АТА ЗАҢДЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ

АТА ЗАҢДЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ

Халқымызды зор қуанышқа бөлеген, ел болашағына деген сенімін нығайтқан Конституция – Ата Заңымыздың қабылданғанына да 30 жыл уақыт өтіпті. Отыз жыл, әрине, аз уақыт емес. Еліміздің бас құжатының қабылдануы тарихымыздағы айтулы оқиға болды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз тарихының бастауы іспетті, ел болашағының жолын ашқан, ұрпақ келешегінің зор боларына жүректерге сенім ұялатқан сәулелі шамшырақтай шуағын төкті, ел-жұртымыздың көкірек отын жаққан, еңсесін биік ұстауға үйреткен, асулы кезеңдердің бастаушысы болды. Халық тәуелсіздік лебін сезінді, азаттық ауасымен кеуде кере дем алды. Бұл – қаншама ұрпақтың ғасырлар бойғы көксеген арманы еді.

Жалпы, Тəуелсіз Қазақстанның Ата Заңының тарихы 1993 жылдан бастау алады. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласының ірі тұлғаларының, ғалымдарымыз бен саясаткерлердің қатысуымен дайындалды. Ал енді осы кезеңдерді еске түсіріп, осы айтулы тарихи құжаттың қабылдануына зор еңбегін сіңірген заңтанушы ғалымдарды аса құрметпен есімдерін жаңғыртып отыруды парыз тұтамыз. Өйткені, бұл айтар ауызға жеңіл болғанымен, қаншама төгілген тер мен қисапсыз мол күш-жігерді, ізденісті талап еткен қыруар еңбектің нəтижесі болатын.
Осылайша, заң майталмандарының айрықша белсенділігі мен қажыр-қайрат жұмсалуының арқасында дүниеге келген, халқымыздың өмірінде жарқ етіп, жаңғырған Ата Заңымыздың бастау бұлағында, сөз жоқ, Салық Зимановтай ұлы заңгер-бастамашының тұрғандығын мақтанышпен айтуға қақымыз бар.

Мемлекетіміз бен ел-жұртымыз үшін тарихи құндылығы жоғары осы кезеңнің əрбір сəті ұмытылмауға тиіс. Дəл сол кезеңге дейін, еліміздің ресми құжаттарында «Ата Заң» деген термин мүлде болған жоқ. Бұл ұғым тек «Конституция» атауымен қолданысқа енді. Ал осы қалың тарих қозғаусыз жатқан, аяқты аңдап басқан өліара мезгілде қазақтың Ата Заңдарын түбегейлі зерттеп, қайта жаңғыртуды ең алдымен батыл қолға алған ұлы ұстазымыз Салық Зиманұлы Зиманов болатын.

Ол «Ата Заң» деген қасиетті ұғымды айналымға енгізіп қана қойған жоқ, өзінің ұлағатты да жемісті болған ғұмырындағы ең басты еңбегі «Қазақтың Ата Заңдары» деген он томдық аса көлемді, жан-жақты қамтылған ұлан-ғайыр академиялық зерттеу еңбегін жазды. Бұл заң тарихында бұрын болмаған ұшан-теңіз еңбек болатын. Міне, осыдан кейін ұлы заңгер ғалымды туған халқы төбесіне көтеріп əкетті. Салық Зиманұлын «Қазақ заң саласының абызы» немесе «Заңтану саласының патриархы» деп атап кетті. Бұл Салық Зиманұлының Ата Заңымызды түбегейлі зерттеген, жаңғыртқан, тəуелсіз еліміздің өміріне енгізген қисапсыз сіңірген еңбегіне берілген зор баға, халқының берген биік атағы болатын. Ал туған халқыңның берген атағынан биік мəртебе болмайтынын əркім жақсы түсінсе керек.

Əрине, С.Зиманов өзінің осы аталмыш еңбегіне дейін де қазақ заңтану саласының өрістеуі жолында үздіксіз еңбек етті. Тіпті, өмір бойы ізденіс үстінде болып, бар ғұмырын сарп етті десе де болады. Оған дəлел ол осыған дейін қазақ халқының байырғы əдет-ғұрпын, құқығын, мемлекеттік жəне құқықтық жүйесін зерттеп, билер мен шешендердің билік өнерін ғылыми түрде тыңғылықты зерделеп келген тұңғыш ғалым – заңтанушының бірі ғана емес, бірегейі болды. Бұл қазақта заңтану саласында бұрын еңбектенген ғалымдар болған жоқ деген сөз емес. Кезінде Шоқан Уəлихановтың өзі сот реформасы, заң туралы зерттеу мақала жазғаны белгілі.

