"Әділ және сотсыз сот - демократиялық және құқықтық мемлекеттің маңызды іргетасы. Егеменді Қазақстанның негізгі жетістіктерінің бірі - соттар мен судьялардың ресми ғана емес, сонымен бірге нақты тәуелсіздік алу" - Н. А. Назарбаев

Судьялар одағы филиалының Судья әдебі жөніндегі комиссиясы туралы ЕРЕЖЕ

Қазақстан Республикасы

Судьялар одағы

Орталық Кеңесінің

2021 жылғы «28» маусымдағы

қаулысымен бекітілген

 

Судьялар одағы филиалының Судья әдебі жөніндегі комиссиясы туралы ЕРЕЖЕ

 

1. Жалпы ережелер

 

1.1. Осы Судьялар одағы филиалының Судья әдебі жөніндегі комиссиясы туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Қазақстан Республикасы Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі – Судьялар одағы) Жарғысына сәйкес әзірленді.

 

1.2. Судья әдебі жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) сот билігін жүргізуші - судьялардың әдеп, мораль және адамгершілік мәселелері бойынша мүдделерін білдіру мақсатында Жарғыда және осы Ережеде көзделген тәртіппен Судьялар одағы филиалының конференциясы (бұдан әрі – Конференция) құрайды.

 

1.3. Комиссия қызметінің мәні жеке, заңды тұлғалардың және жұртшылықтың өтініштері (бұдан әрі - өтініштер), мемлекеттік лауазымды адамдардың ұсыныстары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі - БАҚ) жарияланымдарында және басқа да ресми ақпарат көздерінде қамтылған мәліметтер бойынша судьяның, төрағаның, сот алқасы төрағасының (бұдан әрі - судья) мінез-құлқыннан көрінген судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауы салдарынан Судья әдебі кодексінің ережелері бұзылып, сот билігі беделінің төмендеуіне және судьяның беделіне нұқсан келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) материалдарды қарау болып табылады.

 

1.4. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын (бұдан әрі – Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заң), Сот жюриі туралы ережені, Судья әдебі кодексін, Судьялар одағының филиалы туралы ережені, осы Ережені, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды басшылыққа алады.

 

1.5. Комиссия өз отырысында осы Ережеге және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келмейтін өтініштерді, ұсынуларды, оларға материалдарды дайындау, зерделеу және қарау тәртібі жөніндегі жұмыс регламентін әзірлеп, бекіте алады.

 

2. Комиссияны құру тәртібі

 

2.1. Комиссияны Судьялар одағы филиалының жоғары органы - шақыру және өткізу тәртібі Судьялар одағының Жарғысында көзделген Конференция құрады.

 

2.2. Конференция Судьялар одағы филиалы мүшелерінің, оның ішінде отставкадағы судьялардың қатарынан жасырын дауыс беру арқылы баламалы негізде жай көпшілік дауыспен екі жыл мерзімге Төрағаны, Хатшыны және Комиссия мүшелерін сайлайды.

2.3. Комиссияның сандық және дербес құрамын конференция айқындайды.

 

2.4. Комиссияның құрамына: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, аудандық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің және Сот жюриінің мүшелері, Судьялар одағы Орталық кеңесінің мүшелері, Судьялар одағы филиалдары кеңестерінің төрағалары, хатшылары және мүшелері сайлана алмайды.

 

2.5. Судьяның Комиссия құрамынан шығуы үшін оның жеке өтініші немесе судьялар конференциясының шешімі негіз болып табылады.

 

2.6. Комиссия құрамының (төраға, хатшы, Комиссия мүшелері) елу және одан да көп пайызы шығып қалған жағдайда, Комиссияның жаңа құрамын сайлау Судьялар одағының Жарғысында және осы Ережеде белгіленген тәртіппен кезекті (кезектен тыс) Конференцияда өткізіледі.

 

2.7. Конференциялар арасындағы кезеңде филиал Кеңесі шығып қалғанның (төраға, хатшы, Комиссия мүшесі) орнына кезекті (кезектен тыс) конференция өткізілгенге дейін қалған мерзімге филиал мүшелерінің бірін Комиссия құрамына біріктіре алады.

