Біздің ұлтымыздың барша қасиеті ең алдымен үлкендерді құрметтеуден басталады. Ес біліп, етек жапқалы үлкендердің алдын кесіп өтпеуді, үлкендердің сөзін бөлмеуді, үлкендерден бұрын асқа қол созбауды ұғынып өстік. Қазір ойлап отырсам, дәл осы өнеге біздің қанымызға сіңген қасиет, бойымызға нәр болып тараған, сүйекпен бірге біткен ұлағат екен. Бұл арқылы айтқым келіп отырғаны, біздің үлкендеріміз таңертеңнен кешке дейін құлағымызды кеміріп насихат айтпайтын, мораль оқымайтын, олай етуге тіпті, уақыттары да жоқ еді ғой. Ал енді, сонда, бұларды біз іштен біліп туыппыз ба деген заңды сұрақ туындайды. Сөйтсек, үлкендеріміз насихатпен үгіттеп, әуреге түспей ақ, уағыздамай ақ, ұрпақтарына тәлім тәрбиені әрбір іс әрекеттерімен көрсетіп, өзара қарым қатынастағы биік мәдениеттерімен, бір-біріне деген үлкен құрметтерімен, сырт көз сүйсінерлік сыйластықтарымен аңдатып, бойымызға дарытып отырған екен. Біздер әке шешелеріміздің, ата әжелеріміздің, олар ерте өмірден өте қалған күнде де ауылдағы үлкендеріміздің ыммен ақ, иек қағысып, түсінісіп отырғандарына көзіміз қанығып өстік. Қазақтың қариялары бір-біріне дауыс көтермей, зілсіз қалжыңдасып отыратынын аңғаратынбыз. Сонда сол кісілер, «міне, сендер де осылай істеңдер, сыйласыңдар»- дегенді айтпаса да, көзбен көргеніміз, көкейімізде қаттала берген екен. Ұлттық педагогиканың мықты өрістегендігін осыдан ақ аңдауға болады ғой. Қайта көп қасиеттеріміз ішімізге өзге ұлттар кіріп, ендей бастағанда, кеми бастапты, әрине, империялық отаршыл идеологияның күшті әсері мен ықпалы айтпаса да түсінікті. Жасыратыны жоқ, баланың әкесі мен анасына, ата әжелеріне өктем сөйлегендігін, дікеңдей сөйлеп, дегендерін орындатқанын біз өзге ұлттардан көріп, бала жүрегіміз сескеніп қалатын кездеріміз аз болмайтын. Өзге жұрттың салт дәстүрі ене бастағаны, жаман әдеттері жұғысты бола бастағаны өз алдына. Қазақ баласының жаман әдеттерден бойы аулақ, қанына сіңбегені анық болатын. Тіпті, өзгесін былай қойғанда, шай ішу салтының өзі қазаққа сырттан келген, жұртымыздың негізгі сусыны қымыз бен айран еді. Атасының сыбағалы асын жеген қазақ асқазанына түсер салмақты сорпасын ішіп тарқататын. Жүрген жүрісі мен сыйластығы, сөйлеген сөзі, жалпы салт дәстүрі, әдет ғұрыпымен, жөн жоралғысымен өнегелі қазақ асының өзін талап талғаммен ішіпті. Асының тазалығы- жанының тазалығына жеткізіпті, жанының тазалығы- тәнінің тазалығына қалыптастырыпты. Біздер бала болсақ та үлкендеріміздің тазалығына тәнті болатынбыз, олардың бес уақыт намазы, бес парызы, ең алдымен, адамшылық парызын өтеуі, әрі имани тазалығы, әрі бойын таза ұстау мәдениетімен бірге сабақтаса қалыптасты. Иман тазалығын тарқатар болсақ, ұстанған дінімізде үлкенді құрметтеу- Алланы ұлықтаудың бір түрі саналады. Пайғамбар/с.а.