Бірақ, Салық Зиманұлы қазақтың заңтану саласын жүйелі түрде зерттеп, бірізге салды, біртұтас үлкен салаға айналдыра білді. Ашығын айтуымыз керек, С.Зимановқа дейін еліміздің заңтану ғылымында осыншалық жүйелі де жемісті, терең тамырлы талдауларға барған ғалымдар жоқтың қасы деуге болады. Осы кезеңдерге дейін қазақ даласындағы алғашқы заң үлгілерінің пайда болуы, Қазақ хандығы дəуіріндегі Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Əз Тəукенің үш жүздің ең таңдаулы төбе билеріне сүйеніп əйгілі Жеті Жарғыны өмірге əкелуі, қазақ билері туралы зерттеулері – оның қазақ елінің үлкен тарихи қоғамдық өзгеріс қарсаңындағы дайындығы іспетті болған сияқты. Осылайша өзінің бар саналы ғұмырын қазақ тарихындағы заңнамалық шежірені жасап, тереңдете зерттеуге арнаған ғұламаның 2004 жылы «Қазақтың Ата Заңдары» /Алматы. «Жеті Жарғы» баспасы. 2004 жыл. Мəдени мұра./ еңбегінің жариялануы ертеден басталған дайындықтың бір қорытынды нəтижесі секілді болып танылды.

Ғалым осы еңбектерін өрістете түсіп, 2005 жылы «Ақиқат» журналының 3-санында «Қазақтың Ата Заңдары жəне оның бастаулары» деген көлемді мақаласын жариялады. Осы бағыттағы тағы бір зор еңбегі «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» кітабы да қазақ даласында заңтану бағытының – билер институтының ежелден қалыптасқандығын паш еткен аса құнды туынды болды. Осындай құнды дүниелерінің өзі біртұтас цикл құрап, қазақ деген халықтың ең бір қастерлі, қасиетті қырларын дүниеге паш етеді. Бұл баға жетпес қазынаға тұнып тұрған еңбектерден біз Салық Зиманұлының сан қырлы, жан-жақты ғұламалық бітім, болмысын ашамыз.

Осы жазба арқылы біз тек ғұламаның ғажайып жаратылысын ашуға талпыныс жасадық. Əдетте, əр дəуірде ғұмыр кешкен əл-Фараби, Абай сияқты кемеңгер перзенттеріміздің болмысына үңілгенде, сан қырлы қасиеттеріне еріксіз тамсанумен боламыз ғой. Сірə, біздің дəуірімізден ол қатарға қоюға лайық тұлғалар деп, Қаныш Сəтбаев, Əлкей Марғұлан, Мұхтар Əуезовтерден кейін Салық Зимановтай заңғар тұлғаны батыл қоса алармыз.

Академик С.Зиманов өмір бойғы жинаған бай білім қоры мен қажыр-қайратын сарқа жұмсап, ойға түйгенін «Қазақтың Ата Заңдары» атты он томдық энциклопедиялық еңбегіне топтастырып, біртұтас дүниеге айналдыру арқылы қазақ заңтануына өлшеусіз үлес қосты. Бұл еңбектің жариялануы қазақ елінің тəуелсіздікке қол жеткізуімен орайласқан, нағыз халқының кəдесіне жараған баға жетпес сыйлық болды. Салық Зиманұлы, демек, халқының тəуелсіздігі жолына бар ғұмырын арнап, осы ұлы мүддеге басын тіккен адам, нағыз ғылым жолында ел мұраты үшін еңбек еткен ғұлама деп айта аламыз.

Əрине, ауқымы зор, ұланғайыр еңбекті тұтас қамтып, талдап шығу мүмкін де болмас. Ғалым қазақтың тарихи маңызы зор кезеңдерін он төрт тақырыпқа сыйғызып, соқыр ға таяқ ұстатқандай, танымдық тұрғыдан сараптап, сипаттап берген. Тараулардың атауларынан-ақ жинақтың қаншалықты құнды екенін аңғарасыз. Он төрт тақырыпқа автор бар айтар ойын, мұрат-мүддесін толығымен сыйғызған жəне бұған кітап мазмұнына үңіле парақтап, зерделеп оқып шыққанда айқын көзіміз жетеді. Тақырып атауларынан аңдағанымыздай, автор өзінің толымды жинағын əлденеше тараптан қамтыған. Бұл телегей-теңіз еңбектен сіз терең тарихи зерттеушілік іздерін де, би-шешендерге тəн сұңғыла көрегендік пен тапқырлық байыптауларды да, ғалымдық зерделілік пен талдап-таразылау шеберлігін де, жазушылық сипаттама, заңғар суреткер, қаламгерлік ұшқыр ой-көзқарас, асқан аңғарымпаздық, жүйрік қиялды көресіз. Осылардың баршасы тоғысып келгенде ғалым еңбегінің құндылығына көзіміз анық жетеді. Байыптап үңілсек, автор бұл мəні зор ауқымды еңбегінің басым бөлігін қазақ даласындағы билер институтының ежелгі дəуірлерден өріс алғандығына баса назар аударған. Біз тарихымыз аяқасты болған империялық қоғамда өмір сүрдік. Тəттіге алданған баладай, қарынның тоқтығын, киімнің бүтіндігін қанағат қылғанымыз жасырын емес. Өйтпеске амалымыз да жоқ еді. Біздерді үлкен тəубешілікке, қанағат, сабырлыққа, темірдей төзімділікке үйретті. Бірақ, осының салдарынан ұлттық мұрат-мүддеміздің, тарихымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың аяқасты болуы орны толмас өкініш еді.