 

3. Өтініштерді, материалдарды қарау негіздері

 

3.1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Судьялар одағының филиалы жанындағы Комиссия жеке, заңды тұлғалардың және жұртшылықтың өтініштері бойынша, сондай-ақ мемлекеттік лауазымды адамдардың ұсыныстары бойынша:

1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары мен сот алқаларының төрағаларына;

2) облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына  қатысты Судья  әдебі кодексінің нормаларын сақтау мәселелерін қарайды:

 

3.2. Облыстық немесе оған теңестірілген сот филиалының жанындағы Комиссия  жеке, заңды тұлғалардың және жұртшылықтың өтініштері, сондай-ақ мемлекеттік лауазымды адамдардың ұсыныстары бойынша:

 1) аудандық, ауданаралық, әскери, қалалық және оларға теңестірілген соттардың судьяларына, төрағаларына;

2) облыстық және оларға теңестірілген соттардың судьяларына;

3) облыстық және оларға теңестірілген соттардың сот алқасының төрағаларына қатысты Судья әдебі кодексінің нормаларын сақтау мәселелерін қарайды.

 

3.3. БАҚ жарияланымдарында, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың ұсынуларында және басқа да ресми ақпарат көздерінде, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде қамтылған  судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау салдарынан Судья әдебі кодексінің ережелері бұзылып, сот билігі беделінің төмендеуіне және судьяның беделіне нұқсан келтіруге әкеп соққан судьяның мінез-құлқынан көрінген   іс-әрекет (әрекетсіздік) туралы мәліметтер Судья әдебі кодексін бұзушылықтар жөніндегі мәселені қарауға негіз бола алады.

 

3.4. Жеке, заңды тұлғалар мен жұртшылықтың өтініштеріне, мемлекеттік лауазымды тұлғалардың ұсынуларына, сондай-ақ БАҚ жарияланымдарында және басқа да ресми ақпарат көздерінде судьялардың істерді қарауы кезінде заңдылықты бұзуы туралы қамтылған мәліметтерге, сондай-ақ Судья әдебі кодексінің нормаларын бұзуға жатпайтын судьялардың процестік бұзушылықтарына осы Ереже қолданылмайды, Комиссия қызметінің мәні болып табылмайды және қарауға жатпайды. Олар өтініш берушіге қандай құзыретті органдарға немесе ұйымдарға жүгіну керектігі  тиісінше түсіндіріліп қайтарылады.

 

3.5. Иесі бүркемеленген өтініштер, судьяның Судья әдебі кодексінің нормаларын бұзғаны туралы фактілер (іс-әрекеттің немесе әрекетсіздіктің мәні) жазылмаған өтініштер, сондай-ақ Комиссия олар бойынша жауап берген қайталанатын өтініштер Комиссияның қарауына жатпайды және қараусыз қайтарылады.        

 

4. Комиссияның өкілеттіктері

 

4.1. Комиссия төрағасы:

- Комиссияның жұмысын ұйымдастырады, Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

- Комиссияның жұмыс жоспарларын, отырыстарының күн тәртібін әзірлейді және бекітеді, олардың орындалуын бақылайды;

- келіп түскен өтініштерді, ұсыныстарды, сондай-ақ Судьялар одағы Орталық кеңесінің қоғамдық тапсырмаларын Комиссия мүшелеріне бөледі;

- материалдарды зерделеуге және Комиссия шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысады;

- бірінші жартыжылдық және жыл ішіндегі қызмет қорытындылары бойынша Судьялар одағының Орталық кеңесіне Комиссияның жұмысы туралы есеп береді;

- жыл қорытындысы бойынша Конференцияны, филиал Кеңесін, Судьялар одағының Орталық кеңесін және тиісті облыстық және теңестірілген сот судьяларының кеңейтілген жалпы отырысын судьялардың Судья әдебі кодексінің нормаларын сақтауының жай-күйі туралы және Комиссияның атқарған жұмысы туралы хабардар етеді;

- Комиссияның жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

4.2. Комиссия хатшысы:

- іс қағаздарын жүргізеді;

- Комиссия мүшелерін Комиссия отырысының уақыты мен орны, күн тәртібі туралы хабардар етеді;

- Комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргізеді;

- Төраға болмаған кезде оның міндеттерін атқарады.

 

4.3. Комиссия мүшесі:

- материалдарды зерделейді, шешімдердің жобаларын және сұрау салуларға жауаптарды дайындауға қатысады;

- Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсініктемелер алады;

- Комиссия отырысының хаттамасына тіркеу үшін жазбаша түрде ерекше пікір білдіре алады;

- Комиссия қызметінің мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді.

 

4.4. Комиссия мүшесі:

- Комиссия отырыстарына қатысуға және  оған Комиссия мен Комиссия төрағасы жүктеген қоғамдық тапсырмаларды орындауға тиіс;

- объективтілік пен бейтараптылықты сақтай отырып, судьяның әрекетіне (әрекетсіздігіне) өтініштер мен ұсынымдарда баяндалған уәждерді жан-жақты және сапалы тексеруді қамтамасыз етуге тиіс.