с./ хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту- Алланы ұлықтаудың бір түрі»- делінген. Жоғарыда халықтық педагогика туралы сөзді бекер қозғамадық, халықтық қасиет- ұлттық негізіміздің қалануынан бастау алатыны сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде, ұлттық қадір қасиетіміздің қайнар бұлақ көзі тым тереңде жатқандығын біздер ертеден танып өстік, бүл, тіпті, бесікке бөленген сәбилеріміздің құлағына анасының әлдиінен бастап, сіңе беретін қасиет. Қазақ- шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап, қашан бұл жалғанмен қош айтысқанша өнегемен өсе беретін, ұлағаты жалғаса беретін халық. Дана Абайдың «тал бесіктен- жер бесікке дейін» деп бейнелеуінде, ұлтымыздың осы кісілік сипатына мегзеу бар. Анасының ақ сүтімен бірге, бесік жырының әлдиімен көзін ашқан қазақ баласы өле өлгенше ұлағат үйреніп өмірден өтеді. Қазақтың ұлттық педагогикасының мықтылығы- міне, осында жатыр. Ендеше, өмір бойы үйренген, қариялыққа ізденіспен, талпыныспен жеткен қарттарымыз қалайша сый құрметке ие болмасын?! Қазақтың қарияларының әлмисақтан орыны төр болған. Төр дегенге қазақтай мән беретін ұлт жоқ, немересімен қатар отыра кететін, келіні мен атасы қатар отырып, қалжың айтысатын ерсіліктерді өзге жұрттардан аңдап келеміз. Ертеректен ақсақалды қарияларымыз төрге жайғасқанда, оң жақта қыздары, сол жақта ұлдары, одан төменірек балалары мен келіндері орналасқанда, оларға жасалатын сый құрмет те осы ретпен жасалатынына көзіміз қанығып өсті. Қариялар сөйлеп отырғанда, өзгелері тыңдаушы болып, сілтідей тынып отыратын. Міне, осылайша ұлтымыздың биік мәдениеті- қара шаңырақтан, әппақ пейілді ақ дастарханнан бастау алып, өрбіп жататын. Би шешендердің биік орыны елдік маңызды мәселелер тұсында айқындалады, ал, жалпы ел ішіндегі, ауыл арасындағы немесе шаңырақтағы мәселелерді, дау дамайды шешетін қариялар болған. Ақсақалдық уәж айтылса, оған ауыл боп, ел боп тоқтаған, шаңырақты былай қойғанда. Осы тұрғыдан келгенде, өзім көзім көрген үлкендер өнегесін сөз қыла кетсем, өзімшілдігім болмас. Әрине, мысалды алыстан емес, өз айналаңнан іздейсің, жақсы біліп, әбден көзіңді жеткізіп өсуің тағы бар. Дархан мінезді, жомарт жұртпыз деп мақтанамыз ғой, осыған бала жастан көзіміз жетіп өстік. Кейде, бір жамандықтардың сансыз жақсылықтар тудырып жататынына да үлкендеріміз арқылы танып түсініп жатушы едік. Олай дейтінім, әке шешелеріміз және олардың тұстас замандастары молшылықпен, ас та төк берекелі, ырысы тасыған заманның өкілдері дей алмас едік. Қазір ойлап отырсақ, олар нағыз кеңестік дәуірдің ең қылышынан қан тамып тұрған сойқан кезеңінде өмір сүріпті; балалық шақтары нағыз сұрапыл аштық тұстарына сәйкес келген, репрессия дауылы, соғыс- кез келген қазақ шаңырағын шайқап, қайғыға батырғаны белгілі. Қарыны тойып ас ішпеген, иіні бүтін киім кимеген. Бірақ олардың өмірден тартқан осы азабы, жоқшылығы, яки, жамандығы, олардың ұрпақтарына, яғни, біздердің өмірімізге жарқын жол ашыпты, жамандықтан жақсылыққа ұласыпты. Ұрпағы үшін ғазиз жандарын құрбан еткен асылдарымыз соған мың шүкірлік айтып, ауыздарынан тәубаларын тастамай өтіп еді ау, жарықтықтар. Өздерінің балалығы мен жастығы мұң қайғымен, ішер ас, киер киімге жарымай, жоқшылықпен