1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні

Құрметті әріптестер, қадірлі оқырмандар! Қазақстан Республикасының Судьялар одағының атынан баршаңызды 1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – ел ішіндегі ынтымақ пен татулықтың, өзара құрмет пен түсіністіктің, бейбіт өмір мен баянды болашаққа деген ортақ ұмтылыстың жарқын көрінісі. Бірлік күні – сан алуан ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, тағдыр тоғыстырған ортақ Отанымыздың игілігі жолында күш біріктіргенін айшықтайтын айрықша мереке. Қазақстан – түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер жарасым тапқан, келісім мен тұрақтылық салтанат құрған мемлекет. Халқымыздың рухани тұтастығы мен жарасымды татулығы – Тәуелсіздігіміздің берік тұғыры, мемлекеттілігіміздің мызғымас негізі болып табылады. Халқымыздың бірлігі күні елімізде 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен жарияланып, 1996 жылдан бері ресми түрде аталып келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің өзіндік, өміршең үлгісін қалыптастырып, әлемге бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін көрсете білді. 130–дан астам астам ұлт пен ұлыстың татулығы, достығы мен ынтымағы дәріптеліп келеді. Бұл – сындарлы саясаттың, қоғамдық келісімді стратегиялық құндылық ретінде ұстанудың және ортақ жауапкершілік мәдениетінің нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жаңғыру бағыты елдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, заң үстемдігін орнықтыруға және азаматтардың құқықтарын сенімді қорғауға бағытталған. Жүргізіліп жатқан реформалар ашықтық пен әділдік қағидаттарына сүйене отырып, қоғамдағы сенім мен өзара құрметті арттыруға қызмет етуде. Бұл бастамалар Қазақстанның орнықты дамуына және әлеуметтік тұтастығын бекемдеуге берік негіз қалайды. Бүгінде Бірлік күні әрбір қазақстандық үшін ерекше мәнге ие қастерлі мерекеге айналды. Тілі мен діні, салт-дәстүрі әртүрлі болғанымен, баршамызды біріктіретін құндылық – ортақ Отанға деген адалдық пен сүйіспеншілік. Әр этнос өкілі өз болмысын сақтай отырып, ел дамуына үлес қосып келеді. Бұл – халқымыздың кеңпейілділігі мен парасаттылығының, өзара сыйластыққа негізделген қоғамдық сананың айқын дәлелі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бірлік пен келісімнің арқасында елеулі белестерді бағындырды. Экономикалық өрлеу, халықаралық беделдің нығаюы, қоғамдық тұрақтылықтың сақталуы – осының бәрі ел ішіндегі ынтымақ пен өзара қолдаудың жемісі. Қандай жаһандық сын-қатерлер болмасын, халқымыз бірліктің арқасында оларды еңсеріп, даму жолынан жаңылған емес. Судьялар қауымдастығы ретінде біз де қоғамдағы бейбітшілік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етеміз. Әділдік пен заңдылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, әрбір қабылданған шешімде азаматтардың құқықтарын қорғауды, қоғамдағы сенімді нығайтуды және ел бірлігін сақтауды басты мұрат санаймыз. Заң үстемдігі мен әділ сот төрелігі – тұрақты әрі татулығы жарасқан қоғамның берік кепілі. Бірлік күні – өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын тағылымды сәт. Бұл мереке татулық пен төзімділік дәстүрлерін дәріптеп қана қоймай, әрқайсымызға ортақ жауапкершілік жүгін жүктейді. Еліміздің әр жетістігі – өзара түсіністік пен мызғымас достықтың нәтижесі. Бүгінгі буын осы құндылықтарды сақтап, оларды жаңа мазмұнмен байыта отырып, Қазақстанның жарқын келешегін бірге қалыптастыруы тиіс. Бірлік пен келісім – кез келген мемлекеттің табысты дамуының басты шарты. Сондықтан қоғамдағы сыйластық пен татулықты сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Ынтымағы бекем елдің іргесі берік, болашағы кемел болмақ. Құрметті әріптестер мен қадірлі оқырмандар! Сіздерді Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, ырыс-береке, өзара түсіністік пен қуаныш тілеймін. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық мәңгі салтанат құрсын! Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

ҚР Судьялар одағының төрағасы Д.С. Әмір