 

5. Комиссия жұмысының тәртібі

 

5.1. Комиссия өз жұмысының тәртібін дербес айқындайды.

 

5.2. Комиссияға мемлекеттік лауазымды тұлғалардан, жеке, заңды тұлғалардан және жұртшылықтан келіп түскен өтініштер, ұсынулар, басқа да материалдар, сондай-ақ судьяның Судья әдебі кодексінің ережелерін бұзуы туралы сыни материалдар (БАҚ-тан көшірмелер мен үзінділер) және басқа да ресми ақпарат көздерінің мәліметтері журналда (қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде) есепке алынуға жатады.

 

5.3. Үлкен қоғамдық пікір тудырған өтініштер, материалдар келіп  түскен жағдайда Комиссия төрағасы құжаттар тіркелгеннен кейін бұл туралы Судьялар одағы Орталық кеңесін бір жұмыс күні ішінде материалдардың көшірмелерін оның ресми мекенжайына жіберу немесе өзге де қолжетімді байланыс құралдары (электрондық мекенжайы, мобильдік қосымшалары және басқалары) арқылы хабардар етеді.

5.4. Өтініштерді, ұсынуларды, материалдарды қарау, Комиссияның олар бойынша шешімдер қабылдауы «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда белгіленген судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімдерін сақтауды ескере отырып, қисынды мерзімде жүзеге асырылады. Қарау мерзіміне қызметтік тексеру уақыты және судьяның дәлелді себеппен жұмыста болмаған уақыты кірмейді.

 

5.5. Комиссия Судьялар одағының Орталық кеңесімен келісім бойынша судьяға қатысты келіп түскен материалдарды қарауды соттың үкімі не істі ақтамайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулысы заңды күшіне енгенге дейін тоқтата тұрады. Мұндай жағдайда тексеру жүргізу заңды күшіне енген сот актісі Комиссияға келіп түскен күннен бастап сот үкімінің немесе қаулысының негізінде қайта басталады.

 

5.6. Комиссия өзінің құзыретіне қатысты материалдарды қарау және мәселелерді талқылау кезінде ашықтық және ерік білдіру бостандығы, жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына кепілдік беру, тараптардың теңдігі, судьялардың тәуелсіздігін сақтау және сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі сот қызметіне араласпау қағидаттарын басшылыққа алады.

 

5.7. Комиссия отырыстарды ашық не жабық нысанда өткізеді.

 

5.8. Судьяның және оның отбасы мүшелерінің жеке өмірі туралы мәліметтердің жария етілуіне жол бермеу мақсатында, сондай-ақ егер материалдарда құпиялылығына байланысты оларға қол жеткізу нормативтік актілермен шектелген мәліметтер болса және өзге де жағдайларда отырыс Комиссияның шешімі бойынша жабық нысанда өткізілуі мүмкін. Отырысты өткізу нысаны (ашық, жабық) туралы шешімді Комиссия жай көпшілік дауыспен қабылдайды.

 

5.9. Комиссия төрағасы келіп түскен материалдар бойынша тексеру жүргізуді Комиссия мүшелерінің біріне тапсырады (материалдарды зерделеу, мүдделі адамдардан сұрау, құжаттарды сұрату және т.б.). Жекелеген мәселелерді пысықтау үшін комиссия төрағасы немесе мүшелері келісім бойынша тексеруге кадр қызметін немесе ішкі қауіпсіздік бөлімін тарта алады.

 

5.10. Тексеру нәтижелері бойынша жазбаша қорытынды шығарылады, ол электрондық түрде немесе қағаз жеткізгіште зерделеу үшін Комиссия мүшелеріне беріледі және Комиссия төрағасы бекіткен отырыстың күн тәртібіне сәйкес ол тағайындаған күні Комиссия отырысында қаралады.

 

5.11. Судьяның Судья әдебі кодексінің нормаларын бұзу фактісі анықталған кезде, осы Ереженің 6.1-тармағындағы тәртіппен шешім шығара отырып, Комиссия отырысында қолда бар материалдарды қарауға өтініш авторының шағымды кері қайтарып алуы кедергі болмайды.

 

5.12. Комиссия отырысына қатысуы үшін әрекеті талқылауға жататын судья шақырылады. Ол отырыс күні туралы хабардар етіледі және тексеру материалдарымен, әдетте, Комиссия отырысы басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын танысады. Ол қаралып отырған мәселенің мәні бойынша өз түсіндірмелерін беріп, зерттеу және материалдарға қосу үшін құжаттарды ұсына алады. Комиссияның отырысына оның қалауы бойынша басқа да мүдделі тұлғалар шақырылуы мүмкін.

