Құрметті әріптестер, қадірлі оқырмандар!
Қазақстан Республикасының Судьялар одағының атынан баршаңызды 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауды қасиетті борыш санаған азаматтарға көрсетілетін зор құрметтің айқын белгісі. Отан қорғаушылар күні – мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға, қоғамдық тұрақтылық пен бейбіт өмірді қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген барша әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің, ардагерлер мен жас сарбаздардың мерейлі күні. Қазақстанның Қарулы Күштері тәуелсіздік жылдарында кәсіби, заманауи әрі қуатты құрылымға айналды. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған күннен бастап, бұл дата ел қорғанысының берік іргетасын қалаған тарихи кезең ретінде айрықша мәнге ие болды. Содан бері Отан қорғаушылар күні мемлекетіміздің егемендігін айшықтайтын маңызды мерекелердің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған реформалар аясында ұлттық қауіпсіздікті нығайту, әскери әлеуетті арттыру, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері басым бағыттардың бірі болып табылады. Әскердің жауынгерлік қабілетін жетілдіру, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру – еліміздің орнықты дамуының кепілі. Бұл бастамалар мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттырып қана қоймай, қоғамдағы сенімді және тұрақты ортаны қалыптастыруға қызмет етеді. Отан қорғау – тек әскери қызметкерлердің ғана емес, әрбір азаматтың қасиетті парызы. Елге адал қызмет ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет. Бүгінде әскери борышын өтеп жүрген жас буын – ел ертеңінің сенімді тірегі. Олардың патриоттық рухы, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген ұстанымы Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімді нығайта түседі. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қорғаныс жүйесі халықаралық деңгейде лайықты бағаланып келеді. Қазақстан бітімгерлік бастамаларды қолдап, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне белсенді атсалысып отыр. Бұл – бейбітшілік пен келісімді басты құндылық ретінде ұстанған мемлекетіміздің айқын ұстанымы. Судьялар одағы ретінде біз де қоғамдағы заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге септігімізді тигізу арқылы ел қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесімізді қосудамыз. Құқық үстемдігі мен әділ сот төрелігі – тұрақты әрі қауіпсіз қоғамның берік негізі. Әрбір әділ шешім – мемлекетке деген сенімді арттырып, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды қадам. Отан қорғаушылар күні – батырлық пен ерлікті ұлықтайтын, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге үндейтін тағылымды мереке. Бұл күн – өткеннің өнегесін еске алып, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін бағалайтын сәт. Ерлік пен елдік дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры әрдайым биік болғай. Құрметті әріптестер,қадірлі оқырмандар! Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, тыныштығымыз бен тұрақтылығымыз мәңгі болсын! Еліміздің қорғаны берік, бірлігіміз бекем болғай!
ҚР Судьялар одағының төрағасы Д.С. Әмір