өткеніне еш налымапты, күйзеліп, қам жемепті, тек бала шағасы үшін жағдай туа бастағанына қуаныпты. Жағдай туды дегеннің өзін салыстырмалы түрде айтып отырмыз, бұрынғысынан тәуір күн туыпты дегеніміз, әйтпесе, ол кісілердің таңның атысы, күннің батысы бел жазбай, тынымсыз еңбек еткендерін көзіміз көрді. Былай қарап отырсақ, соның өзінде бастарына жұмақ орнай қалды деуге ауыз бармайды, жоқшылық, ауыр тұрмыс оларды азапқа салып қинады, аурулы болды. Әкей осы күнгі өзіміздің жасымыздан ертерек өмірден өткенде, анамыз небары отыз төрттегі жас келіншек, алды ондардан енді асқан шиеттей тоғыз баламен жесірлік салмағы иығына түсті. Ойлап қараңыз, замана ауыртпалығы өз алдына, енді үйдің де, түздің де жұмысын қоса алып жүруіне тура келген. Тоғыз баланың күтімінің үстіне, асырауы керек болған соң, бірнеше жұмысты қабат атқарған, мал да баққан, балшық илеп, қора да соққан, еден де жуған. Былай қарап отырсаң, өзінің қызық көретін уағы, мұндай құрбандыққа қандай жан бара алар еді. Бала да болсам, жақсы есімде, сонда сол кісілердің қайсар рухтарына, еңселерін түсірмей, ауыр азапты тағдырларына сынбағандарына таң қалуға болар еді; егіс даласынан ба, қырманнан ба, әлде, мал соңынан ба, шаршап шалдығып, қас қарая оралған бейбақтар бастарын қосып, әлдебір үйде қазан көтерілсе, соны бөлісіп ішіп, ән айтысып, бірін бірі қалжыңмен қажап, көңілдерін көтерісуші еді. Қалайша таңданбассың, не деген биік рухтылық, не деген қайсарлық пен төзімділік?! Сол үлкендеріміздің бәрінің басында қайғы қасырет бар; біреулерінің жарлары қан майданнан оралмаған, қара қағазбен бірге қасырет жұтқан, екіншілерінің ет жақындары, балалары аштықтан қырылған, үшіншілерінің жақын жанашырлары қуғын сүргінге ұшыраған, репрессияға іліккен. Осындай іштегі дерттері меңдеп тұрса да, өзді өздерін қайрап күш беруі, бойларынан қайрат тауып, тағдырдың басқа салған сынақтарын қара нардай қайыспай көтере білуі,, ұрпақтарына осалдық танытпауы, олардың алдындағы жауапкершіліктерін ерлікпен атқара білуі- олардың адамшылық қасиеттерінің зор екендігін паш етеді. Мұндай ауыртпалықтарға адамның адамы төтеп берері айтпаса да түсінікті. Салыстырмалы түрде айтсақ, сталиндік агрессиялық террордың салмағы сол кездегі бір одаққа біріккен он бес республиканың ішінде Қазақстанға айрықша түскендігі қазір ашық айтылып, талқыланып, әбден анықталған жағдай. Ал оның бар жүгін, азабы мен наласын біздің әке шешелеріміздің буыны арқалағаны да нақты ақиқат. Мені ғажап таң қалдырып, терең ойға батыратыны,- сол үлкендеріміздің, былай қарағанда, бастың амандығын тілеп, тентіреп, бас сауғалап кететіндей сұмдық нәубетті, зардабы мол зобалаң заманда өмір сүріп отырып, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін жоғалтпай, сақтай білгендігі. Адам төзгісіз азаптарды шеге жүріп, ұл қыздарына қамқор ата ана бола білгендігі; сөйтіп жүріп, ұлттық қадір қасиеттерімізді, құндылықтарымызды сақтап, таныта білгендігі; жетімсіз жоқшылық заманда өмір сүріп отырып, барын базарлап, азғантай