 

5.13. Комиссияда әрекеті талқыланатын судья отырыс басталғанға дейін кемінде  үш тәулік мерзімде Комиссия отырысында оның заңды мүдделерін білдіру мақсатында Судьялар одағы филиалы мүшесінің (судьяның, отставкадағы судьяның не зейнеткерлікке шыққан адамның) қатысуы туралы өтінішхатпен, филиал мүшесінің (судьяның, отставкадағы судьяның не зейнеткерлікке шыққан судьяның) оның мүдделерін білдіруге жазбаша келісімін қоса бере отырып, Комиссия төрағасына жүгіне алады. Әрекеті талқылауға жататын судьяның мүдделерін білдіретін адамға (судья, отставкадағы судья не зейнеткерлікке шыққан) осы Ереженің 5.13-тармағында көзделген ережелер қолданылады.

5.14. Судьялар одағы Орталық кеңесі төрағасының тапсырмасы бойынша Комиссияның ашық (жабық) отырысына тексеру материалдарымен танысу және отырысқа қатысу үшін Судьялар одағы Орталық кеңесі мүшелерінің арасынан өкіл жіберілуі мүмкін.

Комиссия отырысында Судьялар одағы Орталық кеңесінің өкілі қаралып отырған мәселенің мәні бойынша жеке пікірін білдіреді.

Комиссияның отырысына қатысқан Судьялар одағы Орталық кеңесінің мүшесі Судьялар одағының Орталық кеңесіне Комиссияның шешіміне судьяның шағымы (ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы, Судьялар одағы филиалы төрағасының шағымы) келіп түскен жағдайда, Судьялар одағы Орталық кеңесінің отырысында тиісті шағымды (ұсынысты) қарау кезінде дауыс беруге қатыса алмайды.

 

5.15. Әрекеті Комиссия отырысында талқылануға жататын судья Судьялар одағының басқа филиалы Комиссиясының қарауы үшін материалдары бар өтінішті беру туралы уәжді өтінішхатпен Судьялар одағының Орталық кеңесіне алдын ала жүгіне алады. Судьялар одағының Орталық кеңесі өтінішхатты қараған уақытта материал бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұрады.

Әрекеті талқылауға жататын судьяның өтінішхатын Орталық кеңес судьяның өтінішхатын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығара отырып, қысқа мерзімде қарайды.

Әрекеті талқылауға жататын судьяның өтінішхаты қанағаттандырылған кезде өтініш пен материалдар Судьялар одағының басқа филиалының Комиссиясына қарау үшін беріледі.

Судьялар одағы Орталық кеңесінің судьяның өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

 

5.16. Теріс қылығы қаралуға жататын судьяның Комиссия отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі, егер оған материалдарды қарау күні туралы уақтылы және тиісті түрде хабарланған болса, материалдарды қарауға кедергі болмайды. Қажет болған жағдайда Комиссия өтініш авторын (бастамашысын) отырысқа шақырады.

 

5.17. Комиссия отырысы қашықтықтан, оның ішінде сауалнама парақтарын, бейнеконференцбайланыс жүйелерін және аудио және (немесе) бейне байланыс құралдарын қолданып, басқа да ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып өткізілуі мүмкін.

 

5.18. Комиссия отырысында тексеру тапсырылған Комиссия мүшесінің баяндамасы тыңдалады, әрекеті талқыланатын судьяға дәлелдерді баяндау үшін сөз беріледі, қажет болған жағдайда шақырылған адамдардың түсіндірмелері тыңдалады, материалдар жария етіледі.

 

5.19. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия мүшелері кеңесу бөлмесінде сыртқы ықпал ету мүмкіндігін болғызбайтын жағдайларда дауыс беру арқылы шешім қабылдайды. Егер отырысқа оның мүшелерінің қарапайым көпшілігі қатысып, қабылданған шешімге қатысушылардың жартысынан астамы дауыс берсе, Комиссия шешімі заңды болады. Дауыстар тең болған кезде өзіне қатысты материалдар қаралатын судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі. Комиссия мүшесі дауыс беруден қалыс қала алмайды. Қабылданған шешіммен келіспеген Комиссия мүшесі Комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркеу үшін ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады. Комиссия мүшелері кеңесу бөлмесінің құпиясын сақтауға міндетті.

 

5.20. Комиссия шешімі жазбаша нысанда шығарылады және оған ерекше пікірі бар Комиссия мүшесін қоса алғанда, отырысқа қатысқан барлық Комиссия мүшелері қол қояды. Дауыс беру нәтижелері бойынша шешімнің қарар бөлігін отырыста төрағалық етуші жария етеді.

