Әсіресе, «ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?!» деп, тұйыққа тіреліп тұрған алмағайып, аласапыран заманда үш жүздің басын қосып, ортақ мүддеге біріктіріп, қасиетті күреске бастаған Абылай ханның ең басты ақылгөй серіктері, майталман үш биіміз- Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің қай-қайсысы болмасын, шеттерінен тым ерте танымалдыққа жетіп, ел ішінде шешен-тапқырлығымен жұртын ауыздарына балаң шақтарында-ақ қарата алған, тай күнінен танылған тарландарымыз, аттары бәйгеден қара үздіріп келген жүйріктеріміз болатын.

Ұлы жүздің Төле биінің 8-9 жасар кезінен танымал болып, билікке араласқандығы туралы аңыз-әңгімелер көп. Ол бала кезінде, арнайы іздеп барып тоқсанға келген Жетес биден, жүзге жетіп отырған Әнет бабаны іздеп барып, баталарын алуы, оның алысқа барар арынын бірден танытқан. Төле бидің балаң кезінен ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, адам құнын даулау мәселелеріне араласқандығы туралы оқиғалы әңгімелер, ел арасына кең тараған ой-тұжырымдары жеткілікті. Төле бидің ерте танылған алғырлығы,кемеңгер көсемдігі, оны мемлекеттік қайраткер, Ташкент уәлаятының билеушісі деңгейлеріне дейін жеткізгендігі белгілі.

Орта жүздің Қаз дауысты Қазыбегінің де билікке араласуы сол шамада болған. Оның қалмақ-қазақ арасында жүрген аса маңызды елшілік сапарда атқосшы болып барған оқиғасы туралы аңыздарда әйгілі бидің жасы бірде тоғыз-он, енді бірде он бір-он үш,/кейде, он төрт деп те айтылады/ аралығы көрсетіледі. Қалай десек те, нақты шындығы, осы оқиғалардың оның осы аралықтағы балаң кезінде басынан өткендігі айқын. Нанымды қисынға жүгінер болсақ, соңғымыз дұрысырақ секілді, он екі-он үш, он төрт жастарына қарай, бала өзін ересек сезіне бастайды емес пе. Қалай дегенмен де, ел іші дауы емес, еларалық мұндай маңызды мәселелерге тым жас баланың тартылмасы анық.

Кіші жүздің Әйтеке биінің де шешендік атағы балаң жасында шыққанына дәлелдеріміз жеткілікті. Әйтеке бидің сол балаң, бозбала шағында ел дауына араласып, билік жүргізгендігі туралы кең тараған шешендік үлгілеріне келтірер мысалдар аз емес.

Осы Абылай хан айналасына топтасып, атақ-даңқтары аспанға өрлеген, мемлекеттік қайраткер, алаштың ақылман абыз деңгейлеріне көтеріліп, оқшау дараланған үш биіміздің соншалықты дәрежеге жетуінің өзі, олардың сол балаң шақтарынан ізденгендігінің, әу бастан алыс көкжиектерге көз тіккендерінің нәтижесі болып танылмас па?!

Кішкене кездерінен танылған өзгеше сипат, ұлы бітім-болмыстары аталмыш үш бидің халқының кемеңгер тұлғаларына айналуына, қазақ халқының мемлекеттік құрылымына тірек-таяныш болған жасампаз «Жеті Жарғы» заңының дүниеге келуіне алып келгендігіне ұлағатты тарихи даңғыл жолдарымыз айғақ.

Данышпан Абайдың заманынан озып туған жаратылысы бала кезінен аңдалғандығы белгілі. Бұл туралы өрбітіп, сантүрлі бағытта тарата тоқталуға болады. Әкесі Құнанбайдың қолдауымен, ол билік ісіне ерте араласқан, кейін есейе келгенде, әйгілі «Қарамола ережесін» жазғандығы белгілі. Және ұлы ақынның барлық саналы ғұмыры ұлт мұратын көтеру, халқының қасиетін асырып, ардақтау жолында өткендігі аян.

Жоғарыда дәлелдемек болғанымыздай, ұлт қасиетін тануға ниет танытсақ, оны халық ауыз әдебиетінің бай мұраларынан- фольклорымыздан тауып, сусындап отыруымыздың қажеттігі, сонымен бірге, ұрпақтарымызға өнегесін сіңіріп, сол бағытта тәрбиелеуді басшылыққа алудың маңыздылығын айтудан талмаймыз. Б. Момышұлының қаһармандық ерлік жолдары оның халық мұраларын кішкене кезінен қасиет тұтып өскендігінен екендігіне оның көптеген мемуарлық шығармалары, естеліктері, ұлағатты ойлары дәлел. Оның әйгілі «Ұшқан ұя» мемуарлық кітабы тұнып тұрған ұлағат, онда автор өзінің батырлар жырларын, қисса-дастандарды қалай сүйіп, жаттап өскендігі туралы тебірене жазады. Кітаптың бір тұсында: «Ертегісіз өскен бала- рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларға, әжелері, не шешелері ертегі айтып бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немереме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда, құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын.»- деп толғанатыны бар. Міне, елін беріле сүйген патриотизм, жұрты үшін жанын қияр батырлықтың бастау алар бұлақ көзі қайда жатыр?!

Атақты батыр қолбасшымыз өзінің барлық саналы ғұмырында, осы халықтық педагогикаға арқа сүйеп, еліне, жас ұрпаққа тура жол нұсқап өткен еді. Қазақта осындай атағы жер жарған тұлғаларымыздың қай-қайсысы болмасын, ұлттық құндылықтарымыздан нәр алып, тамырланып өскендігін аңғарамыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, ұлтымыздың ұлағаты- бала тәлім-тәрбиесіне халықтық өреден мән беретіндігінде, тамыры терең тағылымдық тарихында жатқандығын қастерлеп отыру, өнеге тұту, осы ежелден келе жатқан сабақтастықтар туралы келешек жастарымызға, ұрпақтарымыздың құлақтарына құя беруден шаршамау-парызымыз.

Досжан Әмір.

ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.