астарын бөлісіп ішіп, ұлттың ұлы қырларын ұрпақтарына паш етіп отырғандығы; ұлдарын еңбекке тәрбиелеп, иықтарына зор жауапкершілік арта білгендігі; қыздарын қырық үйден тиым жасап, бойларына ұлттың озық қасиеттерін қалыптастыра білуі; ибалы, көркем мінезді, қылықты қылып тәрбиелеп, өнерге бейімдеп, ұлдарды ұсталыққа, зергерлікке, атбегі, құсбегі, аңшылыққа, малдың бабын таба білуге, яки, түз шаруаларына бейімдеу, қыз балаларды ісмерлікке, тоқымашылыққа, үй шаруашылығына, ас әзірлеуге үйрету, былайша айтқанда, бүгінгі оң жақта отырған әлпештеген қыздарын ертеңгі өзге шаңыраққа құтты келін болып, қазан ошағына ие болуына дайындау- осының барлығы қазақ үшін үлкен тәрбие мектебі, ал осы ұлағат мектептерінің тағылымды ұстаздары үлкендер- әке шешелер, ата әжелер, тіпті, өскелең ұрпағымыз үшін ауылдың кез келген үлкені, қадірменді қариялары тәлімгер, тәрбиешілер есепті рөлді мойындарына алып, атқарып жүре беретін еді. Әлдебір ел, ауыл ақсақалы, қариясы немесе ел ағалары, әпкелері, тіпті, өз баласы емес, ауылдас, елдес балалар мен жастарға жөн сілтеп, ақыл айтып жатса, ұрсып, сөгіп жатса ол айып, ерсі саналмайтын, заңдылықтай қабылданатын. Міне, халықтық педагогиканың, ұлттық тәлім тәрбиенің басымдығын осы тұстан аңдайсыз. Бұл бір. Екіншіден, қазақтың фольклоры жас ұрпағы өмірге келген сәттен бастап бірге өмір сүріп, қанына сіңіп өседі. Өйткені, фольклор қазақта әуелде ғылым болып оқытылмаған, ауызша таралып дамыған. Ауыз әдебиеті аталып кетуі де осыдан. Яғни ауыз әдебиетінің пән болып оқытылуы кейіннен, ал қазақ тұрмысында ол қалыпты жағдай болған. Данышпан Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең»- дегенінің мағынасы өте терең, бұл қазақ баласының бар өмірі, яғни, шыр етіп, дүниеге келген күнінен бастап, өмірден өткенінше өлең жырмен өріліп отыратынына меңзеген. Қазақ баласының қолына әлмисақтан қолына оқулық беріп ешкім оқытқан жоқ, олар аналарының бесік жырымен көздерін тырнап ашса, есін білгеннен жұмбақ, жаңылтпаш жаттап өсті, үлкендерінің аңыз, ертегілерін тыңдап өсті. Ешқандай балабақша, мектеп бетін көрмеген жас ұрпақ осындай тәрбие мектептерінен өтті. Ал сол күнделікті тұрмыста қалыптасқан халықтық педагогика мектебінің ең жоғары санатты оқытушылары мен тәрбиешілері, мәртебелі ұстаздары- қарияларымыз болды. Кей кейде, халқымыздың ауыл қарияларын, ақылшы ақсақалын, ақылман әжелерін «адам болуға бағыт берген, өмір қағидаларына қалыптастырған ұстазым еді деп әспеттеуі осыдан. Жалпы қазақта «ұстаз» сөзінің мағынасы кең, қасиетті ұғым. Мысалы, арғыдағы Асан қайғы, Қожа Ахмет Иассауи, әл Фараби бабаларымыз, берідегі Абайларды «абыз» деп асыра дәріптеген, «ұлт ұстазы», «халық ұстазы» деп мәртебесін биіктеткен. Мұның бәрі жұртымыздың әркімнің орынына қарай бағалай білетін зор ұлағатын танытары анық. Қазақтың кемеңгер перзенті, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының біздің заманымыздың ойсырап тұрған кемшілігін үлкен мінбеден басшы, қайраткерлеріміздің бетіне батыра айтып: «мен соғыста жүрегім ештеңеден шайлықпап еді, қорқып, ешкімнен қаймықпап едім, енді осы бейбіт, тыныштық заманнан үркіп, қорқа бастадым»- деп ауыр күрсініп, тұнжырап қалғанында, жұрттың дуылдап, «неден қам жеп, көңіліңіз қалып жүр?»