Ал өткен кезеңдерде, қазақ тарихында билердің рөлі аса жоғары болды. Олар қоғамның əділетпен өмір сүруіне күш салды. Қазақ өмірінің тазалық пен əділет, ар-намыс сарапшысы – би-шешендеріміз болатын. Бірақ, кері кеткен қоғамда билеріміздің зор абырой-беделі мансұқталды, олардың адал еңбегі, тарихи рөлі керісінше ұғындырылды.

Осыны терең зерделей білген Салық Зиманұлы аталмыш еңбегінде осы күні кешеге дейін олқы соғып келген тарихи кемістігіміздің орнын толтырып, баға жетпес байыптама зерттеулер жүргізді. Ұлағатты тарихымызда билердің қандай орын иеленгені туралы, олардың халық алдындағы беделінің қаншалықты зор болғаны туралы ғалым аталмыш еңбегінде былайша сипаттама береді:

«... Қазақ даласында би болу оңайлыққа түспеген. Оған күрделі талаптар қойылды. Тек «құдайдың сүйген құлдары» ғана би бола алды. Би боламын деген адам тек жеке қасиеттерімен танылып қана қоймай, бірнеше сатылардан тұратын сыннан сүрінбей өтуі керек болған. Далада əділеттің ақ туын желбіреткен биге табиғат берген қасиеттерден басқа шешендік сөзуарлық, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу, сондай-ақ, «Қасым ханның қасқа жолында», «Есім ханның ескі жолында», Əз Тəукенің «Жеті Жарғысында» көрініс тапқан «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларын жатқа білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нəр алуы секілді талаптар қойылатын...»

Міне, ғалым айтып отырғандай, қазақта би болу талабының осындай ауыр сатылары болған. «Балаби» атанған билердің көп болғаны, олардың тым шикі, балаң шағынан суырылып, таңдайлары тақылдап тұрғаны туралы естіп, оқи жүргенде қатты таңданып қалушы едік. Ал ғалым осы туралы нақты ғылыми тұжырым жасап, миыңа сыналап қағып бергендей байлам айтады:

«...Баласының табиғи дарынын байқаған ата-анасы оған би болу жолында дұрыс бағыт-бағдардағы тəрбие беруге тырысқан. Ең алдымен, отбасында оған қазақтың айшықты сөз өнерін, əдеттік-құқықтық дəстүрлері мен ережелерін үйреткен. Логикалық мəселелерді шешуді, яғни, соттық қызмет барысында кездесетін санқилы өмірлік мəселенің түпкі негізін табуды үйренуіне көмектескен, қисынды сөзбен үйлестірілген жұмбақ сөздің астарын табуға баулыған. Мұндай жеткіншектің ерте бастан белгілі билердің алдын көріп, оларға атқосшылыққа жүріп, «далалық» сот ісін жүргізудің қыр-сырын жас күнінен бастап игеруі өте маңызды шарт болып есептелген». Міне, осы ғылыми негізді сипаттамада қазақ даласындағы əйгілі «Балабилердің» қалай пайда болатынына нақты дəлелді тұжырым жасалғандай.

Академик С.Зимановтың «Қазақтың Ата Заңдары» жинағы – Қазақстанның құқықтық тарихындағы аса маңызды ғылыми еңбек. Бұл жинақ қазақ даласындағы құқықтық мəдениетті, билер сотының рөлін жəне тарихи құқықтық нормалардың эволюциясын жан-жақты талдап, заңдық құжаттар мен тарихи деректер арқылы негіздеген. Бұл жинақ қазақ даласындағы құқықтық жүйенің тек көшпелі өркениетке ғана емес, əлемдік құқықтық мəдениетке қосқан үлесін де көрсетеді.

Салық Зиманұлы қазіргі Қазақстанның құқықтық жүйесінің түп тамыры қазақтың дəстүрлі заңдарында жатқандығын дəлелдеп, ұлттық құқықтық жүйенің сабақтастығын, ежелден жалғасып, үзілмей, тамырласып келе жатқандығын дəлелдейді. Осы тұрғыдан келгенде, біз Салық Зиманұлының «Қазақтың Ата Заңдары» еңбегін тек заңгерлер үшін ғана емес, тарихшылар мен əдебиетшілер үшін де, шығармашылық өкілдері үшін де, ғалым елтанушы, өлкетанушы, қоғамтанушы, зерттеуші ғалымдар үшін де таптырмас көмекші құрал, бағдарламалық маңызы зор құнды да қасиетті еңбек деп бағалар едік.

Қасиетті Ата Заңымыздың атаулы мерекесімен барша сот жəне заң ардагерлерін, əріптестерімізді, ізбасар іні-қарындастарымызды шын жүрегімізбен құттықтаймыз, жəне Салық Зиманұлындай ұлы ұстазымыздың əруағының алдында бас ие отырып, оның ұлағатты өмір жолдарын өнеге етеміз, жастарымызға осындай жемісті, ізденісті, мағыналы, мəнді ғұмыр жолдарын тілейміз.

Досжан ƏМІР, ҚР Судьялар одағының төрағасы