Комиссияның ашық, жабық отырысына қатысқан адамдар материалдарды қарау барысында өздеріне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге тиіс.

 

5.21. Шешім бес жұмыс күні ішінде әрекеттері Комиссияның қарауында болған адамға және Судьялар одағының тиісті филиалының төрағасына пошта арқылы не  шешімнің жеткізілуін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

 

5.22. Егер материалдар мемлекеттік лауазымды тұлғалардың ұсынулары бойынша қаралса, оларға шешімнің көшірмесі немесе шешімнен үзінді көшірме пошта арқылы не жеткізілуін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі. Судьяның іс-әрекеттеріне өтініштері Комиссия отырысында қаралған басқа адамдарға, оның ішінде БАҚ өкілдеріне өтінішті қарау нәтижелері туралы жауап жіберіледі.

Егер Комиссия шешімінің мазмұны сот билігінің беделіне нұқсан келтірмесе және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қозғайтын құпия не құпия мәліметтерді қамтымаса, оның көшірмесі БАҚ-қа ұсынылуы мүмкін.

 

5.23. Сот жюриі туралы ережеде көзделген жағдайларда Комиссия шешімінің көшірмесі материалдармен бірге Сот жюриінің құзыреті шеңберінде қарау үшін Сот жюриіне жіберіледі.

 

6. Комиссия шешімдерінің түрлері, қолданылу мерзімі
және жазаны мерзімінен бұрын алу

 

6.1. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия мына шешімдердің бірін қабылдайды:

 

6.1.1. судьяның судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау фактісін тану және:

1.1) судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу үшін материалдарды Сот жюриіне жіберу туралы шешім шығару;

1.2) қоғамдық сөгіс шығару;

 

6.1.2. Судьяның іс-әрекеттерінде судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау және Судья әдебі кодексінің нормаларын бұзу фактісінің анықталмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылады.

 

6.2. Судья әдебі кодексін әрбір бұзғаны үшін теріс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кінәсінің дәрежесі ескеріле отырып, бір ғана жаза қолданылады.

 

6.3. Судьяның судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау фактісін тану туралы Комиссия шешімінің қолданылу мерзімі, егер судьяға қатысты бір жыл ішінде оның теріс қылық жасау фактісін тану туралы жаңа шешім қабылданбаса, ол қабылданған күннен бастап бір жылдан аспауға тиіс.

 

6.4. Судьяның судья әдебіне қайшы келетін  теріс қылық жасау фактісін тану туралы Комиссия шешім шығарған күннен бастап алты ай мерзім өткен соң, өзіне қатысты шешім шығарылған судьяның өтініші бойынша ол Судьялар одағы Орталық кеңесінің шешімімен негіздер болған жағдайда алынуы мүмкін.     

Судьялар одағы Орталық кеңесінің өтінішті қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімі шағымдануға жатпайды.

 

6.5. «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда, Сот жюриі туралы ережеде көзделген тәртіппен судьяға қолданылған тәртіптік жазаны алып тастау туралы мәселелер судьяның судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау фактісін тану туралы Комиссия шешімінің негізінде аталған Конституциялық Заңмен және Сот жюриі туралы ережемен шешіледі.

 

7. Комиссия шешіміне шағымдану

 

7.1. Комиссияның өтінішті қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне өзіне қатысты материал қаралған судья, Судьялар одағының тиісті филиалының төрағасы – хаттамалық шешімді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы – Комиссия қабылдаған шешім туралы өзіне белгілі болған кезден бастап Судьялар одағының Орталық кеңесіне шағым жасауы мүмкін. Шағым беру судьяны тәртіптік жауапкершілікке тартудың құқықтық актілерін белгіленген мерзімдері сақтала отырып жүзеге асырылады.

 

7.2. Комиссияның шешіміне шағым Судьялар одағы Орталық кеңесінің отырысында Судьялар одағы Орталық кеңесінің жұмыс регламентінде көзделген тәртіппен қаралады. Судьялар одағы Орталық кеңесінің шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

 

8. Қорытынды ережелер

 

8.1. Жыл қорытындысы бойынша Комиссия іс жүргізу мәселелерін реттейтін нормативтік актілердің талаптарына сәйкес материалдарды мұрағаттайды және оларды мұрағатта сақтауды қамтамасыз ету үшін филиал Кеңесіне береді.

 

8.2. Комиссия өз қызметін осы Ереженің 2.2-тармағында көзделген өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда немесе конференцияның шешімі бойынша тоқтатады.

 

***