-дегендеріне былай жауап беріпті: «Қан майданда жаудан бетім қайтып көрмеген басым, қазір бала, немерелеріне бата бере алмайтын, ертегі, аңыз айтып бере алмайтын, жұмбақ пен жаеылтпаш жаттатып үйретпейтін, мақал мәтел жаттатып, мәнін түсіндірмейтін шал кемпірлерден қорқып жүрмін. Бұл қалпымен ендігі ұрпағымыз не болады?!»- деп ешкімнен жауап күтпестен, ортаға зілдей ауыр ой тастап, мінбеден түсіп кетіпті. Әрине, Баукең, бір жағы империялық идеологияның теріс ықпалының әсерінен, бір жағы, халықтар достығы деген желеумен Қазақстанға ерікті еріксіз келімсектер баса бастағандығынан, осылардың салдарынан ұлттық қасиетімізден айрыла бастауымыздың бәрін түсініп, ортасына зілбатпан ой тастаса, бұл мәселелер бізді де жайбарақат қалдыруға тиісті емес. Халық қадір қасиетінен айрыла бастаса, ұрпақ қайда бармақ; тілің мен төл әдебиетің, салт дәстүрің де құнсыздана бермек, қарияның сөзінен қасиет кетпек, қарияның да қадірі түсе бермек. «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын!»- деп Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, қоғамда әркім өз орнын табуға тиіс. Қарияларымызды қадірлеп, төбемізге көтерейік, ұрпақтары ардақтай білсе, қазақ жұрты үлкендік орынын сақтай білген, ұрпақ алдындағы қасиетті борышынан ешқашан айнымаған халық, тек елдің саяси бағыты дұрыс болса, Жаңа Қазақстан аршындап алға басса, қазақ қасиетін табады, үлкендеріміз балаларымыз бен жастарымызға дұрыс жол көрсетеді деп сенеміз. Өйткені, әрқашан қарияларымыз халқының бетке шығар қаймағы, суының тұнығы, арқа тұтар тірегі сындарлы шақтағы сүйеуі, ақылшысы, елдігінің парасат көрінісі, бетке ұстар беделі, алашының абыройы болып келген. Әлдеқалай бір замандарда қадірі түссе, қасиетін қайта тапқан, төрдегі тұғырына оралған. Тағы да сол, ауызынан сөз асылы ақтарылған ардақты Баукең: «Қарт адам ұзақ жол шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқты»- деген екен, мұнысы сынап отырғаны емес, халқына, ұрпағына бары мен нәрін берген адамның жапырағынан тоналған бәйтеректей солғанына, иіліп шөккеніне мегзегені, ұрпағына: «алақаныңа салып аяла, ол сен үшін барын берді, басыңа көтере бақытты ет, бақилығына базарлы бақуатты аттандырып, шығарып сал!»- дегені деп ұғамыз. Қазақ қариялары, кей кейде, жұмбақтап, ақылын ақтара салмай, астарлай сөйлеген. Бұл сөз қасиетін таныған, бағалаған жұрттың ғадетінде болған салт. Мысалы, тағы бір ел аңызында Лұқпан хакім мың жасаған- деген лепес кездеседі. Әрине, бұл шынымен ол кісінің мың жасағандығы емес, данышпанның артында қалдырған даналығымен, ұлағатты ұрпақ өсіруімен мың жасағандығына мегзеу. Бұл тағылымды ұстанымы бар, өнегелі жұрттардың астарлы лебізі. Бұл, ақынжанды жұртымыздың тағылымымен ойымызды жыр тілімен кестелесек, «шаңырағының