Құрметті әріптестер, қадірменді оқырмандар!
Қазақстан Республикасының Судьялар одағының атынан барша қарияларымызды 1 қазан – Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – өмір жолы өнегеге толы аға буын өкілдеріне деген құрмет пен ілтипатты білдіретін, олардың ел мен қоғам алдындағы еңбегін бағалайтын тағылымды күн. Қарттар күні – үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау, өмірлік тәжірибесін бағалау және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу сияқты халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл дәстүрлерін айшықтайтын ерекше мереке.
Халықаралық қарттар күні Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 14 желтоқсандағы қарарымен белгіленіп, алғаш рет 1991 жылғы 1 қазанда аталып өтті. Содан бері бұл күн әлемнің көптеген елдерінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың қоғамдағы рөлін айқындау, әлеуметтік әл-ауқатына назар аудару және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында атап өтіліп келеді. Қазақстанда да бұл күн жыл сайын кеңінен аталып, қарттарға құрмет көрсету мен қамқорлық танытудың маңызды дәстүріне айналды.
Қазақ халқы қашанда жасы үлкенді құрметтеп, ақсақалдың батасын, ақ жаулықты ананың ақылын өмірлік бағдар еткен. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген халқымыздың даналық сөзі аға буынның қоғамдағы айрықша орнын дәл көрсетеді. Өйткені қарттық – адамның өмір жолындағы саналы ғұмырының қорытындысы ғана емес, кейінгі ұрпаққа қалдырар өнегесі мен тағылымы мол кезең.
Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуіне, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына өз еңбегімен үлес қосқан ардагерлеріміз бен аға буын өкілдері – қоғамның құрметіне лайық жандар. Олардың маңдай терімен атқарған адал еңбегі, ел алдындағы азаматтық жауапкершілігі мен өмірлік тәжірибесі кейінгі буын үшін әрдайым құнды мұра болып қала береді.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктерінің негізінде аға буынның ерен еңбегі мен табанды қызметі жатыр. Әр салада абыройлы еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Олардың өмір жолы Отанға қызмет етудің, еңбекке адалдықтың, жауапкершілік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі болып табылады.
Әсіресе, судьялар қауымдастығы үшін аға буынның орны ерекше. Сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан ардагер судьялар мен заң саласының білікті мамандарының кәсіби тәжірибесі – кейінгі буын үшін баға жетпес қазына. Олардың заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы көп жылғы еңбегі, әділдік қағидаттарына адалдығы және кәсіби ұстанымы бүгінгі судьялар қауымдастығының қалыптасуына берік негіз қалады.
Аға буын өкілдері жас ұрпаққа тек кәсіби тәжірибесімен ғана емес, өмірлік ұстанымы, парасаты мен адамгершілік қасиеттері арқылы да үлгі көрсетіп келеді. Ұрпақтар сабақтастығы – қоғам дамуының маңызды тетіктерінің бірі. Үлкеннің тәжірибесі мен жастың жігері үйлескен жерде елдің келешегі де кемел болмақ.
Қарттар күні – өткен жолға құрметпен қарап, бүгінгі күннің қадірін түсініп, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды мереке. Бұл күні біз аға буынның ел игілігі жолындағы еңбегін ерекше атап өтіп қана қоймай, оларға деген құрмет пен қамқорлықты күнделікті өмірде де жалғастырудың маңыздылығын түсінеміз.
Қоғамның өркениеттілігі мен адамгершілік деңгейі оның қарттарға деген көзқарасынан көрінеді. Үлкенге құрмет көрсету, олардың әлеуметтік әл-ауқатына көңіл бөлу, өмірлік тәжірибесі мен пікірін бағалау – баршамызға ортақ азаматтық әрі адамгершілік міндет. Қариялардың батасы мен ақылы, өмірлік тәжірибесі мен тағылымы – елдің рухани байлығын арттыратын маңызды құндылық.
Судьялар қауымдастығы атынан аға буын өкілдеріне, ардагер судьялар мен заң саласының ардагерлеріне, барша қарияларымызға зор алғысымызды білдіреміз. Сіздердің ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз, кәсіби мұраларыңыз бен өмірлік өнегелеріңіз кейінгі ұрпақтың жадында әрдайым сақталады.
Құрметті ардагерлер, қадірлі қариялар! Сіздерді 1 қазан – Қарттар күнімен тағы да құттықтай отырып, әрқайсыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, ұрпақтарыңыздың жетістігіне қуанып, әрдайым елдің құрметіне бөленіп жүре беріңіздер!
Әр шаңырақта үлкенге деген құрмет, кішіге деген ізет орнасын! Ақсақалдарымыздың батасы мен ақ жаулықты әжелеріміздің ақ тілегі елімізге әрдайым рухани демеу болсын. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, халқымыздың дәстүрі мен құндылықтары кейінгі буынға аманат болып жалғаса берсін! Барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, отбасылық амандық, береке мен бақ тілеймін. Қарияларымыздың мерейі үстем, абыройы асқақ болсын! Елдің еңсесі биік, бірлігі бекем, болашағы жарқын болғай!
ҚР Судьялар одағының төрағасы
Д.С. Әмір