биіктігін, шыққан күнмен өлшеген, керегесінің тұрған бойын кер жыланмен өлшеген, арқанының ұзындығын аққан сумен өлшеген, туырлығының тұтастығын бүтін тумен өлшеген, қайран, ата бабаларымыздан жеткен, өнегелі елдік белгісі. Ауызы дуалы қарияларымыздың берген баталарынан жұртымыздың асыл қасиеттерін танимыз, ел болашағы- ұрпақ тәрбиесіне қаншалық мән берген қастерлі борышын танимыз. Мысалға, үмітті ұрпақтарына- балалары мен жастарға былайша ақтарылыпты: «Ел жұртыңның гүлі бол, шамшырағы нұры бол, болашақта ірі бол, ірілердің пірі бол! Батырлардай санды бол, сал серідей сәнді бол, бақ дәулетті малды бол, өз құрбыңның алды бол!»- десе, «жақсы лепес- жарым ырыс» деген, осындай алғыс баталармен өскен ұрпақ қанаттанып, қуат алмай ма, арғымақтың жалын ұстап, қарғып мінгендей намысқа шаппай ма?! Әлдеқалай ұрпақ бойынан биік талап байқай қалса, сол адал, арлы, кісілігін таныған перзенттеріне бата бере қалғанда, бойларына жігер құйып: «Көзімнің нұры бол, көңілімнің жыры бол, бақ құшып, бал жұтып, Бабырдай ұлы бол! Балдай бала бол, нардай дара бол! Таудай талапты, Фарабидай дана бол! Майқыдай сыйлы бол, Қорқыттай күйлі бол, Асандай ақылды, Бұқардай жырлы бол! Аллаһу Акбар!» Мұндай баталарда қариялық қадір қасиет те, ұлағатты тәлім тәрбие де, сонымен бірге, ұлтыңның асылдарын танып өсуге бағыт берушілік те, жоғары талап талғам да баршасы топтастырылып, ұрпақ бойында ізгі қасиеттер қалыптастыруға қызмет етеді. Тағы бір аңдап өскеніміз, халқымыздың көптеген ақын- жыршы, жырауларының өлең жырларына зер салсақ, кейде, ұрпаққа қалдырып кеткен баталы тілектеріндей әсер қалдырады. Мысалы, әйгілі Майлықожаны алыңыз. Жыр термелері халқымыздың ақсақалдық ақ батасындай өріліп отырады: «Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар. Жаман бір адам қартайса, бықсып жанған от болар. Жақсы қария белгісі, жанып тұрған шоқ болар, жаман қария белгісі, қайраңдап қалған сал болар!...» Осылайша өріліп жалғасып кете береді. Ілгеріде ақ бата тек, балаларға, жастарға беріледі деп ұғушы едік, онымыз жаңсақ ұғым екен, кейде, жетпіс, сексенге келген қариялар, еліне, бүкіл төңірегі, аймаққа атағы тараған ауызы дуалы қарияны шақырып алып, арнайы мал сойдырып: «Абыройлы ақсақалымыз едіңіз, атағыңызды малданып өсіп едік, үлкендікке бет бұрып барамыз, өзіңіздей өнегелі болсам ба деймін, абыройлы ақсақалдық бұйыртсын, ақ батаңызды беріңіз!»- деп, өтініш арызын айтып, қалап алдыртқан дейді. Осындай қарттыққа берілген қариялық батаны осы күнгі қарияларымызға, қадам басып келе жатқан қатарластарыма жұғысты болсын деген игі тілекпен ойымды қорытқым келеді: Уа, қариялар, күйлі болыңыздар, ел жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар! Немере, шөбере, шөпшек көріп, тоқсан отау үйлі болыңыздар! Түндеріңіз тыныш болсын, үйлеріңізге ырыс толсын! Ұлдарыңыз десті болсын, келіндеріңіз есті болсын! Орындарыңыз төр болсын, мәртебелеріңіз зор болсын! Әумин!! Баршаларыңызға қадірлі қарттық тілеймін. Досжан Әмір. ҚР судьялар одағының төрағасы.